- Advertisement -

Жауынгердің сүйегі елге жеткізілді

21

- Advertisement -

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі Ұлы Отан соғысының жауынгері Қадірбек Дәулетқұловтың сүйегін туған жері – Жамбыл облысына жеткізді. Батыр рухының ұрпақ алдындағы аманатын алып келген Қазақстан Республикасы әуе қорғанысы күштерінің әскери-көлік ұшағын Тараз әуежайында әскерилер салтанатты түрде күтіп алды.

Тағылымдық тамыры терең, тәрбиелік мәні биік, ерлік сарынын жалғаған іс-шара барысында әскери марш орындалып, жас жауынгерлер Ұлы Отан соғысы ардагеріне құрметін білдірді.

Салтанатты рәсімге облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің, сондай-ақ ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты. Айта кетсек, Жамбыл облысының тумасы, жауынгер Қадірбек Дәулетқұловтың сүйегі 2023 жылдың қарашасында Ресейдің «Әулие Ильяс Муромец заставасы» іздестіру тобының күшімен табылды. Олар өлім медальонындағы қосымшада көрсетілген деректер арқылы қазақ жауынгерін анықтаған болатын.

«Бұл сарбазға қатысты әскери мәліметтердің көпшілігі құпия, өйткені Қадірбек Дәулетқұлов Кеңес әскері қатарында шекарашы болып қызмет еткен. Біз оның 1920 жылы Жамбыл облысында дүниеге келгенін, 1943 жылдың жазында Курск бұлғасында қанды шайқаста қаза тапқанын ғана білеміз. Қоғамдық бірлестік өкілдері анықтағандай, Қадірбек Дәулетқұлов отбасын құрмаған. Бірақ, біз қаза болған қазақ жауынгерінің Жамбыл облысында тұратын ағайындарының ұрпақтарын таптық. Оларға жауынгердің сүйегі, сондай-ақ медальоны, дулығасы, сапер күрегі және солдат кружкасы табысталып, әрі қарай Тұрар Рысқұлов ауданында жерлеу үшін берілді,– дейді «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің өкілі Әбубәкір Смайылов.

Марқұмды салтанатты түрде тапсыру рәсімі Жеңіс саябағындағы «Даңқ» залында жалғасты. Қазақстаннан майданға аттанған жауынгер ұрпағына аманатын тапсыру рәсімі «Оңтүстік» өңірлік әскери қызметкерлері мен залға жиналған құрметті қарауыл ротасының сарбаздарына берілді. Жауынгердің туыстары шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

– Соғыс басталғанда туысқанымыз Қадірбек Дәулетқұлов небәрі 21 жаста еді, үйленіп, шаңырақ көтеріп те үлгермеді. Бірақ, біз ағамыз туралы әулеттің үлкендерінен біліп, естіп жүретінбіз. Олар ағамызды, тіпті өзі болмаса да ол туралы кішкене мәлімет болса да үнемі іздеп жүретін. Енді міне, 80 жыл өткен соң, туысқанымыздың сүйегі туған елге оралды. Қадірбек Дәулетқұловтың сүйегін Жамбыл облысына осындай әскери құрметпен жеткізген іздестіру ұйымдарына, сондай-ақ келген әскерилерімізге алғысымыз шексіз,– дейді жауынгердің жиені Оразкүл Дәулетқұлова.

Айта кетсек, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдан бері Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерлерін іздеу және жерлеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Аталған ұйым Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірге 19 сарбаздың сүйегін Отанына жеткізіп, әскери құрметпен жерледі. Қазіргі таңда қоғамдық бірлестікке Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс даласында хабарсыз кеткен туыстары туралы мәлімет алудан үмітін үзбеген ұрпақтарынан жеті мыңнан астам өтініш келіп түскен.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support