- Advertisement -

Төле биге БАТА БЕРГЕН ТҰЛҒА

162

- Advertisement -

Тарих толқынында «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы өзінің өмір шежіресінен сабақ алып отырмаса, өткенін мансұқ көрсе, кешегісін жоғалтса –келешегіне несімен бармақ? Осы тұрғыдан алып қарағанда бірде ауызша, бірде хатқа түсіп осы күнге жеткен халық шежіресінің мәні зор.  Жас ұрпақты барша жұрт аузынан тастамай мақтан тұтатын тарихи тұлғалардың тағылымы арқылы тәрбиелеудің маңызын жоққа шығара алмаймыз. Сондай ел аузында жүрген ерекше тұлғалардың бірі – қалың  Дулат, Жаныс, Жанту  бұтағымен келетін біздің Қыбырай бабамыз.

Қордай жерінің едәуір бөлігін Қыбырай баба ұрпақтары мекендейді. Айталық, Қаракемер, Күнбатыс, Қордайда Қыбырайдың бес ұлының бірі – Қалқаман, одан Көлбай, Қосқұлақ (Ақ машақ, Қара машақ, Шойғара) ұрпақтары, ал мына жағы Қасықтан Бетқайнарға дейінгі ауылдардың барлығында – Бердіке мен Жолайдан тараған Күшік, Балпан, Шомақ, Әйтімбет, Қазы ұрпақтары тұрады. Еламан, Жоламан ұрпақтары қазіргі Түркістан облысы мен Өзбекстанның солтүстік өңірлерінде тұрақтап қалған. Қыбырай бабамыз қазір жер басып жүрген біздерге тоғызыншы, ал балаларымыз бен немерелерімізге онон бірінші ата болып келеді. Шүкір, өзін «Қыбыраймыз» дейтін бауырларымыз қай жерде де баршылық.

Алайда, жалпақ жұртқа аты мәшһүр бұл бабамыз жайлы деректерді әр жерден тірнектеп жинауға тура келді. Қыбырай Жайылмысұлы (1589-1682) Жаныстың шөбересі, Ташкенттен жоғары Шыршық өзенінің оң жағасында тұрды, Есімхан мен Ташкент билеушісі Тұрсынхан соғысқанда Қыбырай батыр Есімхан жағында болған, делінеді. 2004 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Бәйдібек баба – Алып бәйтерек ұрпақтар шежіресінің» «Жаныс» кітабында Қыбырай туралы былай делінген: «Қыбырай би Жайылмысұлы– (шамамен 1589-90 ж.ж.) қазіргі Өзбекстанға кеткен Бостандық ауданы жерінде дүниеге келген. Жанту – Жайылмыс бұтағынан. Қыбырай Қожамберді атаның туған інісі. Ата бұтақтан бері келе жатқан билік жолын тікелей жалғастырушы. Аса сабырлы, кесіп бір-ақ сөйлейтін, ұзақ жасаған адам. 1677-78 жылдары Түркістандағы хан ордасына халық қызметіне аттанған 15 жасар Төлеге ел атынан бата берген. Орыс тарихшылары Алекторов, Румянцев, Левшин, қазақ тарихшысы Тынышбаевтың еңбектерінде Төле биді жастайынан дайындап, ел билігі тағына көтерген Қыбырай Жайылмысұлы екендігі атап көрсетілген.

Зерттеушілердің есебі бойынша ол 1682 ж. 93-тен 94-ке қараған шағында дүние салған. Әз Төле биге дейін биліктің тізгінін ұстаған Қыбырай бидің бейіті Ташкенттен 23 шақырым жердегі Қыбырай ауылында тұр». («Жаныс»- 966 -бет) Ал, 2013 жылы ҚР «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС шығарған «Абылай хан» энциклопедиясында бұларға қоса: «…Қыбырай би 1678 ж. Түркістандағы халық жиынына аттанып бара жатқан 15 жасар жас Төлеге қалың ел атынан бата берген. Төле би Әлібекұлын жастайынан өз қамқорлығына алып тәрбиелеген. Орыс тарихшылары А.Е.Алекторов, А.И.Левшин, М.Е.Массон, қазақ тарихшылары Ә.Диваев, М.Тынышбаевтардың еңбектерінде Қыбырай бидің осы тарихи рөлі нақты көрсетілген. Қыбырайдың қолында (шамамен 1713ж.) бала Әбілмансұр (кейін Абылай хан) дүниеге келген. Әбілмансұр-Абылай ханның Төле би Әлібекұлының айналасында дүниеге келгендігін, ел билігіне Төле бидің тікелей қолдауымен көтерілгендігін тарихшылар жеткілікті дәлелдеген…» деген деректер келтіріледі. («Абылай хан» энциклопедиясы, 362-бет) Қазақ халқының басқа ұлттардан бір ерекшелігі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ата-бабалар шежіресін – өзінің ұлттық тарихын (кодын) жазып қалдыруы. Жеті атасына дейін жатқа білу әр қазақ баласының азаматтық парызы саналған. «Жеті атасын білмеу жетесіздік», «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» деген нақыл сөздер соның айғағы. Ал, Қыбырай бабамыз қазақтың ұлт болып ұйысуына, халық болып қалыптасуына, мемлекеттікті нығайтуға өзіндік үлес қосқан ерек тұлғалардың бірі. Олай деуімізге себеп Жаныс ұрпақтарының даңқы дүркіреген тұс – Төле би Әлібекұлының үлкен саяси аренаға шығуымен байланысты. Қыбырай – Төле биден жетпіс жастай үлкен немере ағасы, яғни Жанту, Жайылмыстан Қожамберді мен Қыбырай бірге туған. Ал, Қожамбердіден Әлібек, одан Төле. Өз дәуірінде Дулат ішіндегі аузы дуалы би, атақты шешен саналған Қыбырайдың қартайып жасы тоқсанға қараған шағында 15 жасар Төле Түркістанға хан ордасына қызметке аттанарда «Үй баласы ма деп едім, ел баласы екенсің. Ауылыңның таңы бол, маңдайдағы бағы бол», – деп берген батасы тарихта қатталып қалған. (Едәуір ұзақ бұл батаның толық мәтінін Төле би туралы және қазақ билерінің баталары жайлы жинақтардан оқуға болады).

Қыбырай бидің батасы қабыл болып Төле би Ұлы жүздің биі, тіпті, қаймана қазақтың төбе биі атанғаны мәлім. Төленің он бес жасынан билікке араласып, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Әз Тәукенің «Жеті жарғы» заңын дайындауға атсалысқаны, он екі жылдай Тәшкеннің билеушісі болғаны, 1726 жылы Ордабасы жиынында Жетісуды жүз жылға жуық жайлаған жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге шақырып, екі жылдан соң Қордай тауының терістік жағындағы үлкен жазықта қазақ қолы жоңғарларды ойсырата жеңіп «қаламақ жеңіліп аңыраған» деп жүріп «Аңырақай шайқасы» атанған шешуші соғыстың дем берушілерінің бірі болғаны, тіпті, «Сабалақ» атты кезінен Төле бидің өкіл баласы қатарлы қолында тәрбие алған, кейін үш жүздің басын қосқан Абылайдың хан тағына отыруы төл тарихымыздың жарқын беттерінен саналатын болса, бұлардың әу басында біздің Қыбырай бабамыздың да тұрғанын көреміз. Мұқаметжан Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкентте жарық көрген «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» атты кітабында: «Қыбырай батыр Төле биді билік тағына отырғызған адам» деп жазылған екен. Осылай ауызша, жазбаша жеткен деректерде Қыбырай бірде батыр, бірде би атанады. Алайда, бабамыз шашақты найза кезенген батыр емес, Үйсіннің ықпалды биі болғаны, Әлібекұлы Төлеге дейін үлкен биліктің тізгінін ұстағаны, бейіті Ташкенттен жиырма шақырымдай жердегі Қыбырай ауылында екені көп айтылады. Алайда, бейітін қанша іздегенмен тап басып мынау екен деген адам жоқ. Қордайдан да Дүйсен Онгелдиев, Маратхан Кенжебаев бауырларымыз іздеп барып таппай қайтқан екен.

– Ташкенттен жиырма шақырымдай жерде өзбекше Кибрай (Қыбырай) деген ауыл бар. Сол ауылдың орталығында Елгиз агач ота (Жалғыз ағаш ата) деген ескі бір бейіт бар екен. Ертеде оның басында жалғыз ағаш өскен көрінеді. Бейіттің тасында әрең көрінетін арабша бір жазу бар, бірақ шырақшы оны оқи алмады. Шырақшының айтуынша, Қыбырай ауданында 49 зират бар. Қайсысында Қыбырай жатқанын білу қиын, – дейді олар. Төле бидің де бейіті Ташкенттегі Шайхонтохур зиратында, басына кесене тұрғызылған. Бірақ, өзбектер кесененің маңдайына «Қалдиргоч би» (Қарлығаш би) деп жазып оны өзбектің биі дейтін көрінеді. Сол сияқты, зираты Науаи қаласы маңындағы Алшын Әйтеке биді де «осы жерде туып, осында өлген өзбек» деп біледі екен. Осы арада «Қазақтың билері неге Өзбекстанда жерленген?» деген заңды сұрақ туады. Оның жауабын ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымының докторы Берекет Кәрібаевтың сөзінен табамыз. «XVII- ғасырда дәл бүгінгідей шекара болған жоқ. Самарқанның бер жағындағы Науаи облысының жерінде қазақтардың ықпалы мықты болды.

1598 жылы Қазақ хандығы мен Мәуреннахрді билеуші әулет Аштарханилер мемлекеті арасындағы келісім бойынша Ташкент аймағы қазақтарға берілді, содан кейін 200 жылдай Ташкент Қазақ хандығының құрамында болды», дейді тарихшы. Өзбекстанның солтүстік облыстарында әлі қазақ, өзбек ұлт болып қалыптаса қоймаған тұста қазақтардың көп шоғырланғанын білдіретін топонимикалық атаулар жиі кездеседі. Өйткені, мал баққан көшпенді қазақтың жайлауы Сарыарқада болса, қыстауы қазіргі өзбек жерінің орталығына дейін көсіліп жатқан ғой. Содан да Ташкент маңындағы Қыбырай және Сіргелі аудандарындағы Бәйітқорған, Оймауыт, Дархан ауылдарында ертеректе қазақтар өмір сүрді, Сырдария мен Жызақта да қазақ Жалайыр, Дулат ауылдары, Самарқан қаласына кіреберісте Жамбай ауданы бар. Ал, Науаи облысындағы Кенемах және Тамды ауылдарында қазір де қазақтар тұрады.

Самарқанның солтүстік-батысындағы Дағбет деген жерде кіші жүздің Төртқара руынан шыққан, сол Самарқанның әмірі болған Жалаңтөс баһадүрдің бейіті бар. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының профессоры, тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабай институт ғалымдары «Өзбекстандағы қазақтардың киелі жерлері» деген экспедиция ұйымдастырып, Жалаңтөс батыр, Төле, Әйтеке билердің қабірлерін зерттеумен қатар, Көктерек әулие, Бабай шертер, Құс қонбас әулие, Зеркет баба, Ақсақ ата, Нұреке әулие, Былғары ата, Еңсе әулие, Шымыр ата, Жыланды ата, Жалаңаш әулие, Қазақмазар т. б. көне мазарлар анықталғанын айтады. Бірақ, арасында біздің Қыбырай атамыз жоқ. Қыбырай баба бейіті табылмауының бір себебі, бұл елде қарқынды жүргізілген «өзбектендіру» саясатының салдары болуы мүмкін. Тіпті, жоғарыда айтқанымыздай, Алты алашқа аты мәлім Төле би, Әйтеке билердің өзін меншіктей жаздаған «өз ағамыз» әсіресе кеңес үкіметі жылдары өзбектендіруге барынша ден қойды. Ашаршылық жылдары аш-жалаңаш босқан елді бір шапан, бір киле қант, қос уыс жүгері беріп, өзбек деп жаздырып қабылдай берген болса, елуінші жылдардан арғы ата-анасының төлқұжатында – қазақ бола тұра, елуінші жылдардан кейінгі туған балаларының ұлтын өзбек деп жаздырғаны да ащы ақиқат. Орталық шешімімен 1934 жылы ауыл шаруашылығын тиімді басқару деген желеумен қазақтардың Тамды, Үшқұдық жерлері өзбектерге берілсе, 1955 жылы Мәскеу (Хрушев) тізеге басып тұрып Қазақстанның Бостандық, Мақтарал, Киров, Жетісай, Шымқорған сияқты шұрайлы бай өңірлерін Өзбекстанға күштеп бергізді. Кейіннен билік басына келген Д.Қонаевтың кірісуімен Жетісай, Киров, Мақтарал аудандары кері қайтарылғаны мәлім. Ал, Қыбырай бабамыздың бейіті бар делінген Қыбырай ауылы Ташкенттің маңындағы өзбектерде қалған бұрынғы Бостандық ауданында болатын. Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағының батыры атанған генерал Сабыр Рахимовтың ұлты қазақ екенін білген бойда Ташкенттегі ескерткішін бұзып, оған берілген үлкен көшенің атын өзгертіп жіберген бұл елдің Қыбырай бабамыздың да бейітін басқа адамға теліп жібермегеніне кім кепіл? Әлгі кезеңкезеңмен жүргізілген «өзбектендіру» науқанының салдарынан қаншама қазақ бауырларымыз, оның ішінде Қыбырай ұрпақтары да өзбекке айналып кетпеді десейші. Қыбырай би туралы деректерді іздестіру кезінде «Google» желісінен Джамиля Стехликова деген чехиялық азаматшаның жазбалары кездесті. «Нашим прямым предком был Кыбырай би Жайылмысулы, из рода Дулат, блестящий оратор, поэт, и би (судьяпосредник). Кыбырай би известен как наставник великого Толе би и продолжатель традиций справедливого управление родом. Кыбырай би отличался образованностью, поэтическим талантом, терпеливостью, краткими и емкими высказываниями. Упоминается в трудах китайских и русских авторов, в.т.ч. выдающихся русских востоковедов А.И.Левшина и А.Е.Алекторова» деп жазады ол. Бұдан әрі Қыбырай бидің қазақ тарихына бәрінен бұрын Төле бидің ұстазы ретінде енгенін, жас шәкіртін Ұлы дала мәдениетіне, сөз өнеріне, әділдік пен ұлттық құндылықтарға тәрбиелеудегі рөлін баса көрсетеді. Қыбырай бидің Төлеге берген батасын да келтіре келіп оның орысша мазмұнын беруді де ұмытпайды.

Бұны жазып отырған Жәмила Ордабаева-Стехликова 2002 жылы 91 жасында өмірден өткен қаракемерлік Баймұқан Ордабаевтың немересі. Б.Ордабаев қазақ журналистикасының қарлығаштары қатарында 1930 жылдан бастап «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде еңбек етіп, кейіннен ұзақ жылдар «Қазақстан коммунисі» журналының редакторы болған кісі еді. Оның бір ұлы Алмас Ордабаев «Қазақстанның Құрметті сәулетшісі», этнограф ғалым. Жәмила, міне осы Алмастың қызы, Мәскеу медицина институтын бітіріп чех азаматына тұрмысқа шыққан. 20072009 жылдары Чехия Республикасының Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесі жөніндегі министрі болып қызмет атқарған. Қыбырай бабадан тарап атағы алысқа кеткен бауырларымыз, шүкір, аз емес. Осы Қордай өңірінен ғана жүздеп келтіруге болады. Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер Дәурен Әбіров, Қордайда кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан Мақсұт Өтелбаев, композитор Өмірбек Байділдаев, бүгінде сексен екі жастағы атақты математик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Мұқтарбай Өтелбаев, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» Есімқұл Халықбаев, жазушы-баспагер Әшірбек Көпіш, техника ғылымдарының докторы Ерік Бесімбаев, ТарМУ-дің доценті Әбдімәлік Сағынбеков, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген әртіс Асқарбек Сейілхан, қазақ теледидарының ардагері Гүлмәрия Барманбекова, Қордай ауданында ұзақ жылдар бойы жауапты қызметтер атқарған Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов, кәсіпкерлер Маратхан Кенжебаев, Мұрат Қибеков, шаруашылық басшылары Дүйсенхан Онгелдиев, Жұмабек Есжиғанов, Салауат Бақаев, Мейрамбек Мақұлбаев, көптеген басқаларын атауға болады.

Қыбырай есіміне қатысты кейбір күмәнді пікірлердің де барын айтпай кетуге болмас. Осыдан бірнеше жыл бұрын бетқайнарлық Әбілез Ауғанбаев ағамыз (марқұм): «Қыбырай қартайғанда бар билікті Төле биге беріп, кіші баласы Жолайдың қасына келіп, немересі Шомақтың қолында қайтыс болды, Бейіті Қақпатас ауылының жанында, 25-25 метрлік дуалмен қоршалған. Кейін шөбересі Тілешті сол бейітке қойған. 2000 жылы бейітті Балпандар темірмен қоршап құран оқытқан. Сонымен, Қыбырайдың қара шаңырағы Шомақтардың қолында, Қырғызстанның Нижне-Чуйский деген елді мекенінде тұратын Есенқұл деген кісінің үйі қара шаңырақ», – деп жазып газетке беріпті.

Мұндағы мақсаты атын қазақшалай алмай көп уақыт созбалаңға салынып келген Степное ауылына Қыбырай би атын беру екен. Ташкенттен сабылып таппай жүрген Қыбырай бабамыздың бейітін үйіміздің жанынан тауып бергеніне жұрт әрине сенген жоқ, қисынсыз әңгімеге балап біраз даурығып барып басылған. Тағы бірде Қазақстанның халық әртісі, атақты театр және кино актері, жаныс, ошақты тармағынан Тұңғышбай Жаманқұлов болса: «Абылай хан Дулат руынан шыққан Жаныс» деп Бұқар жыраудың әйгілі «Ай, Абылай, Абылай!» деп басталатын жырындағы: «Мен сені көргенде, Түркістанда жүр едің. Тұрымтайдай ұл едің, Төле бидің түйесін баққан құл едің. Жаныс Қыбырайдың үйінде, Түнде туған ұл едің. Әкең күмән әуелде, Оны да мен білемін…» – деген жолдарды алға тартады.

Бірақ, бұл толғаудың баспа бетін көрген қайбір нұсқаларында да «Жаныс Қыбырайдың үйінде» емес, «Жаныс Қарабайдың қолында» деп тұр. Шапырашты Қазыбек бектің сонау XVIII ғасырда жазылып бүгінге жеткен «Түп-тұқианнан өзіме шейін» деген кітабында да солай «Қарабай» делінген. Бірақ, бұл кітапта Төле мен Қазыбек билер бірде оңашалап Қазыбек бек Тауасарұлына Абылай ханның шыққан тегі туралы шындықтың сырын ашатыны бар. Соған сүйеніп оның «Қарадан шыққан хан Абылай» деген кітап жазғаны айтылады. Ал, жазушыпублицист Әшірбек Көпішев: «… абыз жырау Бұқар Қалқаманұлының жырындағы Қарабай деп отырғаны – Қыбырай екені күмән тудырмайды. Өйткені, Төле би Әлібекұлының арғыбергі жеті атасында Қарабай деген қарияның жоқ екені, тіпті Төле биге дейінгі ата бұтақта – Жаныс ішінде Қарабай деген адамның болмағандығы шежіреден белгілі. Ал, Төле бидің тікелей бабасы Қожамбердінің туған інісі – Қыбырай би ел құрметінде болғандығы тарихи ақиқат» дейді. Бұл да ойлантпай қоймайды. Сөз соңында мына мәселеге жұрт назар аударғымыз келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы (2023 ж.) наурыз айында әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен өткізген кеңесте (әдейі толық келтіріп отырмыз): «Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс.

Орынсыз шешімдерге республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар. Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр» – деген ескерту айтты.

Осыдан кейін Қыбырай бабамыз атында қор ашып, енді еңселі ескерткішін орнатсақ деп жүрген бастамашыл топтың беті қайтып қалғандай. Бірақ, Президент ескертуінің бұдан үш- төрт ғасыр бұрын өмір сүрген, Алты алаш ардақтаған Төле би заманында оның рухани ұстазы болған Қыбырай биге қатысы қанша? Әңгіме кешегі кеңес үкіметі жылдары атқа қонған үлкендікішілі партия-совет қайраткерлеріне қойылып жатқан ескерткіштер туралы емес пе?..

 

Құрманбек ӘЛІМЖАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Қордай ауданының Құрметті азаматы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support