- Advertisement -

«Біздің мақсат — қылмыстың алдын алу жəне оған қарсы күресу»

47

- Advertisement -

Облыстық полиция қызметкерлерінің табанды, шұғыл әрекет етуінің нәтижесінде өңірімізде қылмыс саны төмендегені байқалады. Осы ретте облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзинмен өткен жылы қылмысқа қарсы күресте, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмыстары жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Арманбек Хакімбекұлы, өткен жылды қорытындылай келе, жаңа жылда жұмыс басымдықтарына тоқтала кетсеңіз.

– Біздің бір ғана түпкі мақсатымыз –  қылмыстың алдын алу жəне оған қарсы күресу, жедел-іздестіру жəне профилактикалық қызметтің сапасын жақсарту болып қала береді. Біздің департамент туралы айтқанда, бұл – біртұтас, мобильді жəне техникалық жабдықталған құрылым екенін түсіну қажет. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтардың жалпы саны 8,3 пайызға төмендесе, 2023 жылы төмендеу 15 пайызды құрады. Атап айтқанда, ауыр жəне аса ауыр қылмыстар саны 19,4 пайызға азайды. Яғни, қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтар 19, мас күйінде жасалған бұзақылықтар 8,6, кəмелетке толмағандармен орын алған қылмыстар 28,1, адамдар тобымен 13, қару қолданумен жасалатын қылмыстар 53 пайызға төмендеді. Адам өлтіру, тонау, бұзақылық, ұрлық жəне оның ең көп таралған түрлері: пəтер ұрлығы, қалта, ұялы телефон, мал ұрлықтарына қатысты қылмыстарды ашу деңгейі артты. Қысқаша айтсақ, көрсеткіштер қылмыстық жағдайдың тұрақтылығын білдіреді.  Осындай қарқынмен əрі қарай жұмыс істейтін боламыз. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі проблемалық-бағдарланған тəсілді енгізе отырып, қылмыстың алдын алудың толыққанды жүйесін қалыптастыру міндетін қойды. Қазір азаматтармен ашық қарымқатынасқа, қызметкерлердің жеке дамуына, меритократия қағидатын нығайтуға жəне жеке құрам арасында моральдық-психологиялық ахуалды арттыруға баса назар аударылуда.

– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарына жаңа технологияларды жəне цифрландыруды енгізу қандай өзгерістер əкелді?

– Біз полиция қызметін цифрландыруды кезең кезеңімен дамытып келеміз. Бұл құқықбұзушылықтардың алдын алуға жəне қылмыстарды жедел ашуға мүмкіндік береді. Біздің департамент озық технологиялармен жабдықталған. Мысалы, Полиция департаменті  Жедел басқару орталығында қызметкерлердің күнделікті жұмысына көмектесетін аналитика функциясы бар «Брифкам» бағдарламасы орнатылған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолында автоматты режимде жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 25 экипаж патрульдейді. Бүгінгі таңда апаттар жиі болатын республикалық трассалардың учаскелерінде «Автоураганның» 22-сі орнатылды, 25 «Арқан» жəне «АвтоСканнар» мобильдік кешені жұмылдырылды, ал қалада «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені 48 бекетте орнатылды. Облыс бойынша жол қауіпсіздігін бақылау үшін жалпы 420 камера пайдаланылады. Сондайақ, қалалық патрульдік полиция батальонына 25 электромобиль алынды. Электромобиль машиналарын сатып алу – бұл уақыт талабы жəне ең бастысы, біздің экологияға ұқыпты қарау. Техникалық қызмет көрсету бойынша есептеу барысында əрбір электромобильден 600 мың теңге бюджет қаражатының үнемделуі болды. Бұл автокөліктің жанар-жағармаймен жүрмеуіне, ішкі жану қозғалтқышының жəне басқа да құрылымдық ерекшеліктердің болмауына байланысты қосымша жөндеулер мен шығындар қажет емес. Сондай-ақ, тағы бір артықшылығы – қашқан көліктерді қуғанда жылдамдықты тез арттыра алатындығы болып тұр. Біз облыстың автожолдарында жол-көлік оқиғаларын 16,6 пайызға, зардап шеккендер санын 13,5 пайызға, қаза тапқандар санын 1,4 пайызға төмендете алдық. Бірақ, көрсеткіштердің төмендегеніне қарамастан, шындығына келгенде біз қуана алмаймыз. Өйткені, əрбір санның артында адамдардың өмірі мен тағдыры тұр. Əрбір жол апаты – қаншама отбасылар үшін  орны толмас қайғы. Бүгінде кейбір отбасыларда бірнеше автокөлік бар. Көптеген ата-аналар балаларына көлік сатып əпереді, алайда көлік жүргізу мəдениетіне тəрбиелеудi назарға алмайды.  Ең бастысы, оларға тек өздері үшін ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін де жауапкершілікте болу сезімін ояту керек. Өйткені, ережелерді сақтамау – үлкен қауіптің бірі болып табылады жəне қайғылы жағдайларға əкеп соғады. Жылдың жылы мезгілдерінде электросамокаттар мен скутерлер алаңдатушылық туғызады. Жастар жол қозғалысы ережелерін сақтамай, қаланың жəне облыстың автожолдарымен өздеріне жəне басқаларға қауіп-қатер төндіре отырып жүреді. Нəтижесінде, бір жыл ішінде жаяу жүргіншілерді соғып кетудің 383 дерегі тіркелген. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолдан өту ережелерін жиі бұзады. Азаматтар, балалары бар ересек адамдар бұзушылық жасап, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтетін жағдайлар көптеп кездеседі. Біз балаларға үлгі болу керекпiз. Оларды ережелерге сəйкес өтуге үйрету керек. Егер жас аналардың өздері кішкентай балаларын арнайы креслосыз алдыңғы орындыққа отырғызып, не қауіпсіздік белдігін бекітпей, əрі көлік құралын басқара отырып, телефонмен сөйлесетін болса, біз балаларға қандай үлгі көрсетеміз. Жалпы, бүгінгі кездесуіміз облыстың полициясы мен халық арасындағы диалог үшін жақсы көпір. Мен автокөлік жүргізушілерін, сондай-ақ, барша азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамын жəне оларды үйде күтіп отырған жақындары бар екенін еске салғым келеді. Цифрландыру туралы айтатын болсақ, киберқылмыспен күрес жөніндегі жұмысқа қысқаша тоқталғым келеді. Қылмыскерлер өздерінің алаяқтық схемаларын əр уақытта жетілдіріп отыратындығын ескере отырып, Ішкі істер министрлігі «Киберпол» пилоттық жобасын іске қосты. Оның шеңберінде департаментте өңір тұрғындарын интернет-алаяқтардың айлаларынан хабардар ету, ескерту жəне қорғау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. «Киберпол» бөлімшесі жүргізген арнайы операциялардың қорытындысы бойынша 61 кəсіби алаяқ ұсталды, оның ішінде 28-i басқа өңірлердің тұрғындары, өзге өңірлерден 226 «дроппер» анықталды, олар арқылы алаяқтық схемаларын ұйымдастырушылар анықталуда. Өткен жылдың басынан бері барлығы 211 интернет-алаяқтық фактілері тіркелді. Полиция қызметкерлерiмен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың ауқымына қарамастан, алаяқтардың қарапайым азаматтарды алдап кетуi тыйылмай тұр. Бұл мəселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп, халық үшін «Алаяқтар» атты фильм шығарылды. Фильмде алаяқтардың іс-қимыл схемалары өте дəл көрсетiлген. Департамент бұл бағытта да жұмыс жүргізуде. Əлеуметтік желіге осы мазмұнда 45 бейнеролик дайындалып, 110 мың жадынама мен буклеттер шығарылды, аталған бейнематериалдар біздің облыс бойынша учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсететін аумақтағы үйлердің чаттарына, мессенджерлерге  таратылды. Бұл бағыттағы жұмыс 2024 жылы да күшейтілетін болады.

– Облысымыз туралы айтатын болсақ, əйгілі «Шу алқабын» айналып өте алмаймыз…

– Иə, өкінішке қарай, Шу алқабы көптеген жылдар бойы өзекті мəселе болып қалуда. Бұл бағытта біз азаматтық белсенділермен жəне ғылыми қоғаммен тығыз жұмыс жасап, күрес стратегиясы мен тактикасын арттырудамыз. Көптеген жылдардан бері алғаш рет Қазақ өсімдіктерді қорғау жəне карантин ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Ерікжан Бадаевпен жəне экономика ғылымдарының кандидаты Серік Құлмановпен бірлесіп гербицидтерді пайдалана отырып, қарасораны тиімді жоюды зерттеу мəселелері пысықталды. 1989 жылғы есептеулер бойынша жабайы қарасораның өсуi 138 мың гектардан астам жерді құрайды, содан бері, яғни КСРО кезінен бері зерттеулер жүргізілмеген. Облыс əкімдігінің қолдауымен өткен жылы зерттеулер жүргізіліп, нəтижелері бойынша өсу ауданы 62 мың гектарды құрады. Департаментпен есірткі құралдарын дайындау, тасымалдау жəне өткізудің жолын кесу бойынша бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. 2023 жылы 562 есірткі құқықбұзушылығы анықталды, 5 тонна 837 келi есірткі тəркіленді, 2022 жылмен салыстырғанда заңсыз айналымнан 2 тонна 242 келіге артық есірткі заттары тəркіленді. Полиция департаментінің базасында «НаркоШектеуТараз» телеграмм боты іске қосылды, жұмыс істеген сəттен бастап 1587 хабарлама келіп түсті. Оның 1388-і интернет кеңістігінде орналасқан сайттар бойынша. Аталған сайттардың 922-сi бұғатталды жəне 466-сына қатысты бұғаттау жүргiзiлуде.

– Қазiргi қоғамда отбасылықтұрмыстық қатынастар өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Бұл жөнiнде не айтасыз?

– Дұрыс айтасыз, қазір бұл тақырып белсенді талқылануда жəне ішкі істер органдарының жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап полиция өтініш берушіден отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көшті. Өткен жылы осындай 47 қылмыс анықталды, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 38 дерек болған, статистикалық тұрғыдан біз тіркеудің 23,7 пайызға өскенін байқадық. Бірақ, іс жүзінде бұл өсім осы қылмыстардың барлығы өзіміз анықтағандары ғана десек болады. Полицейлер құқық бұзушыларды анықтап қана қоймай, отбасылықтұрмыстық қатынастар саласында оны жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды да анықтайды. Қабылданған шаралармен Қазақстан Республикасы əкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің  73бабы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы əрекеттері үшін 1670 адам, Қазақстан Республикасы əкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 461-бабы бойынша 160 адам жауапқа тартылды, оның 74-і əкімшілік қамауға алынды. Құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды орындамағаны үшін 98 адам Қазақстан Республикасы əкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің  669-бабы бойынша əкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2023 жылы дағдарыс орталықтарына 165 бала мен 68 əйел орналастырылды. «Ана үйі» орталығына баласы бар 23 əйел жіберілді. Отбасындағы жағдайдың бала тəрбиесіне де бiрiншi кезекте əсер ететінi белгілі. Осыған орай, өткен жылы кəмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар түрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін жүргізілген рейдтік жəне профилактикалық іс-шаралардың нəтижесінде полиция бөлімдеріне 7602 жасөспірім жеткізiлді. Бұл атааналардың балаларына тиісті көңіл бөлмеуi жəне оларды бақылаусыз қалдыруын көрсетеді. Кəмелетке толмағандар өздерінің  мəселелерін туыстары мен жақындарына қарағанда біздің ювеналдық полиция қызметкерлеріне көбірек сенетін жағдайлар жиі кездеседі.

– Сөз соңында, полиция мен халықтың сенімді қарым-қатынасы тақырыбына тоқталсақ.

– Бұл жерде мен полицияның сервистік моделінің рөлін атап өткім келеді. Оның негізгі мақсаты – сапалы қызмет көрсету жəне халықпен сенімді қарым-қатынас орнату болып табылады. Осы бағдарламаны іске асыру аясында мен жəне қалалықаудандық полиция бөлімдерінің бастықтары азаматтармен тұрақты түрде қабылдау өткіземiз. Өткен жылы мен 423 азаматты, ал аудандық полиция бөлімдерінің басшылары 1329 азаматты қабылдады. Тұрғындардың өтініштерiнің басым бөлігі заң аясында оң шешімдерін тапты. Бұл кездесулер полиция жұмысына қатысты сынға уақытында жауап беруге жəне кемшіліктерді жоюға көмектеседі.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан Нұржан ƏЛІШ.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support