- Advertisement -

Жеңге, сізді ұмытпаймыз…

45

- Advertisement -

Жаңа жылдық демалыс күндерін пайдаланып Үшаралға бет алдық. Жақында ғана бақилық болған Күміс алқа иесі Ақжарқын Жазықбайқызының отбасына, перзенттеріне көңіл айтуға жолға шыққанбыз. Көз алдымда марқұм жеңешемнің бейнесі, ал, өнегелі сөзі ойымнан кетер емес.

Шіркін-ай! Қандай жақсы адам еді, асыл жеңгем! Ақжарқын десе – Ақжарқын! Үйіне барсақ қуанып қарсы алып, елпілдеп жүгіріп, құрақ ұшатыны ше? «Келмей кеттіңдер, жиен!» деп қарақат көздері күлімдеп, зілсіз қарайтыны да шынайы еді. Перзент дегенде, Ғазиз нағашы екеуінің алты қызы бар. Қыздары бірінен бірі өткен ақылды, бірінен бірі өткен сыпайы, инабатты. Нағашы ағам мінезі ауыр, салмақты кісі. Ол кісінің сөйлеген сөзін күтсең, ішің пысады. Аузынан сөзді сұрап аласың. Ал, Ақжарқын жеңгем болса – ашық, жайдары, емін-еркін. Кісіні жатырқамайтын көркем мінезге бай еді. Енді айтуға аузымыз да бармай, қара жерге өзі түгілі тырнағын да қия алмайтын жеңгемді жоқтап, еңіреп отырған жақындарын жұбатуға бара жатырмыз.

… Ақжарқын жеңгем 7-8 ай бойы ауырған екен. Бұл жағдайды біз естімеппіз. «Бақилық болды» деген суыт хабарды естіп, есеңгіреп қалғанымыз рас. Сол күні жер-дүниенің бәрін ақ ұлпа қар басқан. Бет қаратпайтын аяз. Табиғаттың өзі аппақ әлемге аялап алып кеткендей, табиғаттың өзі жеңгейді жоқтап, борандатып тұрғандай. Үшаралға жеттік. Қазақы дәстүрмен дауыс шығарып, марқұмның ет жақын адамдарына көрістік.

Жұбайы Ғазиз, әйелдер жағынан енесі Мамық әже, Гүлфайруз,Феруза, Ақнұр бастаған қыздары егіліп отыр. Біздің де жүйке-жүйеміз босады. Бір сәт осы шаңырақ Ақжарқын жеңгеммен мәнді- мағыналы болып елестеп кетті. Жеңгейге құт болған, жеңгей құты болған шаңырақта көңілімізді зіл басып, көз жасына ерік бердік.

Қанша сабырлы болайын десең де, мүмкін емес. Жеңгем ұстаған құман, жеңгем ұстаған ыдыс, жеңгем жүрген бөлмелер аяулы жанға деген сағынышты үдетеді. Бірақ, амал жоқ, көнеміз. Асыл жеңгем енді арамызда жоқ. Бәлкім, жәннаттың жасыл бағында жүрген болар! Ондай кісілер Жаратушы қаласа пейіштің төрінде жүруі тиіс. Өз басым солай ойладым. Өзімді де, өзгені де солай жұбаттым. Ал, қыздарының бойынан Ақжарқын жеңгемнің аңқылдаған асыл қасиеттерін байқап, шүкір еттім.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support