- Advertisement -

Әлеуеттің әлеуметтік жағдайы жақсарады

44

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген тақырыппен облыстық «Aq jol» газетінде ауқымы мен салмағы зор ашық сұхбаты жарияланды. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде берген сұхбатта қазіргі таңда қордаланған біраз мәселенің көтерілгенін аңғарамыз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейінгі барлық үндеулері мен халыққа Жолдауларында ұлттың тағдырын, елдің болашақтағы даму бағытын, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру механизмдерімен бірге әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін бастапқы орындарға қойып келеді.

Дамыған мемлекеттің межесі тек сарабдал сыртқы саясатымен, тегеурінді экономикасымен ғана өлшенбесе керек. Табысты ел болудың кепілі әлеуметтік жағдайлармен де сараланады. Осы орайда сұхбатты оқу барысында соңғы бір-екі жылдың өзінде елімізде көптеген айтулы оқиғалар орын алып, халық мүддесіне сай қызмет ететін саяси реформалар біртұтастықпен және жүйелілікпен жүзеге асырылып отырғандығына көз жеткіземіз. Әділетті Қазақстан ұстанымдарымен сай келетін Конституциялық сот туралы заң, мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудағы өзгерістер, аудан және облыстық маңызды аймақтардың әкімдерін сайлау демократиялық тұрғыда жүзеге асырылғандығының куәсі болып отырмыз.

Қазіргі таңда әлем елдерінде жаһандық бәсекелестік қарыштап дамыған сайын біздің қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық салаларда нақты өзгерістер орын алып отырғаны жасырын емес. Сонымен бірге адамдардың санасы жаңарды, құндылықтар өзгеру үстінде. Сондықтан да ел Президентінің сұхбаты елдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерге арналғандығымен қазіргі таңда өзекті әрі халқымызды алаңдататын күрмеуі қиын  мәселелерді шешудің кілті болды деп айтуға толық негіз бар.

Бұлардың ішінде әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету, денсаулыққа зиянды еңбек жағдайында қызмет ететін тұлғаларды, мемлекеттік деңгейдегі халық пен оны қоршаған ортаны қорғайтын азаматтарды қолдау жүйесі Президенттің басты назарында болған.

Қазіргі халықтың табысы саналатын жалақыны өсіру, тұрмыстық әлеуетін жақсарту, қоғамға ең қажетті өмір сүруге жайлы ортаны қалыптастыру, азаматтардың сұранысына сай мемлекеттік аппарат құру, ішкі саясаттың тиімділігін арттыру және әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістерге атсалысуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа міндеттер халықтың көкейінде жүрген көптеген сауалға берілген нақты жауап десек, қателеспейміз.

Ел Президенті журналистпен ашық диалог құру барысында елдегі әрбір жағдайды егжей- тегжейлі мұқият бақылауында ұстайтынын аңғардық. Кемел келешегіміздің ертеңі – жас ұрпақтың білімі мен білігіне, ғылыми әлеуетіне байланысты екендігі барлық қоғамдық даму кезеңдерінде өзекті болып отырғандығын негізге алсақ, соңғы екі-үш жылдың көлемінде еліміздің барлық аймақтарындағы білім ошақтарының қолжетімділігін арттыру, «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуы барша халықтың жүрегіне жол тапқандығын көзбен көріп отырмыз.

Білім саласында бұрыннан қордаланып келген орын тапшылығы мәселесінің оңтайлы шешімінің табылуы, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесінің кезең-кезеңмен бір жүйеге келуі, пәндік кабинеттер мен компьютерлік сыныптардың заманауи жабдықталуы, оқушылардың тәжірибелік, зерттеу жұмыстарын меңгертуге қажетті зертханалар мен еңбекке баулитын шеберханаларды жандандыру ісі алдағы уақытта да дами беретін болады. Оқушыларды қолдау, оларды арнайы автобустармен мектептерге тасымалдау үлкен қалаларда жүзеге асырылып, алдағы жылдары барлық өңірлерде жалғасын таба беретініне көзіміз жетіп отыр.

Барша қазақстандықтың көкейінде жүрген ұлттық қордан балаларға қаржы бөлу мәселесі де еліміздегі халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың жарқын үлгісі болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы берген салаларының бірі – еліміздің рухани құндылықтарын паш ету, көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру, тарихымызда ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету мәселесі жан-жақты пысықталды.

Тегеурінді ұлт болудың негізі халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты десек, өмір сүру деңгейін арттыру мен білім беруді дамыту, денсаулық сақтау саласын оңтайландыру, билік пен халық арасында қолжетімді диалог орнату әрбір елім деген азамат үшін аса маңызды. Енді алда тек табандылықпен жұмыла іс жасау қажет.

 

Дархан БАЙДАЛИЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия және саясаттану факультеті, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты.

Алматы қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support