- Advertisement -

Меркіде мектеп салынуда

39

- Advertisement -

Облысымызда Amanat партиясы фракциясының мүшелері, мәжілісмендердің халықпен кездесулері басталды. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде берген сұхбатта қазіргі таңда қордаланған біраз мәселенің көтерілгенін аңғарамыз.

Халық қалаулылары партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру сапасын талдауға ерекше назар аударуда. Мәселен, өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова Меркі ауданы, Ойтал ауылындағы №48 мектеп жанындағы 200 орындық қосымша мектеп құрылысымен танысты. Өткен жылдың тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары биыл тамыз айында аяқталады. Құрылысқа жауапты мердігер – «АгроСпецСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 680 миллион теңге бөлінген құрылыстың бірінші қабаты толығымен біткен. Өз кезегінде, халық қалаулысы ауданның жауапты мамандары мен мердігер компанияның өкілдеріне жұмысты сапалы жүргізуді тапсырды.

– Соңғы жылдары Жамбыл облысында білім нысандарына баса көңіл бөлініп келеді. Оның айқын дәлелі, мектептерге жапсарлас құрылыстардың жүргізілуі. Облысқа сапарым барысында осындай ғимараттардың жұмысымен танысып жатырмын. Себебі, құрылыстың сапалы жүргізілуіне баршамыз жауаптымыз. Нысанның іргетасын қалау барысында бірқатар қиындықтар туындаған болатын. Яғни, Ойтал ауылының жері сазды әрі сулы болғандықтан, іргетастың дұрыс құйылмау қаупі болған. Дегенмен, бұған аудан әкімінің орынбасарлары мен мердігер компания өкілдері тиісті шараларды жүргізіп, шешімін тапқан. Сондай-ақ, мұнда септик мәселесі де туындап отыр. Оны да жауапты мамандар ғимарат біткенше шешімін табатын болады. Бұл проблеманы да жеке бақылауымда ұстаймын, – деді Гүлдара Алданышқызы.

Ойтал ауылындағы аталған мектептің жобалық сыйымдылығы 310 орындық. Дегенмен, бүгінгі күні мектепте мыңға жуық бала үш ауысымда білім алуда. Сондай-ақ, білім мекемесінде жетіспейтін пән кабинеттерінің мәселесі дәліздерден кабинеттер жасау арқылы шешімін тапқан. Алдағы уақытта нысан құрылысы толығымен аяқталса мұндағы білім беру жүйесі екі ауысымға ауысатын болады.

– Бүгінгі күні ауданда үш ауысымда білім беретін екі мектеп бар. Соның бірі – осы Ойтал ауылындағы №48 мектеп. Сондықтан, өткен жылдың тамыз айында 200 орындық қосымша мектеп құрылысын бастадық. Бұл нысан құрылысын осы жылдың жаңа оқу жылына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құрылыс жұмыстары Amanat партиясы мен аудан әкімдігінің жіті бақылауында, – дейді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғынбаев.

Естеріңізге сала кетсек, Amanat партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының өңірлік Жол картасында үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында 4 мектеп құрылысы мен мектептерге жапсарлас құрылыс салуға ықпал ету айқын көрсетілген. Бүгінгі күні жапсарлас құрылыс жүргізіліп жатқан Ойтал ауылындағы мектеп те соның бірі. Осылайша алдағы жаңа оқу жылында облыста тағы бір үш ауысымды мектеп екі ауысымды білім беру жүйесіне көшеді.

 

Назерке СӘНДІБЕК

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support