- Advertisement -

Тынымбайды оқып тамсандым

30

- Advertisement -

Жақында танымал жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың 2001 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Айқай» кітабы қолыма түсті. Бұл еңбегінде қазақтың Тынымбайы өзінің жазу мәнерінен, оқырманының езуіне күлкі үйіретін шымшыма әзілге бай тілінен жаңылмай көпшілікке кесек-кесек ой тастайды. Мен бұл кітаптың ішіне енген «Ойын» әңгімесіне ғана тоқталмақпын.

Әңгімеге өткен ғасырдың 60-70 жылдары арқау болған. Оқу жасындағы кейіпкер Тобаштың мектепке киіп барар аяқ киім таба алмағаны шынайы суреттеледі. «Қырау түскенше аяқ киімнің жоқтығы да, кітап- дәптердің кемістігі де кедергі болған жоқ-ты. Тіпті, ер балалардың көпшілігі мектепке жалаңаяқ келіп жүрді. Мұғалімдер де бұрынғыдан гөрі кешірімді болып, әлде мінездері жұмсарып кеткен бе, қалай… Баз- біреулері: «Жалаңаяқ жүрген өте пайдалы екен. Ертедегі Римде ер балаларға жиырма беске толғанша аяқ киім кигізбейді екен», – деген кезде, «Оһо, жиырма беске дейін біз де жалаңаяқ жүреміз», – деп ер балалар жағы тіпті еліріп алған». Кітап осылай басталады да, одан әрі күрделене түседі. Кейіпкер Тобаш алғашқы қар түскенше мектепке күн сайын жалаңаяқ барып жүреді. Ұстаздарынан мақтау да естиді. Күн осылай жылып тұрса деп ойлайды. Бірақ, олай болуы мүмкін бе? Мақтаулы Тобаш алғашқы қар жауған күні тығырыққа тіреледі. Қыстың көзі қырауда жалаңаяқ мектепке бару – ақылға сыятын іс емес.

Тобаш жалаңаяқ жүру мүмкін болмаған соң, апасының ақжемделіп қалған ескі мәсісін киіп барады. Немересінің бұл ісіне де апасы: «Сиырды өріске айдай алмайтын болдым-ау, тезек тере алмайтын болдым- ау», – деп уайымға салынады. Тобаш та мектепке мәсі киіп барғанмен, мәз болмайды. Жанынан өте берген қыздар да жырқ-жырқ, ұлдар да жырқ-жырқ күледі. Сабырлы деген мұғалімдердің өзі мұның аяғына қарап, езу тартып қинады.

Екінші күні де сондай мазаққа қалған Тобаш сабаққа мүлдем баруды қояды. Бармайын демейді, аяғына киіп барар ештеңесі жоқ. Апасымен кезектесіп киген мәсінің де қадірі болмай қалды.

Мәсі киіп жүрсе де Тобаш намысшыл. Өзін іздеп барған жасы үлкендеу Ожыраймен төбелесіп, жұдырық жұмсап, жуасытып алған жері – сөзімізге дәлел. Тобаш мектепті біржолата қойып, әжесінің қасында қалды. Әжесі екеуі бір-біріне ес. Кейде әжесінің мұны құшақтап отырып жылайтынын, жылап отырып ескіні қозғап талай әңгіме айтатынын жазушы шебер суреттеген.

Жазушы суреттегендей, бұл үйдің мал дегендегісі – сиыр мен бұзауы. Осы екі басқа шөп тауып беру қарт әже мен әлі бұғанасы қатпаған немереге жеңіл емес. Жазда шамалары келгенше жинаған шөптері таусылуға жақын. Сиыры сол жылы қысыр қалып, сүттен де таршылық көріп қалады. Бір күні сол сиыр мен бұзауы бір түнде қорадан жоқ болып шығады. Ертеңіне бұл үйдің аздап жинап қойған шөбі ұрланады. Әлсіз қарт кемпір, жас бала қай жақты іздесін. Тағдырларына көнеді. Сөйтіп жүргенде әжесі ауырып, төсек тартып жатып қалады. Кемпір мен бала ғана отырған бұл үйге ауылдас Қойқа кемпірдің, Таушан қарияның көңіл сұрап келуі, әжесіне жылы сөз арнап, біраз әңгімелесіп, көңіл көтеруі шебер суреттеледі. Бір жапырақ нан, айран, сүт ала келгендері де сол кездегі мейірімнің, жанашырлықтың нышаны. Осы тұста жазушы бала Тобаштың актерлікке бейім қырларын аша түседі. Тіпті, әжесінің камзолын киіп, Таушан қария келе жатқанда әжесінің жүрісі мен дауысын салып ойнағаны, оған ақсақалдың сеніп қалғаны шынайы берілген. Әңгіменің «Ойын» деп аталуына да осы тұстар себеп болса керек.

Арада аз күн өткенде Қойқа кемпір бақилық болады. Мұны естігенде Тобаштың әжесі біраз қиналып, жаны ауырады. Біраз күннен соң Тобаштың әжесі де аз ауырып, дүние салады. Жазушы мұнан әрі Тобаштың жалғыз қиналған халін, ағайындары мұны баласынғанын шынайы суреттейді. Әсіресе, алыс ағайыны Арынның ойы өзгерген. Тобаштың ойына: «Біздің қара сиырды бұзауымен, шөбімен қоса ұрлап кеткен осы Арын емес пе?», – деген ой келеді. Тіпті, сол Тобаштың әжесі бақилық болып жатқан қаралы күндерде, жаназа жиынынан соң Арынның баяғы Қойқа кемпірдің келіні Бихамен бірге арақ ішіп, еліріп сөйлегені ерсі болды. Арын қызған сәтінде: «Ойбай- ау, екі кемпірді бір сиырдың етімен атқарған ерді айтпайсың ба?» деп лепіргенде, Биха келіншек оны қостап, сыңқ-сыңқ күлген. Тобаш бала: «Осының айтып отырғаны, ақыры, біздің қара ала сиыр болды-ау», – деп ойлады.

Кітап бала Тобаштың әжесінің қазасына бата жасап келген кісілер берген 3-4 уақ малға шөп таба алмай, ашыққан ешкілермен арпалысқан сәтімен түйінделеді. «Желмен бірге желіккен аяз жалмауызша жалмаңдаған сары ешкіден де арсыз екен. Баланың қойын-қонышын аралап, етіне дарып барады», – деп түйінделеді.

Тобаштың тағдыры арқылы жазушы бүгінгі оқырманына ой салады. Адамзаттың бойындағы зұлымдық, арсыздық қасиеттерді де жағымсыз кейіпкерлердің образдары арқылы анық көрсетеді. Әңгіме бір деммен оқылады. Ал, сіз қандай кітап оқып жүрсіз, оқырман?

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support