- Advertisement -

Ауыр жүк көліктері жолдарды бұзады

27

- Advertisement -

Тәртіпке бағынбайтын кейбір жүк көліктерінің кесірінен еліміздегі республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға келетін залал көп. Тіпті, бүгінгі таңда жүгенсіз жүк көліктерінің салдарынан қара жолдардың біразы сапасыз күйге түскен. Ал, тозығы жеткен жолдарды жөндеуге қомақты қаржы қарастырылып, тиісті көңіл бөлінуде.

Мысалы, өткен жылдың өзінде облыстық маңызы бар «Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент», «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел», «Саудакент-Тоғызкент» және «Ақкөл-Ойық-Ұланбел» автожолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.

Жалпы, облыстық маңызға ие жолдардың басым көпшілігі өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары ел игіліне берілген. Атап өтерлігі, бұл жолдарда 8 тоннаға дейін ғана осьтік жүктемеге рұқсат етілді. Әйтсе де, бүгінде бұл талапқа бағынғысы келмейтіндер жетіп артылады. Нақтылай түссек, бір ғана кіші Қамқалыдан тұз тиеген 60-100 тонналы ауыр жүк көліктері Жаңатас қаласы арқылы Түркістан облысына, Ақкөл ауылы арқылы Тараз және Шу қалаларына одан әрі қарай Қырғыз еліне қатынауда. Бұл — ескі жолдармен қоса жөндеуден өткен жаңа жолдардың тез тозуына «ықпал» етуде деген сөз.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» өңірлік филиалының инженері Тойшыбай Әлиахметовтің сөзінше, «Нowo», «Shacman» және «Man» маркалы қытайлық көліктердің жүк көтергіштері 25 тоннаны құрайды. Десе де, салмағы 15 тоннаға жуық көліктердегі жүк көлемі 40 тоннадан асып түседі.

— Биылдан бастап орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу үшін жобалаушылардан жобалық-техникалық құжаттамаға жүктерді тасымалдау мақсатында салмағы 15 тоннадан артық емес жүк көліктерінің жүруін талап етілуде. Бұл өз кезегінде автожолдардағы ақаулардың алдын алып, тас жолдың тез тозуына тосқауыл болады деп күтілуде, – дейді Т.Аляхметов.

Айта кетейік, бұл күнде Әулиеата өңіріндегі қалалық және жол құрылыстарында сондай-ақ өзге де нысандарда 4 мыңға жуық самосвал көліктер пайдаланылуда.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support