- Advertisement -

Үкіметтік емес ұйымдар – сенімді әріптес

39

- Advertisement -

Бүгінде елімізде мемлекеттің дамуына әсер ететін бірден бір күш – азаматтық қоғамның әлеуеті артуда. Соған сай жыл сайын үкіметтік емес ұйымдардың қатары да артып келеді. Бұл ұйымдар қоғамда пайдалы жұмыстармен айналысуда, арнайы жобаларға қатысып, жиындарда келелі мәселелер көтеруде. Жалпы, үкіметтік емес ұйымдардың қызметі қоғамның әртүрлі саласын қамтиды. Бұл мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара тығыз байланыста екендігін білдіреді.

Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында ұйымдастырылған облыс әкімінің азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуі еркін форматта өтті. Келелі басқосуды «Жамбыл облысы Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Исламбек Дастан ашып, жүргізіп отырды.

Әуелі облыс әкімі Ербол Қарашөкеев азаматтық қоғам белсенділерін өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен және алдағы жұмыс жоспарымен таныстырып өтті.

– Облыста білім беру сапасын арттыру үшін биыл 28 мектептің құрылысы басталып, 4-еуі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 3 мектептің құрылысы аяқталып, үшеуінде кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Денсаулық сақтау саласында 24 нысанның құрылысы жүргізіліп, 15 нысан толық аяқталса, жыл соңында тағы 4-еуін пайдалануға беру жоспарлануда. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тең және қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл Тараз қаласында 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік оңалту орталығы ашылып, аутизмі бар балаларды қолдау және белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары пайдалануға берілді.

Жалпы, өңірдің әлеуметтік дамуы туралы айтатын болсақ, облыста 72,1 мың жұмыс орны ашылды, оның 54,9 мыңы тұрақты. Президенттің тапсырмасы аясында 19,3 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 60 мың адам қамтылды. Жыл басынан 607,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 8 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Бүгінде 19 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 6-ауы пайдалануға берілді.

Облыс халқының үштен бірін жастар құрайды. Жыл басынан 28,2 мың жас белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылды, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 540 жас 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алды. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін 483 жасқа жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз жеңілдетілген тәртіппен 2,2 миллиард теңгеге шағын несиелер берілді, – деген Ербол Шырақпайұлы бүгінгі шара мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың үйлесімді дамуына зор үлесін қосатын маңызды басқосу болады деген сенім білдірді.

Жиында қатысушылар азаматтық сектордың қызметін жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты. «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нілзия Рақышева үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың көлемін көбейту керектігін айтты.

– Менің мемлекеттік қызметтен кейін осы салада жүргеніме 20 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде 30-дан аса жобаны қолға алып, жүзеге асырдым. Айтпағым, азаматтық қоғамға әркез қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, азаматтық қоғамның әлеуеті артса, елдің дамуына даңғыл жол ашылады. Сондай-ақ, маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу үшін өңірде өтетін түрлі жиындарға азаматтық қоғам өкілдерін де қатыстырып, олардың мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет деп санаймын. Себебі, халық пен биліктің пікірі ортақ мүддеге жұмыс істегенде ғана бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға болады, – деді Нілзия Алғазықызы.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қоғамдық бақылауды күшейту, халықпен кері байланысты жолға қою бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтса, «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Бердалиев бүгінде екі ауданда желтоқсаншыларға монумент қойылғанын, осы істі жалғастыруға әкімдік тарапынан көмек көрсетілсе деген ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, өңірдегі мал базарларының жұмыс кестесі тұрғындар үшін тиімсіз екеніне де тоқталып, мәселені шешу жолын қарастыруды ұсынды. «МАД «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Раиса Рысқұлбекова 2024 жылы «Невада-Семей» қозғалысына 35 жыл толатынын, соған орай облыста ескерткіш орнату жайлы көтерілген мәселе шешімін тапса деген тілегін жеткізді. Ал, азаматтық қоғам белсендісі Жанна Мамашева облыстық және қалалық қоғамдық кеңестердің жұмысы ашық болуы керек, сондай-ақ, мәслихаттар халықпен кері байланысқа шығып, әлеуметтік желідегі белсенділігін арттыруы қажет деді.

«Өздеріңізбен кездесуіміз игі дәстүрге айналды. Сіздермен ынтымақтастығымыз келесі жылы да осындай сындарлы бағытта жалғасады деп үміттенемін», деген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің назарға алынатынын айтып, алдағы кезде билік пен азаматтық қоғам арасындағы тығыз қарым-қатынас бүгінгідей белсенді азаматтардың арқасында одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support