БАҚ өкілдерімен байланыс артады

БАҚ өкілдерімен байланыс артады
ашық дереккөз
БАҚ өкілдерімен байланыс артады
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, журналистердің мәселелерін тыңдап, түрлі сауалдарына жауап берді. Жиынды облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі журналист Оралхан Дәуіт жүргізіп отырды. Жиында Ербол Шырақпайұлы әуелі өзі, отбасы туралы айтып, еңбек жолынан хабардар етті. Бұған дейінгі өткен кездесуде аймақ басшысы журналистермен тоқсан сайын кездесіп тұруға уәде берген болатын. Соған сәйкес ұйымдастырылған дәстүрлі басқосу барысында облыс әкімі әуелі өңірдің әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарларына қысқаша тоқталды. Кездесуде аймақ басшысы жуырда ғана өңірде жарияланған төтенше жағдайға тоқталып, құзырлы органдармен бірлесе қызмет етіп, нақты шешімдер қабылдағанын айтты. Сондай-ақ, өңірге инвестиция тарту, балық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, оның ішінде, егін шаруашылығын әртараптандыру мәселелерін қозғап, аграрлық саладағы басымдықтарды атады. Бұдан бөлек, әлеуметтік саладағы түйткілді мәселелерге мән берді. – Біз сіздермен аймақтағы жақсы істерді халыққа жеткізуде бірлесе жұмыс істеп келеміз. Әрине, кемшіліктерді де жасырмаймыз. Журналистер облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік және индустриалдық-инновациялық дамуына зор үлес қосуда. Сіздер үнемі шығармашылық ізденісте жүріп, оқырмандарға мазмұны терең, тақырыбы тың материалдар ұсынып жүрсіздер. Сондықтан, қашанда ақиқаттан айнымайтын ақпарат өкілдеріне алғысымыз шексіз. Бүгін өздеріңізбен емен-жарқын әңгімелесіп, ұсыныс- пікірлеріңізді тыңдауға дайынмын, – деді облыс әкімі. Ербол Шырақпайұлы облысымызда балық өндірісінің потенциалы зор екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, жерасты суына өте бай облыс екенімізді айтып, осы ерекшеліктерді тиімді пайдаланып, қант қызылшасын өндіруді одан әрі дамыту жайын қозғады. Әрі мыс, темір, фосфор өндірістеріне де бай екенімізді, әрмен қарай облысымызды дамыту керектігіне тоқталды. Басқосуға келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аймақ басшысына идеология, әлеумет, білім, спорт, экономика және ауыл шаруашылығы салаларындағы көкейде жүрген сауалдарын қойды. Алғашқылардың бірі болып Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов сұрақ қойды. Жүн өңдейтін зауыттарды жандандырсақ деген көкейдегі ойын айта келе, аудандағы журналистердің де осындай ірі жиындарға қатысуын қамтамасыз ету керектігімізді, журналистердің басшы кадрларын республика көлемінде оқытып тұруға шақырды. Ал, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Көсемәлі Сәттібайұлы облыстық архивтің ғимараты ескі, ішіне құжаттар қоятын орын жоқ екенін жеткізіп, жаңа заманауи ғимарат салып көшуді ұсынды. Одан соң, «31 телеарнаның» облыстағы меншікті тілшісі Нұрадин Рақай Мойынқұм ауданында Ақсукент, Шығанақ ауылдары бірнеше жылдан бері сусыз отырғанын айтты. Ал, Жасұлан Әбдіхалық қараша халықта мал жоқ екенін, жайылымдағы малдардың байлар мен әкім қаралардікі екенін айтып, мал басын көбейтуде қарапайым халыққа да мүмкіндік беру керек екендігін жеткізді. Ардагер журналист Қуаныш Иембердиев облысымызда индустрияландыру парктерінің ісі тұралап тұрғандығын, екіншіден Асқаров көшесінің соңында түрме бар, сол түрме маңындағы 100 шақты жекеменшік үйлерде телефон тартпайтынын, бұғатталғандығын айтып, осы мәселені шешу керектігін жеткізді. «Өміріміздегі барлық бағыт цифрланып тұрғанда, айдаладағы ақ отау секілді желіге қол жеткізе алмау – не деген бақытсыздық» деді ол. Облыс әкімі бұл істі арнайы барып көріп, нақты іске кірісетінін баса айтты. Содан кейін, «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің өңіріміздегі меншікті тілшісі Галина Скрипник бұрынғы «Комсомольское озеро» атанып кеткен қазіргі «Зербұлақ» көлінде тегін демалатын орын болса деген ұсыныс білдірді. «Egemen Qazagstan» республикалық газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев облысымызда тек дзюдо, еркін күрес, бокс сынды үш спорт түрінің басым екенін, ал акробатика, көркем гимнастика сынды басқа да спорттың түрлерін дамыту керектігі жайлы айтты. Одан кейін, «КТК» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Сәбит Әлдебай: – Расымен де жерасты қазба байлықтарына бай облыспыз. Барлаушылардың айтуынша, 1000 тонна алтын кені өңірімізде бар екен. Жамбыл тауының етегі шұрық-тесік. 2018 жылдан бастап өз бетінше алтын қазушыларға рұқсат берілген. Неге онда оларға заңсыз алтын өндіріп отырсыңдар деп маза бермеуде? – деді. Ал, «Қазақстан» ұлттық арнасының облыстағы тілшісі Данияр Әлімқұл журналистерге Шерхан Мұртаза атындағы сыйақы тағайындау жөнінде ұсыныс білдірді. «Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек облысымызда көлік зауыты ашылады ма деген сауал тастады. «AR-AI» облыстық жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай көктем мезгілінде қызғалдақтарды фотоға түсіру, әлі де түсірілмеген жауқазынның үш түрі бар екенін айта келе, әкімнен қаражат бөлінуін сұрады. Әрі бұл туризмді дамытуға үлес қосатынын жеткізді. Облыс әкімі барлық сұрақтарға атқарылып жатқан шаруалар мен жоспарлы жобаларды негізге ала отырып жан-жақты жауап берді. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері тарапынан көтерілген барлық мәселе назарға алынатынын баса айтты. Сондай-ақ, келер жылдан бастап барлық басқарма басшылары ай сайын БАҚ өкілдерімен кездесіп тұратынын жеткізді.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар