- Advertisement -

Жаңа автобустар пайдалануға берілді

29

- Advertisement -

Тараз тұрғындары тарапынан айтылатын мәселелердің бірі – қоғамдық көліктің жайы еді. Автобустардың ескілігі, тарлығы көп көтерілетін. Кеше қаладағы қоғамдық көліктер қатары 35 жаңа автобуспен толықты. Автопарк жүргізушілеріне жаңа автобустардың кілтін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев табыстады.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, биылдың өзінде қаланың автобус паркі бүгін келген 35 және жыл басындағы 38 автобусты есепке алғанда 73 қоғамдық көлікпен жаңартылып отыр.

– Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы жергілікті тұрғындармен кездесулерінде, қаланы аралауда қоғамдық көліктің жетіспеушілігі мәселесін шешуді және тасымалдау мәселесінде халық үшін қолайлы, қауіпсіз жағдай жасауды тапсырды.

Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша 35 көлік сатып алынды. Қазіргі таңда қаламызда 9 жолаушы тасымалдайтын компания жұмыс істейді. Барлығы 350 автобус қала аумағында жолаушы тасымалдап жүр.

Негізі Таразға 500 автобусқа қажеттілік бар. Яғни, бұл бағыттағы жұмысты ары қарай да жалғастыруымыз керек. Облыс әкімі екі жылдың ішінде қалаға 200 автобус сатып алуға талап қойды.

Біз ол талапты тасымалдаушы компанияларға қойып отырмыз.

Жергілікті әкімдік оларға субсидия арқылы қолдау көрсетеді. Былтыр субсидия көлемі 1,4 миллиард теңге болса, биыл оны 3,4 миллиард теңгеге дейін көтердік, келесі жылы 5,4 миллиард теңгеге арттырамыз деп жоспарлаудамыз.

Бұл тасымалдаушы компаниялар арасында бәсекелестік тудырды. Бүгін келген автобустардың 12-сі бұрын «Саяхат» компаниясы қызмет атқарған 18-бағытқа бермекшіміз. Ал, «Саяхат» компаниясымен келісімшартты бұздық. Себебі, олардың қызметтік сапасы өте төмен болды. Мысалы, кешегі ауа райы күрт төмендегенде 12 автобустың төртеуі ғана жұмысқа шықты. Мұның бәрі тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл тасымалдаушы компанияның өз міндетін дұрыс атқара алмайтынының айғағы. Компаниялар өздері қызмет ететін автобустардың жүру графигіне, тазалығына және жүргізушілерінің тәртібіне көңіл бөлуі керек, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Жаңа автобустар 7 бағыт бойынша іске қосылады. Атап айтқанда №60, 38, 55, 17, 23, 30 және 19-бағыттарда жүретін болады. Әр автобустың сыйымдылығы 70 адамды құрайды. Алдағы күндері №60 бағыт бойынша 5 автобус, №38 бағытқа 10 автобус, №55 бағытқа 5 және №23 бағытқа 2, №17 бағыт бойынша 8 автобус қатынайды. Ал, қалған 5 автобус ескірген JAC автобустарының орнына №30 және №19 бағытта жүреді.

Сондай-ақ, үш жылдық жоспар аясында Таразда 120 аялдама орнату жоспарланған. Оның 42-сі биыл орнатылды. Қосымша 15 жаңа бағыт ашу да жоспарланған, бүгінде оның төртеуі (№10, 20, 56, 17) іске қосылған.

Айта кетейік, қазіргі таңда қала тұрғындарына 37 бағыт бойынша 350-ге жуық автобус қызмет көрсетеді. Жалпы саны бойынша 122 автобус 3 жылға дейін, 129 автобус 5 жылға жуық, 99 автобус 5 жылдан 7 жылға дейін қызмет еткен.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support