- Advertisement -

Ақпаратты дер кезінде ұсынбағандар айыппұл арқалады

34

- Advertisement -

Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясында мемлекеттік аудит объектілері өкілдерінің қатысуымен биыл жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындыларын қарау, сондай-ақ аудит объектілеріне қажетті шараларды қабылдау үшін жолданған Тексеру комиссиясы нұсқамаларының орындалу барысы туралы мәселелерді талқылау жөнінде кездесу өтті.

Оған облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының, дене шынықтыру және спорт басқармасының, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің жауапты тұлғалары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты сапаны бақылау бөлімінің басшысы Н.Ахметов Тексеру комиссиясы нұсқамаларының орындалуы бойынша аудит объектілері тарапынан жиі жіберілетін кемшіліктерге тоқтала отырып баяндама жасады.

Баяндамашының атап өткеніндей, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2020 жылғы 30 шiлдедегi «Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» нормативтік қаулысымен бекітілген қағидалардың талаптарына сәйкес, мемлекеттік аудит объектісі және оларда көрсетілген мүдделі адамдар нұсқамаларды орындау туралы ақпаратты растайтын құжаттарымен бірге құжатта көрсетілген мерзімдерде тексеру комиссиясына жіберуі тиіс. Алайда, аудит объектілері тараптарынан нұсқамаларды орындау туралы ақпараттарды дер кезінде ұсынбау мен берілген тапсырмалардың толық орындамаудың жекелеген фактілері орын алуда.

Жіберілген нұсқамалардың тапсырмалық тармақтарын орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайларда «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының талаптарына сәйкес, мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылықта болады.

Мысалы, нұсқамалардың тапсырмалық тармақтарын орындамау немесе тиісінше орындамау салдарынан 6 аудит объектісіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-тармағын басшылыққа ала отырып, әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды, нәтижесінде 263,9 мың теңге айыппұл салынып, бюджетке түсті. Сонымен қатар, 2022 жылы осыған ұқсас жағдайлар бойынша 6 аудит объектісіне әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, нәтижесінде 234,3 мың теңге айыппұл салынып, бюджетке өтелген болатын.

Атап кететін жағдай, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік аудит объектілерінің қызметіне байланыссыз себептермен (тергеу іс-шараларының, сот талқылауларының жүргізілу ұзақтығына, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеумен, сондай-ақ қаржыландырудың болмауымен байланысты жағдайлар және т.с.с.) нұсқамалардың орындалуын үш реттен аспайтын мерзімге ұзартуға жол беріледі.

МАҚБ қағидаларының 162-тармағының талабына сәйкес, тексеру комиссиясы нұсқамаларының тапсырмалық тармақтары көрсетілген мерзімдерде орындалмаған жағдайда сотқа талап арыз беруді жүзеге асырады.

Аудит объектілері тарапынан алдыңғы жылдары жіберілген нұсқамалардың талаптарын орындамағаны үшін тексеру комиссиясы осы жылы 2 аудит объектісін тексеру комиссиясы нұсқамаларының тапсырмалық тармақтарын мәжбүрлеп өндіру бойынша сотқа талап арызбен жүгініп, бұл тарапта соттың қанағаттанарлық шешімдері шыққан.

Кездесу барысында жоғарыда көрсетілген мемлекеттік аудит объектілері өкілдерінің өздеріне келіп түскен тексеру комиссиясы нұсқамаларын орындау бойынша баяндамалары тыңдалды.

Сонымен қатар, мемлекеттік аудит объектілері өкілдерінің сұрақтарына жауаптар беріліп, алдағы уақытта түйткілді мәселелерді бірлесе шешу арқылы тексеру комиссиясы нұсқамаларының белгіленген мерзімдерде орындалуын қатаң қадағалау тапсырылды.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support