- Advertisement -

Саңлақ

46

- Advertisement -

Педагогика ғылымдарының докторы, экономика ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Дүйсенбек Әбдірайымов туралы сыр.

Әркім «Шыққан тауым биік болсын» дейді. Әйтсе де, екінің бірі ел аузына жақсы атпен ілігіп, абырой биігінен көріне бермейді. Бедел биігінде өмір бойы қалатындар да сирек. Бүгінде облысымыздың абзал әрі атпал азаматы, педагогика ғылымдарының докторы, экономика ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы және «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Дүйсенбек Әбдірайымов туралы әңгіме қозғалса, оны білетіндер алуан ізгі қасиеттері, елге, білім беру саласына сіңірген е селі еңбегі туралы ризашылықпен әрі мақтанышпен айтады. Көп адам оның іскерлігін, жаңашылдығын, тәуекелшілдігін, ұйымдастырушылығын, терең білімділігін, талапшылдығы мен табандылығын ерекше атайды. Келесілері кішіпейілдігін, сөзінде тұратынын және қайырымдылығын әңгімелейді. Оның өнерге жақындығы, спортшы екені де айтылмай қалмайды. Ол туралы сөзіміз жалаң болмас үшін есімдері елге танымал бірқатар азаматтардың пікірлерін тілге тиек етсек…

Абдалы Нұралиев, облыстық мәслихаттың хатшысы:

– Дүйсенбек Исахметұлы – жоқтан бар жасайтын, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін, іскерлігі, жаңашылдығы және істі шебер ұйымдастыруымен ерекше көзге түсіп жүрген басшылардың бірі. Дүйсенбектің бастамасымен және көп күш-жігер жұмсауымен облыстың білім беру саласында ұлан-ғайыр игілікті істер атқарылды. Ол негізін қалап, құрған Жамбыл политехникалық жоғары колледжі бүгінде халық шаруашылығына мамандар даярлайтын республикадағы бірегей оқу орнының біріне айналды.

Еркінбек Солтыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Дүйсенбектің от ауызды, орақ тілді шешен, білікті де терең білімді басшы екеніне талай жерде көзім жетті. Бірде Астанаға бірге барғанымызда алқалы жиында өзі сұранып сөз сөйлеп, көптің көкейінде жүрген мәселені көтерді. Ол жиынға қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды. Облысымыздың білім саласын өркендетуге үлкен үлес қосты.

Оңласын Есіркепов, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, облыстық билер кеңесінің төрағасы:

– Дүйсекең туралы әңгіме болса, менің есіме шығыстың жеті жұлдызының бірі, парсы ақыны Сағди Ширазидың «Ерінбей еңбек етсең шыдап егер, тікен де гүлге айналып шыға келер» деген жыр жолдары орала береді. Ол осындай ірі жетістіктерге іскерлігінің, еңбекқорлығының және табандылығының нәтижесінде қол жеткізді. Дүйсенбек Исахметұлы облыстық білім басқармасын басқарған кезде облысымыз республикалық конкурстарда ұдайы жүлделі орындардан көрінді.

Ақжүрек Таңатаров, Лондон олимпиадасының грек-рим күресінен қола жүлдегері, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің түлегі:

– Мен колледжде оқып жүрген кезде еркін күреспен шұғылдандым. Оқу орнының басшысы, спортшы Дүйсенбек ағамыз біздің алаңсыз жаттығып, жарыстарға жиі қатысуымызға барлық жағдай жасады. Бір күні куратор апайымыз мені директордың алдына жетектеп әкеліп:

– Мына студентті оқудан шығару керек. Үнемі жарыста жүреді, – деді Дүйсекең:

– Ол ойнап жүрген жоқ. Келешекте еліміздің спорттағы намысын қорғайтын осы балалар, – деді қысқа қайырып. Бүгінде ағамыздың сенімін ақтағаныма қатты қуанамын.

АЛМАС ПЫШАҚ ҚЫН ТҮБІНДЕ ЖАТПАЙДЫ

Құнарсыз жерде дән өнбейді. Тектіден текті туады, ата жолын қуады. Дүйсенбек Исахметұлы – текті әулеттің ұрпағы. Әкесі Исахмет Жамбыл ауданының «Пионер» совхозында ауыл шаруашылығы саласында бригадир болып істеген, ауыл-аймаққа сыйлы азамат болатын. Кейін денсаулығы сыр беруіне баланысты Тараз (бұрынғы Жамбыл) қаласына көшіп келеді. Әкесі қайтыс болған кезде ол екі жарым жаста екен. Жігерлі де қажырлы анасы Дәнегүл шиеттей бес баланы әпкесі Сағынкүл, ағалары Жұматай, Сембек және Сәрсенді асырап-бағу үшін теміржолдың қара жұмысына жегілді. Ба ла лары анасының үмітін ақт ады.Ел сыйлайтын танымал азаматтар болды. Тарих ғылымдарының кандидаты болған Жұматай М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жемісті жұмыс істеді.

Орта мектепті жақсы оқыған Д.Әбдірайымов жоғары сыныптарда спорттың еркін күрес түрімен шұғылданды. Талай қалалық және облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары орта мектептен кейін жоғары оқу орнына түсу өте қиын болатын. Бір жағы отбасына салмақ салмау үшін ол еңбек жолын теміржолдың вагон депосында слесарь болып бастады. Буыны бекіп, қабырғасы қатпаған балаң жігітке теміржолда жұмыс істеу оңай емес. Әйтсе де, Д.Әбдірайымовты байыптылық пен байсалдылыққа, төзімділікке үйретіп, шыңдаған өмір мектебі осы жерден бастау алған еді. Осында екі жыл жұмыс істегеннен кейін Жамбыл технологиялық институтының есеп- экономикалық факультетіне оқуға түсті. Институтты үздік тәмамдаған ол арнайы жолдамамен қаладағы Жүн өңдеу фабрикасына бухгалтер- ревизор болып орналасты. Бірер айдан кейін әскери борышын өтеу үшін әскер қатарына аттанды. Әскерден рота старшинасы шенімен оралды.

«Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, жоғары оқу орнын үздік бітіргенін жақсы білетін Технологиялық институттың деканы Нұрахан Елешов оны өздеріне жұмысқа шақырды. Осы кезде Жамбыл есеп-санақ техникумынан да шақырту түсті. Техникумның сол кездегі директоры Алтай Болғанбаев оған жұмысты лаборанттан бастауды ұсынды. Өзін барлық қырынан жақсы жағынан көрсеткен оны көп ұзамай Алтай Ертайұлы оқу орнының сырттай бөлімінің меңгерушілігіне тағайындады. Ол кезде еліміз, оның ішінде облысымызда бухгалтер мамандары жетіспейтін. Мекемелер мен өндіріс орындарында негізінен бухгалтерлік мектепті бітірген мамандар отырды.Техникумға мемлекеттік тапсырыспен берілетін 300 орынға сынақтан өте алмағандықтан жыл сайын 100-ге жуық талапкер ғана қабылданады.

Өзекті мәселені шешудің оңтайлы жолы қандай? Дүйсенбектің бастамасымен осында жоғары оқу орындарындағыдай дайындық курсы ашылды. Мұның өзі бір жылдан кейін-ақ өз нәтижесін берді. Сырттай оқу бөліміне 200 талапкер оқуға қабылданды. 1994 жылы сауатты, ұйымдастырушылық қабілеті зор білікті маман техникум директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығына жоғарылады. «Ізденіс түбі – игілік». Дүйсенбек Исахметұлы көздеген мақс атына қол жеткізу үшін ізденісін жалғастыра берді. Ол 1990 жылы Алматыдағы Қазақ ғылыми- зерттеу институтының жанындағы аспирантураға түсіп, оны «Нарықтық экономикаға көшкен кездегі сүт өндіру мен өңдеудің тиімділігі» деген тақырыпта диссертация қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты атағына ие болды.

Елімізде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары нарықтық экономикаға көшуге байланысты терең дағдарыс басталғаны белгілі. Қаржылық қиындықтарға байланысты кәсіптік арнайы оқу орындарында оңтайландыру жүргізліп, мемлекеттен қаржыландыру тоқтатылды. Бұл қиындық облыстағы химия өндірісіне мамандар даярлау үшін 1954 жылы ашылған Жамбыл химия механика техникумын да айналып өткен жоқ. Осы оқу орнына 1998 жылы Д.Әбдірайымов директор болып тағайындалды. Ол жағдаймен жіті танысқаннан кейін таудай қиындықты еңсеруге тура келетінін аңғарғанымен, жігері мұқалған жоқ. Мыңға жуық студент оқитын, 300-ге жуық оқытушысы бар оқу орнында 245 студент пен 18- ақ оқытушы қалған. Коммуналдық қарызы 1,5 миллион теңгеге жеткен мекеме жабылудың алдында тұр. Оқу ғимараттары жарық пен жылудан ажыратылғандықтан сабақ жатақхананың төртінші қабатында өткізіледі.

Ол осында басшы болып тағайындалған алғашқы күннен оқытушылар мен студенттерді жинап, мемлекеттік қаржыландыру тоқтауына байланысты шаруашылық есеппен жұмыс істеп, өзін-өзі қаржыландыратынын, оқу ақылы негізге көшірілетінін айтты. Сол кезде оқытушылардың арасында:

– Дүйс енбек Ис ахметұлы, бұл – мүмкін емес. Сіздің айтып отырғаныңыз утопия, бос әуре, – дегендер де табылды.

Олардың осылай дейтін жөні де бар. Облыс әкімі біраз уақыт бұрын оқу орнын жабу туралы өкім шығарып қойған болатын. 1998 жылы ЖХМТ мен Есеп-санақ техникумы біріктіріліп, Жамбыл политехникалық колледжі атауына ие болды.

АРМАН АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ, МАҚСАТҚА ЖЕТКІЗЕДІ

Сол кезде «оқу орны жабылады» деген әңгімені естіген бірқатар пысықайлар оны болар-болмас ақшаға жекешелендіріп алудан да дәмелі болатын. Алайда, Дүйсенбек оған жол бермеді. Д.Әбдірайымов істі кәсіптік бағдар беруде кешенді бағдарлама жасаудан бастады. Осында студенттерді көптеп тарту мақсатында колледждің оқу- өндірістік базасы, жабдықтары бейнетаспаға түсіріліп, көптеген орта мектептерге таратылды. Оқу ақылы жүйеге көшірілді. Колледжде 5 мамандық бойынша ғана кадр даярланды. Әлбетте, бұл аздық етеді. Сондықтан да оқу бағдарламасына ауыл және халық шаруашылығына аса зәру мамандықтарды көптеп енгізуге күш салынды. Мұның өзі 1998-1999 оқу жылына 600-ге жуық студент жинауға мүмкіндік берді.

Мұнда Тараздағы жоғары оқу орындарымен салыстырғанда ақы төлеудің ең төменгі бағасы белгіленді. Алдын ала ақы төлеу мөлшері 30 пайыз болып енгізілді. Дүйсенбек осы бағытта түскен ақшаны әуелі колледждің қордаланып қалған қарызын жабуға жұмсады. Сөйтіп, оқу орны 1999 жаңа оқу жылына қарызсыз кірісті. Кейін политехникалық колледжге Қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжінің қазақ бөлімі келіп қосылды. Көп қырлы қызметті қамтитын кәсіптік оқу орнында төрт жылдан кейін даярланатын мамандық с аны 21-ге жетті. Оқытудың жаңа технологиясын игеру, білім беруді ақпараттандыруды меңгеру, халықаралық ауқымды телекоммуникациялық топтарға шығу мақсатында жүргізіліп жатқан көптеген игілікті істер өз нәтижесін беруде. 1998 жылы мұнда небәрі үш компьютер болса, төрт жылдан кейін оның саны 70-ке жетті. Колледж оны өз қаржысына сатып алды.

Осы мерзімде білімгерлердің саны 1,5 мыңға, оқытушылар 200-ге жетті. Мемлекеттің экономикасы нығаюына байланысты студенттердің жартысы келісім шарт және мемлекеттік тапсырыс арқылы қабылданды. Оқытушылар оларға тиісті мамандық бойынша ғана білім, тәрбие берумен шектелмей, бағдарламаға халықтық педагогика тәсілдері, имандылық сабақтарын кеңінен енгізіп, оларды алуан қырлы азамат етіп даярлау жолында көп күш-жігер жұмсады. Дүйсенбек спортшы болғандықтан, бір бүйрегі осы салаға бұрып тұрады. Ол колледжде спорт зал ашып, оны қажетті жабдықтармен жабдықтады. Осында спорттың 12 түрінен үйірме жұмыс істейді, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстар өткізіліп келеді. Қаланың химия кентіндегі қоқыс басып жатқан аумақты спорт алаңына айналдырды. Оқу ғимараты заманауи үлгідегі құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілді.

ЖІГІТТІҢ ЖҰМСАҒАН КҮШІН ЕМЕС, ТЫНДЫРҒАН ІСІН СҰРА

Дүйсенбек Исахметұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Облыстық мәслихаттың екінші және үшінші шақырылымында депутат болып сайланды. Осы мерзімде облыстық мәслихаттың депутаты ретінде үлкен игілікті іс тындырды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ұлттық және азаматтық келісім, тілдерді дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссия төрағасы болған Д.Әбдірайымовтың араласуымен шешілген мәселелер туралы әріптестері ризашылықпен жарыса айтады. Солардың бірі – 2000 жылы Тараздағы бюджеттен шығарылып тасталған 8 кәсіптік орт а оқу орнын мемлекеттік қаржыландыруға енгізуі.

«Сырт көз – сыншы». Оның қысқа мерзімде орасан игілікті істі жүзеге асырғаны ел-жұрт, облыс басшыларының көзінен таса қалған жоқ. Дүйсенбек 2004 жылы облыстық білім басқармасына басшылыққа тағайындалды. Осы лауазымда қызмет еткен бес жарым жылда облыстың білім беру саласы биік деңгейге көтерілді. Жамбылдық білім беру саласының қызметкерлері республикалық олимпиадаларда үш жыл қатарынан алдыңғы жүлделі орындардан көрінді. Көптеген ғылыми жобалар үздіктер қатарынан табылды. Ол Шымкенттегі М.Әуезов атындағы мемлекеттік университет жанындағы мемлекеттік колледждің, Тараздағы мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау орталығының директоры болған кезде бастамашылдығымен, жаңашылдығымен және ұйымдастырушылығымен әріптестерінің құрметіне бөленді.

2020 жылы конкурсқа қатысқан Д.Әбдірайымов Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне директор болып қайта тағайындалды. Колледж үш жылда барлық бағытта үздік нәтижелер көрсетіп, республикадағы таңдаулы кәсіптік білім беретін оқу орындарының біріне айналды. Қазір мұнда 2576 студент 30 мамандық бойынша білім алады. Жалпы 400-ге жуық қызметкер жұмыс істесе, оның 261-і оқытушы. Оқу орнын жыл сайын 600-1000 студент бітіреді. Олардың 83 пайызы жұмысқа орналасады. Бүгінде білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау үшін әуелі кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру керек. Бұл – кәсіби әдіс-тәсілдерді жан- жақты игеру деген сөз. Колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартып, сабақ өткізуде инновациялық тәсілдерді кеңінен енгізу өз нәтижесін беруде. Таяуда Астана қаласында өткен «WORLD SKILLS Kazahstan» 8-республикалық чемпионатында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Тасу Рауан «Автокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу » мамандығы бойынша алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, колледждің 4 студенті «Үздік маман» аталымы бойынша төрт медальға ие болды.

Ел үшін еткен еңбек елеусіз қалмайды. Биыл Республика күні қарсаңында Астана қаласында өткен марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз замандастарынан білімділігі және біліктілігімен озған саңлақ Дүйсенбек Әбдірайымовқа «Ерен еңбегі үшін» медалін салтанатты түрде табыс етті. Бұл өмірде төрт құбыласы түгел ешкім жоқ. Өкініші көп, бір кем дүние. Бес баланың анасы, жұбайы Айдын өмірден ерте кетті. «Орнында бар оңалар». Бүгінде ұл-қыздары Ботакөз, Гүлмира, Асылбек, Мереке және Әлия еліміз және шетелдерде жоғары оқу орындарында оқып, мамандықтары бойынша жемісті қызмет етіп жүр. Жұбайы Балнұр екеуі немерелерін еркелетіп өсіріп, бақытты ғұмыр кешіп отыр.

Әркімнің қолы қалт еткен кезде айналысатын әуес ісі болады. Мектепте оқып жүргенде оған ағасы Сембек ақ көгершін сыйлаған екен. Содан бері Дүйсенбектің ең сүйікті ісінің бірі – көгершін өсіру. Киелі де қасиетті құс бір сәтке болса да оған тіршіліктің барлық тауқыметін ұмыттырып, шаршағанын басады. «Тың бастамалар мен идеялар да осындай кезде туындайды», – дейді ол.

 

Ақылжан МАМЫТ,

Қазақ журналистикасының қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support