- Advertisement -

Мен Қарағандыда едім…

642

- Advertisement -

Еліміздің тәуелсіздігі күніне орай жер-жерде түрлі тақырыптық тағылымды іс-шаралар өтіп жатыр. Аймағымыздағы желтоқсаншы бауырларымыз да хал-қадерінше бұл датаның қадірі мен қасиетін паш етуде. Қаратаудағы Л.Байходжаева басқаратын «Мирас» балалар бақшасында өткен осындай әдемі де әсерлі бір басқосуда қонақтардың бірі «Шолақтау» кен байыту комбинаты бастығының орынбасары Болат Айтбекұлы естелік айтты. Қазақстандағы желтоқсан оқиғасын ол кісі қызмет бабымен Мәскеуде жүргенде естіпті. Ал, А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияда бірге қызмет еткен әріптес сіңлім Қалдыкүл Мұсаева Алматыдағы сол көтерілісті өз көзімен көрген куәгерлердің бірі. Ауылдастарына қызыләуіттік құрдасым Нұрлан Шоқалақовтың желтоқсаншы екені де белгілі.

Ал мен үнсізбін. Сонша жылдан бері, неге екенін қайдам, Қарағанды жақ та үнсіз секілді көрінеді маған. Рас, қайғылы қантөгіспен келген қасиетті тәуелсіздігіміздің қалың тарихы әлі талай тың деректермен толығар. Талай ақиқаттың тозаң басқан тоң беті тазаланып аршылар. Алайда, менің Қарағанды туралы еске түсіргендерім оған тамызық болуға жарай ма, жарамай ма, белгісіз…

Ол кезде мен Талас ауданындағы өз ауылымда «Үшарал» орта мектебінің директоры Ділдәкүл Қабылбекованың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымын, институт бітірген соң, жұмысқа тұрғаныма бір-ақ жыл болған, 22 жастағы жас маман едім.

1986 жылдың 1 желтоқсанынан 1987 жылғы ақпан айының 4-і аралығына дейінгі уақытқа келіп, Қарағанды мемлекеттік университетінің ФПК – кәсіби квалификацияны көтеру факультетіндегі мектеп басшыларының білімін жетілдірудің екі айлық курсында оқып жатқан болатынмын.

Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген жүз қаралы мектеп басшысы түгел ҚарМУ-дің Лабода, 40 көшесіндегі көпқабатты №1 жатақханасының үшінші, төртінші қабатына орналасқанбыз. Көбінесе Гоголь көшесіндегі зәулім ғимаратты ҚарМУ-дің 223-аудиториясында оқимыз. Оқу бағдарламасы орысша. Оқытушылар құрамы да орыс тілділер. Университет корпусының жанында асхана бар. Сабақтан тыс бос уақытымызға да кесте белгіленген – С.Сейфуллин атындағы университет корпусының жанында Қарағанды облыстық драма театрынан «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын, облыстық камералық оркестрдің және жергілікті өнерпаздардың «Джаз» тобының концерттерін, ЦУМ-ның қасындағы кинотеатрдан «Женщина в белом», «Юбилейный» кинотеатрынан «Неукратимая Маркиза» көркем фильмдерін тамашаладық. Әсіресе, шахтерлер сарайындағы кинотеатрдың репертуары өте бай болатын.

Кураторымыз егделеу әйел адам, ұлты – орыс, өзі профессор. Желтоқсанның 13-інде біздерді дәрістің орнына пионерлер үйінде өткен Білім министрі Балахметовпен кездесуге апарды. Өз басым жақсы әсер алдым. Бөлмемдегі серігім Татьяна Умарова деген 1956 жылғы татар қыз еді. Орал жақтан. Түнгі 22:00-де төмендегі үшінші қабатқа түсіп, оқу залындағы көпке ортақ теледидардан «Приключение принца Флоризеля» атты киноны көрдік.

Күбірлесіп отырған кейбіреулерге «тыныш отырып көрсе қайтеді» деп іштей қынжылсам да мән бермеп ем. Бөлмеге қайтып келгенде Таня әлгі күбірлескендер туралы бірдеңелерді айтты. Таңданған кейпімді көрсеткім келмей, тез жатып қалдым…

Күнде таңғы сағат 6-да бөлмедегі бес сомдық «Арман» радиосынан берілетін Әнұраннан оянамыз.

16 желтоқсанның күні де солай, әдеттегідей басталды. Пленумның өткенін, оның шешімімен Д.Қонаевтың орнына Г.Колбиннің отырғаны туралы ақпаратты даусы саңқылдаған радиодиктордан естідік… Сабақ 8:15-те. Қалың киініп, қол сөмкемізді ұстап Татьяна екеуміз төменге түскенде бір-ақ байқаппыз. Бүкіл жатақхана іші абыр-дабыр. Ерсілі-қарсылы қозғалыстан ғимарат бейне бір теңселіп тұрғандай сезіледі. Елдің көбі вахтер отыратын бірінші қабаттағы кең фойеде жүр. Сізге – өтірік, маған – шын, жазық еденге, түгел жерге шашылған бума-бума қағаздар менің көзіме өзіміз тарихтан ғана оқып-білген, көркем фильмдерген ғана көрген Ұлы Октябрь Социалистік революциясы жылдарындағы және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ұшақтан тастап немесе қолмен таратылатын листовкалардай елестеді. Біз де қолымызға іліккенін оқып көрдік. Парақтардың бетінде орысша-қазақша мәтіндер маржандай баспа қарпімен жазылған. Үйде өзім қолжазбаларымды жазу үшін деп арнайы сатып алған ескі мәшинкем бар болатын. Сыртылдатып басып, жаза берем. Сол мәшинкенің әріптеріндей емес, мына жазбалар маған өзгешелеу көрінген. О кезде компьютер дегенді ЭВМ ретінде ғана естіп-оқып білгеніміз болмаса, қолданылып көрмеген басымыз. Қазір ойланып қарасам, әлгі парақтар сол кездің өзінде компьютерден шығарылған болып тұр ғой. Қателессем, тілім жазықты, алайда, жазулар мәшинкеден басылып шықпағаны анық.

Бір қарасақ, бәрімізді сабаққа қуып, ертіп шығара алмай суық қабақты кураторымыз бен университеттің бірталай оқытушылары жүр! Біз қарша кешіп, жатақхана әкімшілігі мен кезекшілері жинап-теріп үлгере алмай жатқан осынша көп листовкаларды – үндеу парақтарын кімдер, қашан, қалай әкеліп тастап кеткен?! Түкке түсінбеген бізді аудиториямызға кіре бергенде Аманқұл, Есен, Сайлау сияқты жерлес ағайларым елдің жиналып жатқанын тұспалдап жеткізіп, Орталық алаңға шығуға шақырды. Өте ұқыпты әрі тәртіпті жанмын. Рұқсатсыз сабақты тастап кете алмағандығымнан бара алмайтынымды айтып, қала бердім. Сол күні бізді әлгі 223-аудиторияда бірнеше сағат бойы ұстады… Оқылатын лекциямыз да оңған жоқ.

Әр оқытушы бір келіп, аты-жөнімізді тізім бойынша қайта-қайта тексеріп кетеді. Біраз адам жоқ. Ымырт жабыла жатақханаға оралған әрқайсымыздың бөлмемізде бары-жоғымызды анықтаған оқытушылар мен жатақхана коменданты сыртқа шығуға, далаға қыдыруға қатаң тыйым салынатынын ескерткен соң Татьяна да, мен де басы артық әңгіме айтудан сақтанып ұйқыға ерте жатып қалдық…

Ертеңіне желтоқсанның 17-сі күні таңғы 8-де оқу корпусына дейін біздерді балабақшаның бүлдіршіндеріндей екі-үштен сапқа тұрғызып, қалың қар жамылған қаланың тротуарымен бірнеше мұғалім қарауылдап ілесіп жүріп отырып, ертіп әкелді. Алаңдағы бейбіт шерулі митингіге барып қатысқандығы үшін Аманқұл, Есен ағайлар сұраққа алынып, көпке дейін арамызда көрінбеді. Естуімізше, жеке еңбек парақшаларына қолданылған тәртіптік жаза туралы сілтемелер түсіріліпті. Екеуі де жамбылдық мектеп директорлары болатын. Кейінірек, бірнеше жылдан соң, Аманқұл ағайдың қайтыс болғанын естідім. Ал Есен ағай туралы хабарым жоқ.

Әуел баста екі айлық курстың талабы бойынша, жаңа жылдық мереке күні ғана демалыс, сабақтан бір күн де қалуға болмайды, сондықтан ауыл-ауылға баруға рұқсат етілмеген-тін. Жаңа қоян жылын – 1987 жылды үйімізден, отбасымыздан жырақта қарсы алатын болдық-ау деп жүргенбіз.

Жоғарыдағы жайттардан соң сабақтар уақытша тоқтатылып, бәрімізге үйді-үйімізге қайтуға рұқсат берілді. Рұқсат емес-ау, қатаң талап етілді. Біздің оңтүстік жаққа пойыз тек күнара жүреді екен, асықпай желтоқсанның 28-іне, не 30-ына алған жамбылдық, шымкенттік, қызылордалықтардың билеттерін шұғыл түрде одан да ертерек уақытқа ауыстыртып, әрқайсымыздың пойызға аман-есен отырғанымызға анық көздерін жеткізу үшін тізіммен тексерген оқытушыларымыз бен кураторларымыз перроннан шығарып салысты. Солардың тапсырмасымен тамыр-таныстарымызға өз қауіпсіздігіміз үшін алдын ала телеграмма да жөнелткенбіз.

Пойызымыз Жамбылға (қазіргі Таразға) түн қараңғысында келіп тоқтағанда перронда жолаушылардан гөрі қызыл жағалылар көп көрінді. Әншейінде «Милиция – менің қорғаным» деген қанатты сөзге сүйеніп кеткен бізге олар осы жолы кәдімгідей үрей тудырды. Тамбурдан түсе бере, ызғардан тітіркенген бойымды тіктеп үлгермеген маған да орыстілді біреуі жетіп келіп, қайдан келе жатқанымды, қайда тұратынымды, қайда баратынымды тәптіштеп тергей бергенде, жеделхатымды алған ғой, сірә, қаладағы 8-шағынауданда тұратын нағашы ағам Асан мен Күнімкүл жеңешемнің жанұшыра маған қарай жүгіріп келе жатқанын көріп қыстығып жылап жібердім.

Келмеске кеткен кеңестік кезеңнің сол бір ауыр жылдары туралы күнделігіме «16-17-сі күнгі Алматыдағы студенттердің жиналғандары ойымнан кетер емес. Пленумға бола дейді…» деп екі-ақ ауыз сөз жазыппын. Ол кезде одан ашық жазу да, ашық айту да қорқынышты етін…

Нағашымның пәтеріне түнеп шыққан соң, ертеңіне автовокзалдан ауылға баратын «Икарус» автобусына міндім. Жолаушылар билетін тексеріп барып отырғызатын қазақ кассирдің «предьявляйте билеты, пожалуйста!» деген өтінішіне автобус ішіндегілер өре түрегелісті. Желтоқсанның ызғарын сезініп үлгерген жұрттың дені кассирді түтіп жіберердей. Қазақ бола тұрып қазақша сөйлемегендігін бетіне басып, гүрілдей дауыс көтерген ауылдас жігіттерге мен де қосылып кеттім: кеудемді намыс кернеп тұрды! Ішім толы – ыза…

 

Үміт БИТЕНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support