- Advertisement -

Еңбек еңсе көтереді

41

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елімізді өркендететін экономикалық саясаттың негізгі өзектерінің бірі – ауыл шаруашылығы саласына ден қойып, оның драйверлік және локомотивтік әлеуетіне кеңінен тоқталған еді. «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу» деген Президент бұл сала бойынша нақты бағыттарды белгілеп, орындалуы тиіс міндеттер де айқындап берді. Президент тапсырмасынан туындаған міндеттерді меркілік шаруалар да табысты орындауда. Жалпы, аудан агроқұрылымдары осы жылды табысты аяқтап отыр. Осы ретте, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Достай Сәрсембиевпен сұхбаттасқан едік.

– Достай Анықбайұлы, экономиканың драйвері һәм азық-түлік қауіпсіздігінің алғышарты саналатын ауыл шаруашылығын өркендетпей басқа мәселелердің асуынан асып, ауылына сапар шегу әркімді де жолқақты етіп тұралатып тастайды. Осы орайда, осы жылдың он айында атқарылған істер турасында айтсаңыз. Неге қол жеткіздік, қай істе кешеуілдік бар?

– Географиялық орналасуы мен табиғаттық ерекшеліктерінің өзі диқаншы мен малшының, бағбаншы мен көкөніс өсірушінің, жалпы айтқанда, шаруаның жайына қарайласатын Меркі өңірінде қарбалас тірліктен қалыс қалу қаперімізге де кірмеуі тиіс деп есептеймін. Аудан әкімі Жорабек Баубековтың, ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары Бақытхан Әбжапаров пен бөлім басшысы Садықжан Бұтабаевтың бұл маңызды салаға деген жанашырлық позициясы мен аудан шаруаларымен бірлесе еңбек етуінің нәтижесінде ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы бойынша биылғы 10 айда 43 миллиард 979,8 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Аталған кезеңде ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 2 миллиард 92 миллион теңге, өткен жылмен салыстырғанда 102,5 пайыз, тамақ өнімдерінің негізгі капиталына 1 миллиард 222 миллион теңге, өткен жылмен cалыстырғанда 121,2 пайыз артық инвестиция тартылды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. 2023 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 101977 гектар алқапқа орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3400 гектарға немесе 103,3 пайызға артық.

– Тербетілген егістік алқаптарын көргенде, ең алдымен ел қамбасының молшылығы мен жұрттың жайы көз алдыңа елестеп, бір масайрап қаламыз. Осы салаға жеке және басқа да күнделікті тұтынылатын азық-түлік өндіру жұмыстарына да тоқталып өтсеңіз.

– Меркі ауданында биыл 27614 гектарға бидай, 29896 гектарға арпа, барлығы 57510 гектар алқапқа дәнді масақты дақылдар себіліп, жиналды. Атап айтсақ, бидайдан 27062 тонна, арпадан 29896 тонна, жалпы, барлығы 52773 тонна астық бастырылып, 9,2 центнерді құрады. Сонымен қатар, сіз сұрағандай күнделікті тұтынылатын көкөністерге келсек, есепті кезеңде 1038 гектарға орналасқан картоптан 18787 тонна, мақсарыдан 3065,9 тонна, бақшадан 10984,6 тонна, жүгеріден 4692 тонна өнім жиналды.

– Халықтың тұрмыс-тіршілігін мал шаруашылығынсыз елестету қиын. Осы маңызды саланы кеңінен зерделеп өтсеңіз.

– Алдымен мал басының өсу деңгейіне тоқталсам, 2023 жылдың 10 айында мүйізді ірі қара саны өткен жылмен салыстырғанда 59220 мың бас, қой-ешкі 360424 мың бас, жылқы 21187 мың бас, шошқа 207 бас, құс 93223 мыңды құрады. Бәрінде де өткен жылмен салыстырғанда арту көрсеткіші бар. Ал, мал өнімдері бойынша биылғы 10 айда мал өнімдерінен сүт 28558,5 тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 361,6 тоннаға артты, ет 7039,3 тонна болып, 55,39 тоннаға артты, жұмыртқа 1987,7 мың дананы құрады. Аудандағы 14 ауылдық округте жалпы 58 қоғамдық табын жайылымға шығады. Бұл қоғамдық табындағы мүйізді ірі қара саны – 7218 бас, бұқа саны – 107 бас. Жыл басынан осы күнге дейін 845 аналық бас сиыр Алатау, Швид, Симментал, Гольштейн тұқымды бұқалардың ұрығымен жасанды, ал 5207 бас сиыр қоғамдық жайылымда табиғи жолмен ұрықтандырылды. Қазіргі таңда мал қыстатуларында 206000 тонна пішен, 46500 тонна сабан және 10000 тонна пішендеме, 5000 тонна сүрлем дайындалған. Биыл, өздеріңіз де білесіздер, Жер-Анадан табыс тауып отырған шаруашылықтар үшін аса қиын жылдардың бірі болды. Биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты, өкінішке орай, шаруашылықтар өз өнімдерін өткен жылмен салыстырғанда дәнді-масақты дақылдарды 8,8 центнерге төмен алды. Сонымен қатар, 5 гектар бақша, 178,7 гектар жүгері, 1239,9 гектар қант қызылшасы, 70 гектар құмай жүгері мен 93,9 гектар жоңышқа, барлығы 64 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің 1587,5 гектар егіс алқаптары қолайсыз ауа райына байланысты зардап шекті. Мемлекет тарапынан келген залалды өтеу үшін табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, 628,4 миллион теңгеге өтемақы төлеуге жұмысшы топтың шешімі шығарылды.

– Жақсы өнім жинау тұқымға да байланысты екені белгілі. Осы бағытта ұйымдастырылып жатқан жұмыс барысына тоқтала кетсеңіз.

– Иә, бұл сала біздің бөлім мен аудандық тұқым инспекциясы арқылы да үнемі назарға алынып келеді. Меркі ауданы бойынша егілген тұқым көлемі 10034 тоннаны құраса, оның 289 тоннасы элиталық, 2262 тоннасы 1-репродукциялық, 2184 тоннасы 2-репродукциялық, 5120 тоннасы 3-репродукциялық тұқым, 28 себу бірлік гибридті тұқымдары себілсе, 150 тонна жалпы топтық тұқым себілді. Шаруашылықтар, әрине, тұқымның сапалы болуына және тек қана зертханада тексерістен өткен тұқым себуге ден қоюлары қажет. Ал, минералдық тыңайтқышқа келсек, 2023 жылы егістік алқаптарына 4969,9 тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған еді, біздің шаруалар 4983 тонна алып, бұл көрсеткішті 100,2 пайызға орындады.

– Достай Анықбайұлы, біздің еліміз трансшекаралық су көздеріне тәуелді. Сондықтан, су саясаты деген тақырып бізді айналып өтпесі белгілі. Бұл ретте, жаңадан құрылған арнайы министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметінің қайта жұмыс істеуі де уақтылы қолға алынған іс дер едім. Ал, біздер өз кезегінде өңірімізде су үнемдеу технологияларын енгізу ісін кешеуілдетпей, барымызды тиімді пайдалануымыз шарт, әзірше басқа жол жоқтың қасы.

– Иә, тіршілік нәрін үнемдеп қолданумен өнім алуды басты назарға алып отырмыз. Өткен жылы 7711 гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып, ол 7771 гектар алқапқа енгізілді, яғни көзделген мақсат 100,7 пайызға орындалды. Биыл 8262 гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып, 100 пайыз жүзеге асырылды. Атап айтсақ, биыл «Жас» шаруа қожалығы 280 гектарға, «Мыхан орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 500 гектарға түркиялық жаңбырлатқыш агрегаттарын орнатты. «Қазсушар» РМК Жамбыл облысы филиалының Меркі өндірістік бөлімшесінің теңгеріміндегі 40 каналдың «Еуразиялық даму банкі» бағдарламасы аясында оның 225 километрі қайта қалпына келтірілуде. Аспара су жүйесі бойынша «ТрейИнтерКом» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 1,5 миллиард теңгеге конкурспен мердігер атанды. Қазіргі таңда мердігер тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Үлкен Шу каналы, Меркі су жүйелері бойынша «Ақтөбенефтегазстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып танылды. Бөлінген қаражат 1,4 миллиард теңге. Меркі өндірістік бөлімшесіне қарасты 46 жерасты су ұңғымаларын қайта қалпына келтіруге «Еуразиялық даму банкі» бағдарламасы арқылы 4,3 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Бүгінгі күнге ұңғымалар толығымен қазылды, инфраструктура жұмыстары жүргізілуде. Су қоймалары бойынша айтсам, оның ішінде, «Андас-1» маусымдық реттеу құймалы тоғаны бар. Қойма Қызыл сай ауылында орналасқан. Бөгет жармасы бойынша ені 297 метр, су ағыны бойынша ұзындығы 340 метрге дейін. Қойманың толық сыйымдылығы 229 422 текше метр, су тұтынушылардың қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етеді. Суарамалы суды беру көлемі жыл сайын 0,23 миллион текше метр, жоспарланған суару алаңы 220 гектар. Аспара өзенінен қоректендіре отырып, маусымдық реттелетін Андас-1 құймалы тоғанын құру жоспарланған. Өзеннің ағынын ұтымды реттеп, оны өңірдегі суармалы егіншілікті дамыту үшін ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне пайдалану керек. Ол арқылы суармалы егіншілікпен халықты жұмыспен қамту деңгейінің өсуі және олардың әл-ауқатын көтеру болып табылады. Құрылыстың жалпы құны 336 320,8 мың теңге. Мердігер «Интеллект Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аяқталу мерзімі алдағы 30 желтоқсанға жоспарланған. Ал, Андас-2» құймалы тоғанына келсек, болашақта Аспара өзенінен қоректендіре отырып, осылайша маусымдық реттелетін «Андас-2» құймалы тоғаны құрылады. Аспара өзенінің ағынын ұтымды реттеп, оны өңірдегі суармалы егіншілікті дамыту үшін ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне пайдалану жоспарлануда. Су беру көлемі жыл сайын 42565 текше метр, жоспарланған суару алаңы 220 гектар. Құрылыстың жалпы құны 110055,2 мың теңге. Мердігер – «Таразстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аяқталу мерзімі биылғы 30 желтоқсанға белгіленді. Енді «Андас-3» маусымдық, реттеу құймалы тоғаны жайлы айтайын. Бұл тоғанның толық сыйымдылығы 735565 текше метрді құрайды. Суармалы суды беру көлемі жыл сайын 735565 текше метр, жоспарланған суару алаңы 540 гектар. Құрылыстың жалпы құны 1 339 222,3 мың теңге. Мердігер «Tolagai – 2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аяқталу мерзімі келесі жылдың 30 наурызына көзделді. Осы аталған «Андас 1,2,3» су қоймаларының жоба құны 1 785 598,3 мың теңге болса, жалпы сыйымдылығы 1,39 миллион текше метр, бекітілген егістік алқап 980 гектар.

– Ендігі кезекте шаруаларға демеу болатын түрлі бағдарламалар мен жобалар турасында сөз қозғағанымыз дұрыс шығар. Мысалы, «Ауыл аманаты» жобасы туралы шаруалар арасында жақсы пікір қалыптасқан, атқарылған жұмыс қарқыны қандай?

– Соңғы жылдары қарапайым ауыл шаруасының ісін тіктеуге бағытталған бағдарламалар легі көбейе түсті. Оның ішінде, сіз айтып отырған «Ауыл аманаты» да бар. Сонымен, Меркі ауданында Сұрат, Ақермен ауылдық округтерінде 286 жеке кәсіпкерге 1 миллиард 58 миллион теңге несие беріліп, 293 адам жұмыс орнымен қамтылды. Биыл «Ауыл аманаты» жобасына Ақтоған, Ақарал, Жаңатоған ауылдық округтері енгізіліп, 446 жобаға 2 миллиард 342 миллион 905 мың теңге бөлініп, 448 жобаны 2 миллиард 788 миллион 240 мың теңгеге қаржыландыруға ұсынылды. Сонымен қатар, Тәтті, Кеңес ауылдық округтеріне қосымша 219 жобаға 1 миллиард 153 миллион теңге бөлінді. Өткен жылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 26 шаруа қожалыққа 242,8 миллион теңге несие берілген болатын. Ал, биыл «Кең дала» бағдарламасына 12 шаруа қожалықтан 165,7 миллион теңгеге өтінім түсіп, төленді.

– Машина-трактор паркі заманға сай жаңарып тұрмаса, ісіміз баяу жылжитыны айтпаса да анық. Осы ретте ауыл шаруашылығы техникасының ахуалы қандай? Оларға қажетті жанар-жағармай туралы да айтып өтсеңіз.

– Өткен жылы 130 ауыл шаруашылығы техникалары 729,6 миллион теңгеге сатып алынды. Жаңару көрсеткіші 11,1 пайызды құраса, биыл 170 ауыл шаруашылығы техникасы 1 324,9 миллион теңгеге сатып алынып, жаңару көрсеткіші 14,5 пайызды құрады. Жанар-жағармайға келсем, биыл Үкімет тарапынан кепілдендірілген бағамен 3315 тонна жанар-жағармай берілді. Оның ішінде, көктемгі дала жұмыстарына 1625 тонна, ал 1836 тоннасы күзгі дала жұмыстарына жұмсалды. Меркі ауданы бойынша таратушы оператор «Wedo Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады.

– Ауданымызда құрылған кооперативтердің жұмысы қалай өрбіп келеді?

– Аудан бойынша барлық ауылдық округтерде сүт бағытында 6 ауыл шаруашылығы кооперативі, ет бағытында 5 кооператив құрылып, жұмыс істеп жатыр. Ет бағытындағы кооперативтер 201 тонна өнім берді. Сүт бағытындағы кооперативтер 634,4 тонна сүт өндіріп отыр.

– Жуырда ғана ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Онда агросала бойынша ауданымыздың жеткен жетістіктері сараланып, алға қойған мақсат-міндеттері кезекті рет айқындалған соң, тірлігімен танылған еңбек адамдары марапатталды, бұл жөнінде не айтасыз?

– Иә, еңбек адамдарын жоғары қою олардың мәртебесін көтеріп ғана қоймай, ел ризығы үшін төгілген маңдай тердің өтеуі іспеттес. Сонымен қатар, ол елдігімізді де барынша танытатын үрдіс. Осы орайда, «Нұр-Сұлтан» шаруа қожалығының жетекшісі Әтіркүл Бәйелі Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, ал, «ДОТ» шаруа қожалығының жетекшісі Тасқын Аташев аталған министрліктің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар еңбек озаттары Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімі мен аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіптік одағы Жамбыл облысы бойынша филиалы төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

– Сұхбатыңыз үшін алғыс айтамын.

 

Әлихан НҰРАЛИЕВ,

журналист.

Меркі ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support