- Advertisement -

Тәрбиеші – бала жанының бағбаны

65

- Advertisement -

Балаларды өсіп келе жатқан гүлдің өскіні деп алатын болсақ, сол өскінді өсіріп, баптау, оның әдемі өсуіне ықпал жасау тәрбиешінің қолында. Өйткені, ол – балалардың бағбаны. Ең қызығы, тәрбиеші балаларды тәрбиелей отырып, өзін де тәрбиелей алады. Балаларды ойната отырып, өзі де ойнайды, оларға зерттеу жұмысын беріп, өзі де оған атсалысады. Яғни, балалармен бірге өседі, дамиды, жетіледі, биік шыңдарды бірге бағындырады.

Білімді, қабілетті ұрпақ–ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Ендеше, білімнің қайнар көзі саналатын балабақшаның, балаларға білім нәрін себетін тәрбиешінің ең бірінші міндеті – жауапкершілік.

Қазақтың белгілі ақыны Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер». дейді. Расында да, балабақша табалдырығынан аттаған балаға тәрбие беру үшін тәрбиеші маманның өзі тәрбиелі, білімді, өнерлі болғаны жөн. Бала жас тал болса, ересектер оған бағбан болуы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан іс. Сәби жанын жақсылық нәрімен суару – тәрбиешінің міндеті.

Бүлдіршіндердің сезімдері өте нәзік, әсершіл келеді. Оларға айтқан, көрсеткен нәрселердің бәрі шындық, сұлу, әсем, жарасымды болуы керек. Тәрбие – қалып тәрізді, егер қалып қисық, олпы-солпы болса, сол қалыпқа салынған зат та оңды болмайды. Бала тәрбиесі де дәл сол сияқты. Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиешінің міндеті. Сонда ғана бала бой көтеріп, бәйтерекке айналады.

Бала кейде сенің ойлағаныңнан да артық затты немесе қиялына ерік берсе ешкімнің ойы түгілі, түсіне де кіре бермейтін идеяларды дүниеге әкелетіні рас. Сондықтан, педагогтің өз тәжірибесіне сүйенуі аздық етеді. Сондай-ақ, баланы ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеу өте маңызды дер едік. Халқымыздың баға жетпес құнды қасиеттерін жастайынан санасына сіңіріп өскен бала өскенде ұлтжанды, халқының намысын қорғайтын азамат болады.

Мен «Ботақан» тобына тәрбиешілік етемін. Осы балапандар біздің мекемеге келгенде әлі тілдері де толық шықпаған, ойын жеткізе алмайтын еді. Жасы үшке толар-толмастан тілі былдырлап, томпаңдап келген баланы бауырыма қысып, еркелету маған ерекше қызық. Әрбірін қолымнан келгенше еркелетіп отырамын. Әрбір сәбидің жүзін көргенде бақыттың базарында жүргендей күй кешемін. Олар да маған бауыр басып қалды.

Балабақшада әртүрлі балалар болады. Бірі тілалғыш, бірі айтқанды істемейтін, бірі көңілшек, бірі ашық, жайдарлы болады. Яғни, әрқайсысының тілін тауып, ортақ ымыраға келуіміз керек. Адамгершілікке баулимыз. Әртүрлі ойындар, шүйіркелесу, достасу, бірге отыру, бірге тамақтану, бір-бірін құрметтеу, ұрмау, жылатпау, көмектесу сияқты жан-жақты тәрбиені бойларына сіңіреміз. Баланың ойын кезіндегі белсенділігі, өзара қатынастар жасауы оның дамуына ықпал етеді. Баланың тәрбиелі ұрпақ болып жетілуіне бірден-бір ықпал ететін орын – балабақша. Бала тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең маңызды міндет. Біздің қызметіміз де, өміріміз де бала өмірімен тығыз байланысты. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, ата-анасын құрметтейтін саналы азамат болып өсуіне қолдан келгенше атсалысамыз.

 

Назира НАРЖАНОВА,

№20 бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support