- Advertisement -

Ұлы көш

17

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қоныс аудару саясатын реформалау және ішкі көші-қонды реттеу қажеттігін алға қойған болатын. Бұл солтүстік өңірде еңбекке қабілетті халықтың азаюы және халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерде жұмыссыздықтың жоғары деңгейі демографиялық теңгерімсіздік қана тудырмай, әлеуметтік- экономикалық проблемаға алып келетіндігінен туындаған. Одан бөлек, елдің қауіпсіздік мәселесіне де тікелей әсер етеді.

2017 жылдан бастап елімізде оңтүстіктен солтүстікке өз еркімен қоныс аудару мақсатында құрылған «Серпін» бағдарламасы жұмыс істеп, 2021 жылдан бері бұл бастама «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылып келеді. Бағдарламаның шарттары бойынша өңіраралық қоныс аударуды қолдау қандай жағдайларда көрсетілетініне тоқталайық. Яғни, көшуге субсидиялар беруді, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі шығыстарды өтеуді, қоныс аударуға жәрдемдесетін жұмыс берушілерге субсидиялар бөлуді, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды, жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесуді қамтиды. Қоныс аударушыларға отбасының әрбір мүшесіне тиісті біржолғы төлем, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды өтеу ұсынылады. Бағдарламаның тиімділігі қоныс аударушылар санымен және жұмыспен қамту деңгейінің динамикасымен өлшенеді.

Осы ұлттық жоба аясында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильдігі орталығына өткен айларда жаңадан құрылған Ұлытау облысынан делегаттар келді. Олар облыстағы бірнеше ауданда халықпен кездесу өткізіп, Ұлытау облысына ерікті қоныс аударудың шарттары туралы кеңінен түсіндірді.

Халық үшін Отанының қай өңірі болса да қасиетті де қадірлі екені рас. Әйтсе де, ұлт үшін Ұлытаудың орны өте ерекше екені даусыз. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен небір қысылтаяң шақтарда қазақтың игі жақсылары бас қосып, үш биі бәтуә жасап, үш жүзі мәңгілік бірлікті қалайтынын білдіріп, тасты қашап, таңба салды. Тәуелсіздікке, бостандыққа қол созды. Басынған жауды тойтарды, ұлттың ұлттығы сақталды. Ұлытау – міне, осынысымен де құнды, тарихтан із қалдырған мұраларымен бағалы.

Қалың бұқараға белгілі болғандай, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанда үш бірдей облыс құрылды. Соның бірі осы – Ұлытау облысы. Орталығы Жезқазған қаласы болған. Бұл туралы өткен жылы 16 наурызда ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы Қазақстан халқына Жолдауында Қарағанды облысының бөлігінен Ұлытау облысының құрылатынын айтты. Облыс 2022 жылы 8 маусымда құрылды.

Қасиетті Сарыарқа топырағында Солтүстік пен Орталық Қазақстанның ортасынан ойып орын алған Ұлытау облысында небәрі 230 мыңға жетер-жетпес халық тұрады. Аумағы үлкен өңірде Жезқазған қаласы, Қаражал және Сәтбаев қалалары, одан бөлек, Ұлытау және Жаңаарқа аудандары бар. Екі ауданға барлығы 33 ауылдық әкімшілік округ қарайды.

Сонымен қатар, облысымызға өткен айда Абай облысынан да делегаттар келген болатын. Ұлылардың мекенінде – Шыңғыстаудың етегінде орналасқан Абай облысы 2022 жылғы 8 маусымда Қазақстанның шығыс бөлігінде құрылған жаңа облыс. Әкімшілік орталығы Семей қаласы. Семей өткен ғасырдың басында қазақ руханиятының астанасы саналды. Абайдан бастау алып, Алаш қайраткерлерімен жалғасқан ұлы жол халқымызды жаңа деңгейге көтерді. Әкімшілік қайта құру нәтижесінде Абай облысы 8 ауданнан және облыстық бағыныстағы 2 қаладан тұрады.

Бұл жер – тарихтың қайнар көзі. Сәулет пен мемориалдық құрылыс, тарих пен ғылым, мәдениет пен білім беру, инженерлік технологиялар мен өзге сала нысандары маңызды оқиғалардың куәсіндей, бүгінге дейін өткен күннен сыр шертеді. Тарихты біліп, түсінуде келешек дамуымызды айқындайтын даңғыл жол бар. Осындай ұлан-ғасыр даламыздың кеңдігін біз қашанда мақтан тұтамыз.

Ұлы даланың Ұлттық жобасы аясында «Жаңа облыс, жаңа мүмкіндіктер, жаңа бастамалар» атты бастамамен жаңадан құрылған Абай облысы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы орынбасарының міндетін атқарушы Еркебұлан Накипов, Семей қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік Жұмаділов бастаған арнайы делегат келген еді. Облысымыздың орталығы Тараз қаласында, Құмшағал шағынауданында және Байзақ ауданында тұрғындармен кездесті. Оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде көшу бойынша және қоныс аудару кезінде азаматтарға берілетін алғашқы көмектер туралы кеңінен түсіндірді. Айта кетсек, тұрғын үй сатып алуға сертификат 4 миллион теңгеге дейін беріледі. Отбасының әрбір мүшесіне берілетін субсидия 70 айлық есептік көрсеткіш, яғни 241500 теңге деп белгіленген. Тұрғын үйдің жалдау ақысы 6 айға дейін мемлекет тарапынан төленіп тұрады. Қоныс аударушы өз кәсібін ашуға ниет білдірсе, 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 миллион 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантты иелене алады. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан тұрақты жұмыс табуға көмек көрсетіледі. Арнайы келген делегаттар бүгінде облыста барлығы 987 бос жұмыс орны бар екендігін ашып айтты. Тағы бір ескеретін жағдай, Ұлытау мен Абай облысына көшіп баруға зейнет жасына дейінгі кез келген жұмысқа жарамды азамат құқылы.

Бұл іс-шаралардың басы-қасында Еңбек мобильдігі орталығының директоры Серік Әлібеков жүріп, бағдарламаның негізгі мақсатын түсіндірді. Яғни, базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй- коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету, азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру көзделген.

Сонымен қатар, орталық директоры Серік Айдарұлы жыл басынан бері Жамбыл облысынан жұмыс күші тапшы өңірлерге 203 отбасы, 649 адам қоныс аударғанын айтып өтті. Оның ішінде Павлодар облысына 68 отбасы, 207 адам, Қостанай облысына 62 отбасы, 200 адам, Солтүстік Қазақстан облысына 54 отбасы, 175 адам, Шығыс Қазақстан облысына 8 отбасы, 24 адам, Ұлытау облысына 2 отбасы, 12 адам, Абай облысына 9 отбасы, 31 адам көшкен.

Қоныс аударушылар арасынан 357 адам жұмысқа қабілетті жастағылар болса, олар бүгінде 176 тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. Солардың ішінде 18 бен 35 жас арасындағы 243 азамат бар. Мектеп жасындағы және мектеп жасына дейінгі 349 бала балабақша және мектеп орындарымен қамтылды. Қоныс аударушы отбасылары толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидиялар төленді және олар жалдамалы тұрғын үймен қамтылып отырғандығына да тоқталып өтті.

Ұлт ұясына айналған қасиетті өңірлерді қайта түлету, ондағы халық санын көбейтіп, еңбек ұтқырлығын арттырып, өңір экономикасын қайта жандандыру – Президенттің тапсырмасы. Айтылған сөз іс жүзінде орындалып та келеді. Жемісті нәтижесін көрер күн де алыс емес.

 

Гүлнара БАЙБОСЫНОВА,

«Жамбыл облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Еңбек мобильдігі орталығының» баспасөз хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support