- Advertisement -

Төлегеннің ісі көпке үлгі

49

- Advertisement -

Биыл Жетітөбе ауылдық округі «Ауыл аманаты» жобасына енгізіліп, шаруашылықтар жұмысы жандана түскені белгілі. Соның ішінде тасбастаулық Төлеген Шәрденовтың жұмысын атап өтуге тұрарлық.

Ауылдың тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығы және қол еңбегімен, оның ішінде, мал бағу, егіс егу сияқты сан-салалы жұмыстармен тікелей байланысты. Осынау еңбек салтының желісін үзбей келе жатқан Тасбастау ауылындағы Шәрденовтер отбасы осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын «Самат» шаруа қожалығын құрып, бүгінде оның жұмысын жолға қойып, аяғынан нық тұрғызған. Шаруашылықта 80 гектардай егістік жер бар. Мал азығы мен жем-шөбін осы алқаптардан дайындауда.

Қазіргі таңда шаруа қожалықта жылқы және мүйізді ірі қара мен қой-ешкі бар. Ал, техникадан «МТЗ- 80», «МТЗ-92-2» тракторлары, шөп шабуға арналған «Германка», комбайн, шөп тайлайтын агрегат, жүк көліктері мен тіркемелері бар. Бұл техниканы олар өздері жүргізеді. Ал, науқандық жұмыстар кезінде ауылдастарын да қосымша жұмысқа тартады.

Шаруашылық 100 жылқы, 15 сауынды сиырды қорасында ұстап отыр. Бұдан бөлек, бірнеше бас ірі қара бордақыға байланып, етке өткізілуде. Сиырдан сауылған мол сүтті жергілікті сүт өңдеу зауыттарына күнделікті өткізеді. Шаруалар үшін мал қыстату науқанының аса жауапты кезең екенін ескерсек, «Самат» шаруа қожалығы да алдағы қыс мезгіліне толықтай дайындалған. Шаруашылық қолдағы төрт түліктің қыстық азығына 6 мың пішен, 2 500 тайланған сабан, 40 тонна арпа мен бидай дайындаған.

Шаруашылыққа басшылық жасап отырған Төлеген Шаймерденұлы ол биыл жыл басында Жетітөбе ауылдық округінде қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасына қатысу арқылы 7 миллион 500 мың теңге несие алып, оған 16 бас жылқы сатып алған.

– «Ауыл аманаты» жобасына ауылымыз қосылғанда қатты қуандық. Себебі, қазір жеңілдетілген несиеге қол жеткізу біз сияқты қарапайым шаруаларға өте қиын. Бұрын мұндай қомақты несие алып көрген емеспін. Тек қолдағы төрт түлікті жақсылап бағып, оның сапасын арттыруға күш салып, соның нәтижесінде ғана малдың басын көбейтіп отырмыз.

Ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде, тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруды көздеген жобаның аясында берілетін несие қаражатының тиімділігі мол. Бір айта кетерлігі, құжат дайындау ісінде бірқатар қиындықтар мен кедергілер болды. Жобаның шартында көрсетілген талаптарды басшылыққа алып жұмыс істеудемін. Қомақты қаражатқа осы жылдың алғашқы айларында қол жеткізіп, желтоқсан айында оның алғашқы төлемін төледім. Бір жылға жуық уақыт каникулдың өзі тірлік бастап, аяққа тұрамын деген кәсіпкер азаматтарға үлкен көмек. Бағдарламаның талабына сәйкес, жылқының белгіленген басын сатып алдым. Ендігі кезекте оны бір жылдай қолда ұстап бағып, алдағы жылы барлығын бордақылауға қоямын. Семіртілгендері кезегімен сойылып, ет комбинаттарына өткізіледі. Жалпы, ауыл шаруашылығын қолдауға, оның ішінде, біз сияқты ауылдағы шаруа азаматтарға «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігі өте көп. Оны лайықты жалғастыруға алдағы уақытта да күш сала береміз. Біздің басты мақсатымыз – төрт түліктің басын көбейту арқылы ауыл тұрғындарын сапалы азық- түлікпен қамтамасыз ету, – дейді Төлеген Шәрденов.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support