- Advertisement -

Табиғатты қорғаудың тиімділігі мол

40

- Advertisement -

Адамның тіршілігі табиғатқа тікелей байланысты болғандықтан да біздің халық Табиғат-Ана деп ардақтап атайды. Оның байлығын оңды-солды пайдаланып, күтімін жасауды назардан тыс қалдырмау үшін осы салада арнайы еңбек ететіндер бар. Әр өңірлердегі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармалары елдегі «жасыл» экономиканы дамытуды мақсат етеді.

Облыс көлемінде аталған басқармаға бағынысты 15 орман шаруашылығы және мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі мекемесі жұмыс атқарады. Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектар болса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2 миллион 357 мың гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр.

– Орман қорындағы орманшылықтарда 34 өрт бақылау мұнарасы жұмыс жағдайына келтіріліп, өрт қаупі бар аумақтардағы 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылды. Сонымен қатар, күніне екі рет орман қорындағы жағдайлар бойынша басқармаға рациялық байланыс құралдары арқылы есеп берілді. Облыс әкімінің «2023 жылдың өрт қауіпті маусымында Жамбыл облысы аумағында өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №11 қаулысы қабылданып, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылды. Облыс аумағында дала және орман өрттерінің алдын алуға, мемлекеттік орман қоры жерлеріне табиғи өрттердің таралуына тосқауыл қою мақсатындағы іс-шаралар 24-28 сәуір аралығында өткізілді. Бұл өрт сөндіру оқу-тәжірибелік жаттығу әдістемелерін облыстық төтенше жағдайлар департаменті, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және аудандық әкімдіктер бірлесіп, жоспарға сәйкес ұйымдастырды. Сондай-ақ, биылғы 22 маусымда Қырғызстан Республикасымен трансшекаралық аумақта орман және дала өрттерін сөндіру бойынша оқу-жаттығу жиындары өткізілді. Сондай-ақ, 14 шілде күні Сарысу ауданында Жамбыл және Түркістан облыстары бірлескен облысаралық өртке қарсы оқу-жаттығу өткізіп, оған Жамбыл, Түркістан облыстарының төтенше жағдайлар бөлімшелері, жедел жәрдем мобилді көліктері, орман шаруашылығы мекемелері және ауылдық округтері қатысты. Орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттің алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шара жоспары бойынша 11154,5 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары жүргізілді. Орман қорын күзету және патрульдеу үшін өртке қарсы техниканы ұстауға жанар-жағармаймен толығымен қамтамасыз етілді, яғни өрт сөндіру резервіне 31 мың литр бензин, 15 мың литр дизель әзірленді. Облыстың орман қоры өрт қаупі бар маусымы кезінде Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» мекемесі 1 ұшағы мен 1 тікұшағы арқылы әуеден бақылау-мониторинг жұмыстарын жүргізді. Ағымдағы жылдың өрт қауіпті маусымы кезеңінде орман қоры жерлерінде 7 орман өрті оқиғасы тіркеліп, 1474,87 гектар учаске өртке шалдықты. Жеке тоқталсам, Байзақ ауданында 2 оқиғамен 441,5 гектарды, Жамбылда 30 гектарды, Мойынқұмда 43 гектарды, Қосқұдықта 323,57 гектарды, Жуалыда 2,5 гектарды, Меркіде 634,3 гектарды жалын шарпыған. Орман өртінен келген шығын сомасы 1360,9 мың теңгені құрады. Орын алған 7 орман өртінің екеуі адамдардың өрт қаупсіздік талаптарын сақтамау салдарынан орын алған. Аталған азаматтарға айыппұл салынып, табиғатқа келтірілген залал өндіріліп алынды, – дейді облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиев.

Нартай Әлібекұлының айтуынша, облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жыл сайын қаржы қарастырылып отыр. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен 2021 жылы 216 миллион теңгеге 10 трактор, 7 автокөлік және 48 дана агрегаттар алынып, 73 пайыз техника базасы толықтырылса, 2022 жылы 87 миллион теңгеге 2 трактор, 23 қажетті техникалар мен агрегаттар алынып, 75 пайызға арттырылған. Ал, биыл материалдық-техникалық базаны толықтыру мақсатында 280 миллион теңге бөлініп, 9 трактор МТЗ-920, 7 автокөлік, 10 өрт сөндіру мотопомпасы, 4 дискілі тырма, 40 мобильді, қолға ұстап жүретін рациялар және тағы да басқа қажетті техникалар мен агрегаттар алыныпты. Қазіргі уақытта орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасының құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі 78 пайызға жеткен. Сонымен қатар, «ҚР Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы» Үкіметтің №607 қаулысына сәйкес облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің өрт сөндіру станцияларының өрт сөндіру жасақшаларына өртке қарсы арнайы киім сатып алуға 63,5 миллион теңге бөлініп, 305 жиынтық өрт сөндірушілерге арналған киім сатып алуға мемлекеттік сатып алу жүргізіліп, 57,2 миллион теңгеге келісімшарттар жасалған. Қазіргі таңда өртке қарсы арнайы киімдер сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, республика бойынша су ресурстарын тиімді пайдалану үшін атқарылатын жұмыстар жоспарланған. Яғни, 20 жаңа су қоймасын салу және кемінде 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын қайта жаңғырту, 2027 жылға қарай қосымша екі текше километрге жуық суды қамтамасыз ету үшін кемінде 3500 километр арнаны жаңғырту және цифрландыру негізге алынған. Қазіргі уақытта осы тапсырмаға сәйкес, облысымызда бірқатар іс-шаралар қолға алына бастады. Атап айтқанда, көршілес Қырғыз Республикасынан ағын суға тәуелділікті азайту үшін, су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нағима Темірбекованың сөзіне сүйенсек, 2025 жылға дейін жалпы көлемі 46,2 миллион текше метр болатын 13 су қоймасын салу жоспарлануда. 2025 жылға қарай халықаралық «Еуропа қайта құру және даму банкі» мен «Халықаралық қайта құру және даму банкінің» несиесі есебінен ұзындығы 876 километр болатын 361 су объектісін қайта жаңарту жоспарланған.

– Суармалы суды пайдалану үшін қосымша 646 ұңғыманы бұрғылау жоспарлануда. Мәселен, ағымдағы жылы көлемі 1,4 миллион текше метр 3 су қоймасының құрылысы жүргізілуде. Олар Андас-1, Андас-2, Андас-3 су қоймалары, мұндағы жұмыстар 2 миллиард теңгеге жасалуда. Жоспар бойынша құрылысы 2024 жылы аяқталады. Қалған 10-ы, яғни Ырғайты, Қалғұтты, Ақмола, Молалы, Қарақыстақ, Сұлутөр, Көкдөнен, Мақпал, Шөңгер, Науа су қоймалары бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жұмыс істеп тұрған 2 су қоймасын 4 миллиард теңгеге қайта жаңарту жүргізілсе, 2 су қоймасы бойынша 51 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Ол екеуі көлемі 166 миллион текше метр Теріс-Ащыбұлақ пен Қарақоңыз су қоймалары. Тасөткел су қоймасында құрылыс жұмыстары 75 пайыз орындалды. Нысанның құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. 434 миллион теңгеге гидрологиялық бекетке күрделі жөндеу жүргізілуде. Нысанды қалпына келтіру Қазақстан мен Қырғызстан Республикасы арасындағы Талас өзені бассейні бойынша мемлекетаралық су бөлуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда облыстың 6 ауданында 69 мың гектар алаңда 36,6 миллион теңгеге арналарды қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Суармалы суды пайдалану үшін қосымша 103 ұңғыма бұрғыланды, 3,8 мың гектар суармалы сумен қамтылды, – дейді Нағима Тұйғынбекқызы.

Вегетациялық кезеңде жүргізілетін жұмыстардың нәтижесінде Қырғызстан Республикасына суармалы суға тәуелділік 85 пайыздан 50 пайызға дейін төмендейтін болады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support