- Advertisement -

Талант – тәңірдің тартуы

35

- Advertisement -

Құдайдан келген дарынды, елге пайдасы тиер өнерді тұншықтыру дегеніміз – үлкен күнә. Ал, таланттарды бағаламау – өрескел қателік. Қазақтың бағына біткен Қайрат Бейсембаевтың шығармалары халық арасында оң бағасын алып қойған. Исі алашқа керемет туындыларын ұсынған Қайрат Әшірәліұлының тұтас қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар деуге толық негіз бар. Арда азаматтың «Әкені аңсау», «Ана» атты әндері еріксіз әкеге деген құрметті, анаға деген махаббатты арттырары сөзсіз.

62 тамырды тулататын сөзбен, көңілді көкжиектен астастыра түсетін әнді бір арнаға тоғыстыру – бекзат өнер. Сол ғажап туындыға тыңдарман болу – бақыт, көрермен ретінде бір ауыз сөзбен жеткізу – қиын іс. Десе де, анаға деген мейірім мен махаббаттың шегі мен шеті жоқ екенін келісті ұйқастармен жеткізген ақын өлеңінің бір шумағына тоқталайық.

Ұрпақ үшін шыдап жүріп бәріне,

Жан анашым қарттық кірді-ау әріңе.

Өзің барда төрт құбылам тең менің,

Бала болғым келе берді әлі де, – деп жазған өнер иесінің өлеңінен асқан шеберлікті аңғару қиын емес. Әр жолына жіті көз жүгіртсеңіз, ананың бала алдындағы адалдығын аңғару қиын емес. Ақын осыны алғашқы тармақтан-ақ терең жеткізе білген.

Композитор шығармашылығы қазақтың дәстүрлі әнімен сабақтасып жатыр. Өзекті өртеп, жан дүниені жарып шыққан туындыларының көбісі тұрмыстық тақырыптар екенін аңғаруға болады. Мысалы, «Асыл жарым», «Ұлға тілек», «Қызға тілек» «Немерем» атты әндері бұған тікелей дәлел. Сондықтан да бұл туындылар әрқашан өз тұғырынан түспейді деуге толық негіз бар.

Сыршыл өлеңдерін әнге айналдырған Қайрат Бейсембаев адам өмірінен ойып тұрып орын алатын баға жетпес жандарға махаббатын әнмен жеткізген. Жүректен шыққан туындылар болғасын болар, өнер иесінің әндері әлі күнге дейін эстрада әншілерінің орындауында шырқалып келеді. Мысалы, «Ұлға тілек» туындысын Досымжан Таңатаров айтса, «Менің анам» әнін Айгүл Иманбаева шырқап жүр. Ал, «Қызға тілек», «Ана» атты шығармаларды Саят Медеуов қоңыр даусымен нақышына келтіріп әуелетіп жүр. Бұл туындыларды ақын ағамыз кім көрінгенге емес, сахнада өз орнын қалыптастырған, саналы сөз бен әсем әуеннің қадірін білетін таңдаулы әншілерге айтқызуында да өзіндік мән бар.

Өнерлі болу еңбекті талап еткенмен, талантты болу Алладан келетін арда қасиет. Біз білетін сайын даланы әуенмен тербететін, мылқауға тіл бітіріп, соқырға таңғажайыпты елестететін композиторлық дара қасиет сонау Құрманғазыдан мәлім. Жыр алыбы – Жамбылдың «Ән – халық үні, оның шындығы, оның ойы мен сезімі» деген даналығы сөзіме дәлел. Бұл дегеніміз – екінің біріне бұйыра бермейтін Жаратушының назары түскен таңдаулы адамның маңдайына бітер жалқы өнер. Ал, қазіргі ақша үстемдік құрып тұрған дәуірде осындай дарынды тәрбиелік мәні бар дүние жасау үшін пайдалану өз алдына ерлік. Дәл осы принципті ұстанған Қайрат Әшірәліұлы өнермен қатар, саясатта да өлшеусіз үлес қосты. Сол себепті, ел басқарумен ғана емес, халықтың қазыналы мұрасына өзіндік жақұтын қосуға күш жұмсап жүрген азаматты мақтан тұтуға міндеттіміз.

 

Саламат ДОСАЛЫ,

журналистика мамандығының 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support