- Advertisement -

Әке

44

- Advertisement -

– Мама, ертең ерте тұрайықшы, мені мектепке жаяу апаршы.

– Күн суытты, енді жаяу жүре алмаймыз- ау…

– Өзің ғой мені жаяу жүргізіп үйреткен, ең болмаса қар жауғанша жаяу барайықшы мектепке, – деп еркелеп қолыма басын қойған 7 жастағы қызым бірден басын жастықтан көтеріп алып:

– Мама, сені жаяу жүруге кім үйретті? – деп сұраулы жүзбен бетіме үңілді.

– Әкем үйретті. Менің әкем таңнан қара кешке дейін тынбай жұмыс істесе де, қаншама шалғай жерді жаяу араласа да шаршамайтын адам. Ол маған өте көп нәрсе үйретті…

***

Кешкі тамақтан соң бәріміз ортаңғы бөлмеге жиналып, теледидар көру күнделікті айнымас әдетімізге айналған. Тіпті, қызықты ештеңе болмаса да теледидардың алдына жиналып, әңгімелесеміз. Тек әкем теледидарды өшіріп, ұйықтауға бұйрық бергенше орнымыздан тұрмаймыз. Бүгін де әдеттегісінше әкем:

– Қане, теледидарды сөндіріңдер. Бөлмелеріңе барыңдар, ұйықтаңдар. Ертең ерте тұрып, таудағы егіндікке барамыз. Менімен кім барады? Бұзауды да тауға апарып тастауымыз керек, сондықтан жаяу барамыз, көлік жоқ, – деді әкем жоспарын алдын ала айтпай, уақыты тақалғанда хабарлайтын әдетімен.

– Ертерек айтпадың ба, жолға азық дайындар едім, – деп анам орнынан қозғалды.

– Көп азықтың керегі жоқ, көп болса екі- үш сағат жүрерміз. Тек жолда бала шөлдемес үшін 2 литрлік бөтелкеге су құйып алармыз. Жеткен соң тамақтанамыз ғой егіндік басындағы жиеннің күркесінен, – деп әкем мәселені тез жапты.

Біздің үйде соңғы сөзді әкем айтады. Әкенің сөзі – заң. Бәріміз соны бұлжытпай орындаймыз, талқыланбайды. Себебі, ол бәрімізге ыңғайлысын, терең ойланып ғана шешім шығарады. Бұл жолы да балаларының арасынан егіндікке кім баратынын өзі шешіп қойыпты. Тек біздің арамызға жалпылама сұрақ тастағанымен өзімен бірге ілестіріп жүруге жеті баласының екіншісі – мені таңдапты. Себебі, әпкем үй тірлігіне, екі жасар кенжемізге қарасуға анама көмектеседі. Менен кейінгілері ұзақ жолда жаяу жүруге жарамайды, әлі кішкентай. Ал, мен он жасымнан бастап әкеммен бірге аудан орталығындағы базарға жаяу барып- келіп, үйренгенмін. Таңғы қараңғыда тұрып, бес-алты километр қашықтықтағы орталық базарға әкем екеуміз жаяу баратынбыз. Мені шаршамасын деп әртүрлі тақырыпта әңгіме айтып беретін. Күнделікті үй мен жұмыстың арасында қарбаласып жүретін әкем балаларын еркелетуге де уақыты бола бермейтін. Ал, ұзақ жолға жаяу шыққанда әкемнің еркелеткенін де, қамқорлығын да шын сезінетінмін. Енді ертең орталық базардан да алыс, ауылдың ғана емес, тұтас ауданның сыртындағы тау бөктеріне жаяу шықпақшымыз. Бұрын ол жаққа әкем жалғыз өзі жаяулап барып-келетін. Мені тұңғыш рет тауға жаяу ертіп кеткелі тұр. Бұл сапар қатты қызықтырды. Себебі, жол ұзақ, әкем мені бұрынғыдан көбірек еркелетіп, көбірек әңгіме айтады. Әкем жұмысынан тыс уақытта тауда егін егетін туысқандарға көмектесуге кетеді немесе ауыл сыртынан малдың қысқы азығына шөп шауып, тасиды. Кейде тапсырыспен сым темірден сүзгі, қатты жіппен сыпыртқы тоқып, ағаштан үстел-орындық жасайды. Сондықтан, кешкі тамақтан соң бір сағаттай ғана теледидар алдында отырғаннан басқа бізбен әңгімелесуге уақыты бола бермейді. Ал, біз әкеміздің еркелете сөйлегенін, шүйіркелесіп әңгімелескенін сағынамыз. Міне, енді ертең сағынған сәтім жүзеге аспақшы деп ойланып жатып ұйықтап кетіппін. Әлі түн шымылдығын түрмеген қараңғыда анам жұмсақ дауысымен сыбырлап оятты.

– Тұра ғой. Әкеңмен бірге шай ішіп ал, сосын жолға шығасыңдар. Қараңғыға көзіңді үйретіп алып тұр орныңнан, сүрініп қалма. Қасыңдағы сіңлілеріңді оятып алмай, абайлап шық бөлмеден, – деп анам менің ұйқымды ашқанымды күтіп, сыртқа қарай өзі жол бастады.

Әкем екеуміз анам әзірлеген таңғы асқа тойып алып, жолға шықтық. Осыдан екі айдай бұрын туған қызыл бұзауды әкем жетектеп, мен артынан қолыма шыбық ұстап, айдап келем. Дала әлі де қараңғы, таң жақын екенін байқатқан сәл-сәл жарықтың белгісі бар. Аяғымызға жабысып, құйрығын бұлғаңдатқан Ақтөс көшенің басына дейін шығарып салды.

– Ақтөс, болды, үйге қайт, – деген әкемнің әмірінен соң ол да кілт тоқтап, кері қайтты. Әкемнің сөзін екі етпеуді ит те болса, ол да біледі. Сірә, ол да иесінің еркелеткенін аңсайтын сияқты.

Ауылдан аудан орталығына бастайтын асфальт жол ұзап кететіндіктен, сыртқы жазықтыққа түсіп, төте жолмен тауға қарай тарттық.

– Күн салқын, жаурап қалма. Түсте ысығанша, біз де жетіп қалармыз, бұйыртса, – деп әкем сөз бастады.

Қызыл бұзау жонына шыбық тигізбей, біркелкі аяңға басып, өзі-ақ жүріп келеді. Мен де артынан жүрмей, әкемнің қасында ілесіп келемін.

– Біз сендердей кезімізден-ақ жұмыс істедік. Балалығым өткен өңірде колхоз, совхоздар мақта егетін. Оқушы күнімізде жаңа өсіп келе жатқан мақта алқабын арам шөптен тазарту жұмыстарына, кейін ақ ұлпаны теруге сабақтан босатып, алқапқа шығаратын. Таңертеңгісін ерте бастап, кешкісін күн ұясына қонар кезде үйге қайтатынбыз. Ала жаздай оқудан жазғы каникулға шыққанда әкемнің еккен қауын- қарбыз алқабында жұмыс істедік. Далалықтан шөп шауып, малдың қысқы азығын жинауға да әкемнің қасында көмектесіп жүретінмін. Ол кезде қазіргідей бәрі дайын емес. Тамаққа қолданатын сұйық майды да өзіміз семішке егіп, содан өндіртіп алатынбыз. Жүгері сеуіп, оны диірменге тартып, ұнын өзімізге азыққа алып, қалдығын малға жем етіп дайындайтынбыз. Оған қоса, колхоздың әр үйге міндеттеп берген мақтасы тағы бар. Сол жұмыстардың аралығында таңертеңмен үйдегі малды өріске айдап, кешкісін қораға қамап, жайғап та аламыз. Біздің балалық шағымызда қазіргідей көп көлік жоқ, керек жерімізге жаяулап барамыз. Сондай қарбаласқан жұмыстың аралығында ауыл балалары жиналып түс әлетінде үлкендер тынығуға жатқанда ауыл сыртындағы каналға шомылуға баратынбыз. Еңбекпен есейдік, бірақ балалықтың қызығынан да қағылмадық. Қас қарайғанда кешкі астан соң ауыл жастары болып, алаңқайда футбол, волейбол ойнаймыз. Ееех шіркін, біздің балалығымыз керемет өтті ғой, – деп әкем келмеске кеткен бал дәуреніне деген сағынышын сездіріп қалды.

***

Ойнап-күліп жүріп, шаруаға араласып өскендіктен болар, әкем қазір бір сәтке де бос отыра алмайды. Ауылшаруашылық саласында да, орта кәсіби білім беру мекемесінде жеткіншектерді еңбекке тәрбиелеуде де, теміржолды электр қуатымен қамтуда да қызмет еткен әкем зейнеттік демалысқа шыққанда бос отыра алмады. Үйдің ауласына бау-бақша егіп, соны баптайды. Қораға оншақты мал ұстап, бағып, жазда ауылдастардың ауласын басқан шөптерін өзі орып алады. Әкемнің зейнетке шыққаны балалары үшін де жақсы болды, немерелеріне арнап есік алдынан белтемір (турник) жасап, бұрыннан тұрған сәкіні жаңартып, жан-жағын гүлдендірді.

Тоқсаныншы жылдардағы еліміз егемендік алған алғашқы кезеңде экономикалық дағдарыс барлық отбасына өз әсерін тигізгені бәріне белгілі. Сол шақта да біз әкемнің жанкешті еңбекқорлығымен қиындықты еңсерген едік. Үйге келетін жалғыз табыс – әкемнің жалақысы. Ол да бес-алты айға дейін берілмей тоқтап қалды. Ол кезде үйде алты баламыз, үшеуіміз мектепке барамыз. Күнделікті ішіп-жейтін ас-суды әзер тауып жүргенде, үш қызын мектепке киетін киім- кешек, сөмке секілді оқу құралдарымен қамту тіптен қиынға соқты. Сол уақытта барлық отбасының кешкен күйі сондай еді. Сондайда әкем моншаның пешіне жағуға деп сарайға жинап тасталған ескі аяқ киімдерді ақтарып, табаны сапалысын жоғарғы жағы бүтініне жалғап тігетін. Ерінбей бәрін қолмен тігіп шығып, әрқайсымызға әп-әдемі бәтеңке, етік тігіп берген еді.

Ауылымызда теміржолшыларға арналған демалыс орны болатын. Қалың ағаштың ішінде орналасқан екі қабатты зәулім үйі бар. Кеңес одағы тарағаннан соң ол да бұрынғы күйінен тайды. Біраз уақыт қараусыз тұрып, тозды. Ақыры теміржол мекемесі үйсіз жүрген жұмысшыларына берді. Соның бір жақ бұрышы біздің отбасымызға да бұйырды. Жұмысынан босаған сәттерде, тіпті түн ортасына дейін сол үйді өзі жөндейтін. Сылағы түскен қабырғаларын қайта тіктеп, есік-терезесін бүтіндеп, жағдайы нашар үйді әжептәуір баспанаға айналдырды. Қас қарая жұмысынан шаршап келсе де тамақтанып алып, үйдің құрылысына кірісетін. Түн жарымына дейін жүрсе де таңда ерте тұрып, жұмысына кететін. Үйдің жөндеуі аяқталғаннан соң ауласынан бақшалық жерді қоршап, егін себуге әзірледі. Демалыс орны болғандықтан ба, екі қабатты зәулім ғимараттың айналасындағы барлық жерге бұрын майда шағал тас төселген екен. Әкем бізді қасына алып, топырақтың арасынан майда тастарды қолмен теріп, тазаладық. Қыстың аяғында күн сәл жылына бастағанда, әлгі бақшаның бір бұрышына қатты сым темірлермен қоршап, үстін целлофанмен жауып, шағын ғана жылыжай жасады. Көктем кіргенше сол жылыжайға қызанақ, қиярдың тұқымын септі. Кейін күн жылына бастағанда қызанақтың көшеттерін бақшаға отырғызды. Ерінбей еткен еңбектің өнімі жазда мол болды. Сол жылдан бері әкем әлі күнге дейін ауладағы бақшада түрлі көкөністер өсіреді. Жазда, күзде жемісінен ауылдастарымызбен бірге дәм татамыз.

Еңбекқорлыққа қатысты сөз болса, менің көз алдыма бірден әкем келеді. Тіпті, түсімде де оны сол күйінде көремін. Мектеп бітірер жылы бірге оқыған жақын құрбымның сатқындығына күйініп жатып, ұйықтап кетіппін. Түсімде биік тауға тырбана өрмелеп келемін. Айналаны түгел тікенекті шөп басқан. Қалың тікеннен жүру қиын. Алдымда әкем аяғына керзі етігін киіп алып, орақпен тікенекті шөпті орып, маған жол ашып келеді. Екеуміз әупірімдеп тау басына да шықтық. Ентігімізді басып, маңдайдағы терімізді сүртіп, тынығып отырмыз. Тау басындағы ғажап табиғат әдемі әсерге бөлеп, қуанып ояндым.

Кейін қатты сырқаттанып, әлсіреп кетіп бірер секундқа көзім ілініп кетіпті. Әкем мен жатқан палатаның есігін жұлқа ашып кіріп келді де «Тұр!» деп бұйыра сөйлеп, қолымнан жетелеп сыртқа алып шықты. Өзіміздің үйдің ауласы екен деймін. Әкем баптаған бау-бақша түгелдей жап-жасыл көгалға айналып, ерекше көрінісімен көз тартып тұр. Арасында бір жүйемен қазылған арықта сылдырлап мөп-мөлдір су ағып жатыр.

– Қызым, еңбек аурудан да емдейді, мазасыз ойдан да арылтады. Әлдебір сынаққа тап болсаң, дала төсінде еңбек ет, бар ауыртпалықтан арыласың, – деп күлімсіреген әкемнің сөзі жігерлендіріп, жап-жасыл далалық сурет бойыма күш-қуат дарытып, ояныппын.

Рас екен, еңбек адамды есейтеді де, сырқаттанса емдейді, күйзелсе жабықтырған күйден арылтады. Кейін өзім отбасылы болғанда әкемнің айтқан ақылы талай таршылықтан жол табуға көмектесті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support