- Advertisement -

Жалған ақпарат жақсылыққа апармайды

24

- Advertisement -

Біздің елдің заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаланады. Десе де, көпшілік мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетінінен бейхабар секілді. Өйткені, күн өткен сайын елді дүрліктіріп, қоғам тыныштығын бұзатындардың қатары көбеюде. Мәселен, жуырда ғана сабаққа барғысы келмеген астаналық жасөспірім полицейлерге өзі оқитын мектепке «мина қойылды» деп жалған хабарлама бергенін ұмытпаған шығарсыздар. Алайда, құқық қорғау қызметкерлері мектеп ғимаратын тексеру барысында жарылғыш құрылғы табылмай, қауіп сейілді. Бірақ, отпен ойнағысы келген оқушының кесірінен ұстаздар қауымы абыр-сабыр күй кешіп, өзге білім алушылардың да мазасы қашқаны айтпаса да түсінікті.

Жалпы, елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Атап өтерлігі, 2015 жылы жаңа Қылмыстық Кодекс қабылданғаннан кейін жалған ақпарат тарату қылмыс түрінде қарастырыла бастады. Алайда, жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілік тек мұнымен шектелмейді. Нақтылай түссек, Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаланады. Мәселен, 174-бап бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғандар ісі қаралады. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

ЖЫЛ СОҢЫНДА 150 МЫҢ ТЕҢГЕ БЕРІЛЕ МЕ?

Жуырда Facebook-те жыл соңына дейін әрбір қазақстандықтың картасына 150 мың теңгеден түсетіні туралы пост жарияланды. Шындығында, бұл фейк ақпарат. Stopfake.kz-тің мәліметінше, Қазақстанның мемлекеттік органдарының сайттарында, оның ішінде Президенттің Аkorda.kz сайтында мұндай төлемдер туралы ресми ақпарат жоқ. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да хабарланбады.

– Аталған ақпаратты жариялаған «Өтемақы орталығы» деп аталатын аккаунтта фейк парақшаның барлық белгілері байқалады. Профильде келтірілген мәліметтерде +52 коды бар байланыс телефоны жазылған, бұл Мексиканың коды. Ал, суретке Қазақстанның елтаңбасы қойылған. Бірақ жарияланымдар лентасында оның орнында бұрын Беларусь Республикасының елтаңбасы болғанын көруге болады, – делінген хабарламада.

Қорыта айтқанда, бұл киберқылмыскерлердің әрекеті. «Өтемақы орталығы» арқылы өтемақы төлеу – бұл ескі алаяқтық схема, ҚР мемлекеттік техникалық қызметінің KZ-CERT сарапшылары ол туралы 2020 жылы қазақстандықтарға ескерткен болатын. Демек, таралған ақпаратқа сенбеген жөн.

БАЛҚАШТА ЖАРЫЛЫС БОЛҒАНЫ РАС ПА?

Әлеуметтік желілерде автомобиль жолындағы жарылыстың видео тарады. Онда кадрлар Балқашта түсірілгені туралы айтылған. Алайда, Балқаш әкімдігі жарылыс туралы ақпаратты жоққа шығарды. «Балқашта да, оның маңында да жарылыс болған жоқ, қала тыныш», – деді Балқаш әкімінің баспасөз хатшысы Темірлан Игембай.

Ақпараттың анық-қанығына көз жүгіртсек, видео авторы түсірген жарылыс – бұл жолды реконструкциялау аясындағы жоспарлы жұмыстар екені белгілі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті баспасөз қызметінің мәлімдемесіне сүйенсек, «Балқаш-Бурылбайтал» автожолының, лот-3, 1955-2005 шақырым бөлігін қайта құру учаскесінде жобаға сәйкес бұрғылау-жару жұмыстары жүргізілген. Бұл учаскеде жартасты топырақта қазба жұмыстары қолға алынуда.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАН ЖІГІТ ЖАЗАЛАНДЫ

Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде жарылғыш зат жасырылғаны туралы жалған ақпарат таратқан жас жігіт бас бостандығынан айырылды. Облыс орталығының 21 жасар тұрғыны жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіргені үшін үш жыл бас еркіндігінен айыру жазасына кесілді. Мас күйде болған ол ұялы телефоны арқылы Өскемендегі Жедел басқару орталығына қоңырау шалып, қаладағы сауда орталықтарының бірінде террористік акт дайындалып жатқаны жайлы жалған ақпарат берген. Сондай-ақ, ол жарылғыш заттың нақты қай жерде жасырылғаны туралы ақпаратты айтпаған.

– Тіркеуге қойған кезде оған бас еркіндігінен айыру жазасының ережелері мен талаптары, өзінің құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Қазіргі уақытта сотталушы өз жазасын өтеп жатыр, – дейді Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты Солжағалау пробациялық қызметінің психолог маманы Мөлдір Қабибиева.

Оның айтуынша, аталған сотталушыға психологиялық диагностика түріндегі әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілген екен. Қазірде өзінің теріс әрекетін жан-жақты түсінген ол, түзу жолға түсіп, жеке кәсіпкерлігін ашқан.

АҚПАРАТ «СОҒЫСЫ» ЖАЙЛЫ ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕЙДІ?

Бас прокуратура тек шынайы ақпаратқа сенуге шақырады. Осыған орай, Парламент депутаттары халықты тараған ақпараттың растығын тексеріп барып, таратуға үндеді. Ақпараттандыру дәуірінде шынайы ақпаратты саралау және анықтау жөнінде өз ойын ортаға салған депутат Елдос Абақанов жалған ақпарат таратып, арандап қалмауға шақырды. Ол дезинформация немесе «Фейк жаңалықтар» термині 19 ғасырдан бастау алатынын, бірақ интернет пен әлеуметтік медиа дамуы жалған жаңалықтарды жасау мен тарату тәсілін өзгерткенін атап өтті.

– Қазіргі күні интернет желісінде «ақпараттық фейктің» құрбаны болу немесе анонимдер тарапынан кибербуллингке ұшырау қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Көп жағдайда фейк ақпаратты тарататындардың басты мақсаты – қоғамдық пікірмен манипуляциялау немесе белгілі бір азаматтарға жала жабу. Интернет пайда болғанға дейін жаңалықтарды тарататын журналистерден кәсіби этиканың қатаң стандарттарын сақтауы талап етілетін, сонымен қоса, ақпарат сенімді көздерге негізделетін. Интернеттің таралуымен жаңалықтар мен ақпаратты жариялаудың, бөлісудің және тұтынудың жаңа тәсілдері пайда болды, ал бақылау стандарттары мен редакциялық нормалар айтарлықтай төмендеді. Дегенмен, қай әңгіменің шындыққа жанасатынын анықтау оңай емес болды. Азаматтар шынайы жаңалықтар мен жалған жаңалықтарды ажырата алмаған кезде маңызды әлеуметтік және саяси мәселелерде шатасу мен түсінбеушілік туындайды. Адамдар арасында «оқығанның бәріне сене алмайсың» деген жалпы түсінік бар. Бұл маңызды жаңалықтар көздерінің жалпы сеніміне нұқсан келтіреді. Бірақ, бір нәрсені ескеру керек, ұлттық алауыздықты қоздыруға, қорқытып ақша алуға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174, 194 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады, – дейді депутат.

Ал, депутат Мәди Елубаев жауапкершіліктен бас тартпас бұрын, оны тапсыратын біреуді табу қажеттігіне тоқталды. «Бұл сөзді жалған ақпарат тарататындардың барлығына айтқым келеді. Кейбір блогерлер әлеуметтік желілердегі танымалдылығын теріс мақсатта пайдаланады. Олардың арасында ұлтаралық араздықты қоздыру, бопсалау және тағы да басқаға бағытталған жазбалар бар. Қасақана жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламын. Арандатушылар өздерінің ақпаратының ақырғы нәтижесін ойламайды, олардың міндеті – елімізде әсіресе сайлау кезеңінде дүрбелең мен хаос себу. Қорытындылай келе, баршаңызды тұрақсыз уақытта арандатушылардың сөздеріне сенбей, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамын», – дейді Мәди Елубаев.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл заман бұзылған сайын жер астынан жік шыққандай, түрлі кесапаттар қаптап бара жатқанына қапалы. Ол әлемде қоғамы бас біріктіре алмай, қойдың құмалағындай шашырап кеткен мемлекеттердің тағдыры қайғылы болғанын айтты. «Сондай зұлматтың бірі жалған ақпараттар легінен болып тұр. Сондықтан, бас прокуратура өз үндеуінде отандық ақпараттық кеңістікте және әртүрлі әлеуметтік медиада түрлі тақырыптар бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кеткенін ескертіп отыр. Алда зәлім күштер әрбір адамның санасы үшін алысатын болады. Сонда бір тудың астынан табылып, арамызға сына қақтырмай, алауыздыққа алдырмай, бірлігімізді сақтауымыз керек. Азаматтары бір-бірін аңдысқаннан гөрі, бірігіп алға басқан елдер озды. Абай болайық, ағайын. Қоғам қалғымауы үшін пікірталас керек. Бірақ ол текетіреске емес, парасаттылыққа бастаса, ақылмен астасса, ұлттық құндылықтармен қабысса, игі, – деді Бақытбек Смағұл.

Бас прокуратураның үндеуіне үн қосқан депутаттың бірі – Берік Бекжанов. Ол да халықты шынайы ақпаратқа, нақты дәлел мен дәйекке сенуге шақырды. Депутаттың айтуынша, ақпараттың шынайылығын, оның шындыққа жанасуын зерделеген жөн. «Ақпараттық кеңістіктің ұлғаюы ашықтыққа, жариялыққа жол ашатыны белгілі. Дегенмен шынайы, әділ ақпаратпен қатар, өкінішке қарай, дәлелсіз, дәйексіз ақпараттың қатар жүруі көңілге селкеу, санаға бөтен ой салатыны белгілі. Соңғы кездері еліміздің ақпарат кеңістігінде қауесеттер мен жалған ақпарат ағыны бұрынғыдан да артып келеді. Әлем кеңдігі ақпараттың алуандығымен де өлшенеді. Бүгінде қоғамда жанжал, үрей тудыру, жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген қауесеттер мен жалған сөздер жиі таралып жатыр. Осындай алмағайып заманда біз тексерілмеген ақпараттан, әсіресе түсініксіз дереккөздерден эмоцияларға беріліп жазылған жазбаларды оқып, асығыс тұжырымдар жасап, оларды көпшілікке таратпауға, асығыс шешімдер мен әрекеттер жасамағанымыз абзал. Өйткені, ақпаратты жариялаған адам да, оны таратқан адам да тек заң алдында емес, қоғамның алдында да жауапты екенін ұмытпаған жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар шынайы және жалған ақпараттың ара жігін, ақпараттық жауапкершілікті саналы түрде қабылдайды, себебі ақпаратқа ие адам – әлемге ие», – дейді ол.

Ал, Мәжіліс депутаты Әмірхан Рақымжанов шынайы ақпарат пен жалған ақпараттың аражігін айыра білу маңызды екенін айтты. Ол сол себепті де сенімді көзден түскен ақпарат пен жалған ақпаратты ажырата білу керек дейді. «Қазіргі әлем мен қоршаған орта ахуалында адамдардың көпшілігі алаңдаушылық пен белгілі бір белгісіздікті сезінеді. Мұны арандатушылар шебер қолданып, үрей туғызады, кей кездері әлеуметтік шиеленісті де тудырады. Сонымен қатар, түрлі айдап салумен, араздықты қоздыру және басқалары да жиі кездесуде. Аталған жағдайлар соңғы уақытта әлеуметтік желілерде анық байқалуда, бұл – кез келген адамды ньюсмейкерге, тіпті «сарапшыға» айналдыратындықтан олар заманауи интернеттің ортасына айналған. Ақпаратты сыни қабылдап, фейк жаңалықтарды тани білу қажет. Арандатушылық пікірлерге, әсіресе ойдан құрастырылған оқиғалар мен тексерілмеген «деректерге» сенбеу керек. Ақпараттық соғыстар дәуірінде ең маңызды қаруымыз – медиасауаттылық. Сенімді дерек көздер ретінде ресми интернет-ресурстарға сүйену керек, – деді халық қалаулысы.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Біле білсек, сөз – қорғасыннан да ауыр. Мұны жете түсінген халқымыз: «Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады», – деп бекер айтпаған. Сондықтан, әлеуметтік желідегі кез келген адамның айтқанына сене бермей, бір сәт ой елегінен өткізгеніміз жөн. Шындығында, жалған ақпарат таратушылардың ниеті ел ішінде дүрбелең туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіру әрі қоғам тыныштығын қасақана бұзу. Осы себепті, елді елеңдетіп, жұртты әбігерге салған фейк ақпараттарға тосқауыл қою – баршамыздың міндетіміз.

 

Есен ӨТЕУЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support