- Advertisement -

Жазушымен жүздескен күн

36

- Advertisement -

Тараз қалалық Абай атындағы кітапханасының №4 филиалында жазушы, публицист, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлымен «Көркемсөздің Көсемәлісі» атты кездесу кеші өтті. Көрнекті ақын Күләш Ахметованың кеш иесіне арналған «Қалам мен ғалам» атты арнау өлеңімен ашылып, мектеп оқушыларының шағын мазмұнды қойылымымен тыныс ашқан кештің қонақтары да өңірімізге кеңінен танымал азаматтардан құралды.

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева мұндай әдеби жиынның оқырмандар мен жас ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталып, жазушының кітаптарындағы ерекшеліктерге назар аударды. Ақын, Талас ауданының Құрметті азаматы Үміт Битенова кеш иесінің шығармаларына кеңірек тоқталып, талдап, азаматтық болмысын айтып өтті. Үміт ақынның шынайы көңілінен шыққан арнау өлеңі де жүректерді шымырлатты. Жамбыл ауданынан келген оқырман Сембек Пірімқұлов жазушы шығармаларындағы штрихтар мен келтірілген детальдарда өз өмірінің айшықты ізі бар екенін әңгімелеп берді.

Сөз кезегін алған ақын, Шу ауданының Құрметті азаматы Сәт Мәлібеков өзінің шығармашылық өмірінде Көсемәлі Сәттібайұлы шығармашылығының әсері мол екенін, сол рухани сыйластық әлі жалғасып келе жатқанын айтып өтті.

Айтыскер ақын Ербол Қамбатыров өрелі ой өрбітіп, жыр тиегін ағытты. Ақын Нұржан Әліш те өз құрметін жыр жолдарымен жеткізді.

Ал, ақын Қуаныш Ауғанбаев кеш иесінің «Шопанбектің таяғы», «Шарбақтының жалғызы», «Суға жазылған өлең» әңгімелерін талдауымен түйінделді.

Кешті аталған кітапхана директоры Ұлбосын Сәулебаева қорытындылап, жазушының прозасы жаңашыл, оқырмандары өте көп екенін айтып, алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

Рухани жиын соңында кеш иесі Көсемәлі Сәттібайұлы ағынан жарылып естелік айтқан, жүректен шыққан жырларын оқыған қаламдас аға-іні, қарындастарына алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support