- Advertisement -

ТЖД ХАБАРЛАЙДЫ

41

- Advertisement -

Қысқы кезеңнің қауіпсіз өтуі маңызды

Өткен жұмада Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Жиында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дайындау мәселесі талқыланды.

Онлайн режимде өткен шараға Астана, Алматы және Шымкент қаласының, облыс әкімдерінің орынбасарлары, министрліктің құрылымдық және аумақтық мүшелері қатысты.

Жыл сайын қыс мезгілінде республика бойынша табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлар орын алады. Бұлар, еліміздің автожолдарындағы қар құрсаулары мен көлік коллапстары, жылумен жабдықтау объектілеріндегі авариялар, тұрғын үй секторындағы өрттер артып келеді. Қазіргі уақытта 8 мыңнан астам ең қиын қар қауіпті аймақтар анықталды. Соңғы аптада ауа райының нашарлауына байланысты еліміз бойынша 61 жол учаскесі жабылды. Қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында 33,8 мың адам және 12 мың арнайы көлік дайындалып, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың міндеттері айқындалды. Қыста жолдарда зардап шеккен тұрғындар үшін 608 жылу пункті дайындалды. Сондай-ақ, қолданыстағы 40 трассалық медициналық-құтқару пункттері де жылыну пункттері ретінде пайдаланылады.

Төтенше жағдайлар министрі тиісті мекемелерге қысқы кезеңнің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Ынтымақтастық меморандумына қол қойылды

 Өткен аптада ТЖ министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов пен «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталық» РҚБ төрағасы Руслан Асылбеков өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның мақсаты – Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын ілгерілетуге және іске асыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға, оны тудырушылардың себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған бірлескен және келісілген іс-қимылдарды әзірлеу мен іске асыру. Тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі шараларды іске асыруда ынтымақтасуға, сыбайлас жемқорлыққа қатысты төзбеушілік атмосферасын құруға ықпал ететін іс-шараларды жүргізуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың шоғырландырылған нысандары мен әдістерін әзірлеуге ниетті.

ТЖМ-де өткізіліп жатқан трансформация аясында меморандумға қол қойылды. «Министрлік ашық, оның ішінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейім жосықсыз қызметкерлерді анықтау бойынша жұмыс форматына көшті», – деген С.Шәріпханов белгіленген іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Улы газдан сақ болыңыз!

Қараша айының басынан бері Жуалы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері газ шаруашылығы мамандары және аудан еріктілерімен бірлесіп, аудан аумағында жеке тұрғын үй секторларын аралауда. Өңірде көмір тотығы газынан уланудың алдын алу мақсатында «Улы газдан сақ болыңыз!» атты акция өтуде.

Акцияны өткізудің мақсаты – жеке тұрғын үй секторларында және халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерін аралап, жылыту пештерін пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан көмір тотығы газына уланудың алдын алу. Осы аралықта төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі ережелері мен нормаларын сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық-түсіндірме парақтары таратылуда.

«Улы газдан сақ болыңыз!» акциясы барысында жеке тұрғын үйлерде уланудың ең көп тараған себептері – тұрғын үйлердегі газ колонкаларын пайдалану ережелерінің бұзылуы, сондай-ақ түтін мұржаларының бекітіліп қалуы салдарынан орын алатын улану оқиғаларының алдын алу бойынша ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғаспақ.

Таразда оқу-жаттығу өтті

24 қарашада қаладағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының ғимаратында түнгі уақытта өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Оған барлығы 12 техника және ТЖД Апаттар медицинасы орталығының филиалы және өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 48 адам жұмылдырылды.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – аға, басшы және қатардағы жеке құрамның түнгі уақытта шартты өрттерді сөндіруді ұйымдастыру және жүргізу бойынша мәселелерді пысықтау.

Өрт-тактикалық оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, өрт медиаторлық кабинетінде электр сымдарының қысқа тұйықталуы нәтижесінде орын алды. Шартты оқиға орнында өрт сөндірушілер бір адамды құтқарды. Өрт оқиғасы орнында бір жауынгерлік штаб және екі газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны құрылды. Өртті сөндіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. От жауынгерлері өрт салдарынан зардап шеккен адамдарды медициналық аппаттар орталығының қызметкерлеріне тапсырып, алғашқы дәрігерге дейінгі көмектер көрсетілді. Өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің нәтижесінде өрт уақтылы жойылды.

Іс-шара соңында өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қызмет бастығының орынбасары Жақсылық Бекбергенов оқу-жаттығуды қорытындылап, олардың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Іс-шара соңында жеке құрам объектінің ерекшелігімен танысты.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support