- Advertisement -

Қылмыс хроникасы

41

- Advertisement -

Мигранттар ұсталды

Құқық қорғау органдарының бірлесе жүргізген жедел профилактикалық іс-шарасы барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан Ресей Федерациясына заңсыз өтпекші болған Ауған елінің 4 азаматы ұсталды. Заң бұзушылардың айтуынша, олар жақсы өмір сүруі үшін Еуроодақ елдеріне бет алған.

Бүгінгі таңда шетел азаматтарына қатысты Қылмыстық Кодекстің 514-бабы 2-бөлігіне (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара режимін бұзу) сәйкес, әкімшілік хаттама толтырылған. Тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда.

720 миллион теңге шығын келтірген

Бұл күнде ел азаматтарына интернет-алаяқтарына қарсы түсіндірме жұмыстары жүргізілгенімен, аталған қылмыс саны азаяр емес. Мәселен, жыл басынан бері 786 интернет-алаяқтық қылмысы тіркеліп, шығын көлемі 720 миллион теңгені құрады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, арам ниетті интернет-алаяқтар өз арам ойларын жүзеге асыру мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады.

– Алаяқтардың ең жиі қолданатын тағы бір әдісі – тауар түріндегі несиені қолма-қол ақшаға айырбастап береміз деп сендіруі. Дәл осындай жалған сөзге сенгендер ең соңында тақырға отырады. Тағы бір айта кететін жайт, өз атыңызға ашылған банк карталарын бөтен адамдарға сатпаңыздар және жалға бермеңіздер. Олар оны теріс пиғылын жүзеге асыру үшін қолданады. Ал, бұл жағдайда қос тарапқа да қатаң жаза қарастырылған, – делінген ведомство таратқан ақпаратта.

 60 тонна күкірт қышқылы заңсыз сақталған

Өңір аумағында өтіп жатқан «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы барысында облыстық полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 8 есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан түрлі есірткі құралдарының 28-ден астам түрі тәркіленді. Ал, Тараздағы зауыттардың бірін тексеру барысында 59 тонна күкірт қышқылы бар цистерна табылып, мөрленді. Қазір құжаттарға тексеру жүргізілуде.

– Шара барысында 1680 таблетка, 5000 грамм улы заттар және 59 тонна күкірт қышқылы тәркіленді. 9 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, 32 дәріхана, 7 медициналық мекеме мен 3 кәсіпорын тексерілді, – деді облыстық полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әлім Бажықбаев.

Сиырды сойып алған күдікті анықталды

 Талас аудандық полиция бөліміне Сарысу ауданының 54 жастағы тұрғыны арызданған. Ол Талас ауданына қарасты жайылымның бiрiнен сиыры жоғалғаны туралы шағым түсiрген. Полицейлердің жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар 67 жастағы Талас ауданының тұрғыны анықталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Ол жайылымда қараусыз жүрген малдар өзенге келгенде арасынан өзіне тиесілі сиырын таба алмағандықтан, бөтен iрi қара малды сол жерде ұстап, сойып алғанын айтты. Ал, етiн Алматы облысына сатуға берiп жiберген.

Бүгінде аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 188-1-бабы 1-бөлігімен (мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды.

 

Есен ӨТЕУЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support