- Advertisement -

Асығың алшысынан түссін!

46

- Advertisement -

Республика көлемінде бастау алған «Тоғыз айға – тоғыз іс-шара» жобасы бойынша «Алтын сақа – асық ату» челленджі Тараз қаласында да өтуде. Бауыржан Момышұлы атындағы 45 классикалық мектеп-гимназиясының оқушылары асық атуға ерекше дайындалып, ұлттық ойынның «Бес табан», «Бес асық», «Алтыатар», «Шеңбер» түрлерімен сайысқа түсті. Ойын ережелерін орындау кезінде асықты көздеу, дәлдеу, лақтыру, иіру, жүгіру, секіру арқылы баланың бұлшықеттері түрлі қозғалысқа түседі. Міне, осы тұста балаға асық ойынының берері мол екеніне көз жеткізесің. Оның үстіне асық таза, табиғи дүние.

Негізі асық ойынының құмар, тәйке, омпы, хан алшы сынды бірнеше түрлері бар. Бағзыдан келе жатқан ең құнды түрі – асық ату. Мамандардың айтуынша, бұл ойынның жасөспірімді батылдыққа баулып, ептілігі мен мергендігін шыңдап, өмірді тануға пайдасы орасан. Әсіресе, баланың қанайналым жүйесі мен есте сақтау қабілетінің жақсаруына ықпалы жоғары екен. Бүгінгі таңда смартфонға телмірген ұрпақтың дене жаттығуларына көңіл бөлмей кеткені аян. Расында ұялы телефон балалардың физикалық, психологиялық дамуын тежейтіні анық. Балаларға қимыл-қозғалысты талап ететін ойындарға көптеп көңіл бөлу қажет екені осы тұстан байқалады.

Шара барысында дене тәрбиесі мұғалімдерінің жинаған елу мың асығы ортаға салынды. Оқушылармен қатар сақаларын шиырып, ойынға сақадай- сай ниет танытқан ерлер қауымы түгел дерлік асық атып, өз дәлдіктерін тексеріп, мергендіктерін шыңдап, ойынға кірісіп кетті. XXI ғасырдың заманауи дағдыларын игерген жоғары сыныптың оқушылары «Асық ату» бағдарламасын жасап, роботтармен асықтарды бірден дәлдеп, жасанды интеллектінің озық тұстарын да көрсетті.

Ойынға ерекше кіріскендер арасында Батырболат Ергенұлы ақсақал да болды. Алпыстан асқан шағында да асығы алшысынан түсіп, топ жарып жүрген қарияның өз айтары бар екен.

– Асық ату ойынына немерелерімді бұрыннан баулып келе жатқан жайым бар. Күнделікті ойыннан соң ұтып алған асығын санаған балалар мәре-сәре болып жататын. Құндылығы терең бұл ұлттық ойыннан бір сәт те қол үзген емеспін. Қалада тұрсам да балаларымның барлығына асық жинап, бұл ойынды үйретіп келемін. Әсіресе, демалыс күндері күнұзақ асық ойнаймыз. Бала күнімнен асық шыйырып өскендіктен, ептілік пен дәлдікке үйреткен осы ойынды жаныма жақын көремін. Ауылда қолына асық ұстамаған бала болмайтын. Біз сол үрдіспен өсіп, жетілдік. Мәселен, әжелеріміз киіз басып, жүн бояғанда асықтарымызды түрлі түске бояп беретін. Сақамыздың ортасына қорғасын ерітіп, құйып алатынбыз. Ал ауылда үлкен кісілерге табақ тартқан соң, балалар есік аузында асық күтіп жүретінбіз. Үлкендердің бірі балаларға қарай «Асығың алшысынан түссін» деп лақтырып жібергенде, ең ептісі қағып алатын. Кейде аталар өз немересіне ғана апарып береді. Әжелеріміз асыққа арнайы дорба тігіп, атадан балаға мирас ретінде үлкендер асық жинайтын. Әкелер сақтаған асық балаға, баладан немереге өтетін. Сол үрдіс менің отбасымда әлі күнге дейін сақталған, – деді қария.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support