- Advertisement -

Дін және мемлекет қатынасындағы зайырлылық

49

- Advertisement -

Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекетіміз елдің экономикалық дамуындағы ғана емес, сонымен қатар, азаматтардың діни-мәдени өміріндегі басымдықтарды да өзгертті. Еліміз конфессионалдық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатта әлемдік тәжірибеде ең тиімді болған, көпұлтты елімізге оңтайлы зайырлылық ұстанымын таңдап алды. 1995 жылы қабылданған Конституциямыздың 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады…» деп атап көрсетіп, мемлекет пен дін қатынастары зайырлылық қағидаттары шеңберінде реттеліп, индивидтердің діни-сенім бостандығы қамтамасыз етілетіндігі айтылды.

Алдымен еліміздің дін мен мемлекеттің қатынастарын реттеуде сенім білдіріп, бағдар ретінде ұстанған зайырлылық, зайырлы мемлекет ұғымдарына қысқаша тоқталып өтейік. «Зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «сыртқы» деген мәндегі «захир» сөзінен келіп шығады. Ал, батыс әдебиеттерінде зайырлылықты «лаицизм» сөзі арқылы, яғни «діни емес адам», «діни адамнан өзге халық» деген мағына беретін латын тілінен шыққан «laicus» ұғымы арқылы анықтайды. Зайырлы мемлекетте мемлекеттік билік дін және діни бірлестіктерден бөлінген.

Мемлекет дін ісіне, ал дін және діни бірлестіктер мемлекет ісі мен саясатқа араласпайды. Зайырлылық адамның діни сенімге бостандығын мойындап, діндарлықты адам болмысына тән сипат ретінде айқындайды. Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде осы принцип арқылы мемлекет пен дін қатынастары реттелуде. Оның үлгілері де, шарттары да сан алуан. Мысалы, еуропалық үлгі сенушілердің санына, сол елде жайған тарихи тамырына және әлеуметтік маңызына қарай белгілі бір діндерге оңтайлы жағдай жасауға құрылады. Мұны Еуропаның жекелеген елдерінің мысалдарынан көруге болады.

Мысалы, Бельгияда мемлекет қаржылай көмек көрсететін алты дін (католик, протестантизм, иудаизм, ислам, православие, англиканство) ғана бар. Бұл діндер мемлекеттік оқу орындарында оқытылады.

Грекияда Православие шіркеуі мемлекеттен қаржылай көмек алады. Италияда мемлекет тек алты христиандық діни бірлестіктермен ғана әріптестік келісімшартқа отырды. Осы діни бағыттардың ғана діни пәндерін оқытуға рұқсат етіледі. Францияда католик, ислам және иудаизм жетекшілерін мемлекеттік органдар тағайындайды. Діни қоңыраулар жергілікті муниципалдық биліктің рұқсатымен ғана қағылады. Чехияда тарихи шіркеулер мемлекеттік дотациялар алып отырады. Португалия мектептерінде негізінен католиктік пәндер енгізілген.

Жоғарыда аталған елдердің бәрі дамыған, өркениетті, зайырлы мемлекеттер. Бірақ, біз бұл елдердің ешқайсысының үлгісін дәлме- дәл көшіріп қоя алмаймыз. Бізде әлемдік тәжірибенің барлық тәуір жақтарын бойына сіңірген, өзіміздің тарихи, этникалық, рухани ерекшелігімізге сай қазақстандық модель болуға тиіс.

Алғашқыда классикалық (l aisizm) зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алған еліміз кейін келе Қазақстан халқының тарихи һәм діни тәжірибесі ескерілген зайырлылық үлгісін қалыптастыруды жүзеге асыра бастады. Нақтырақ айтар болсақ, 2011 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында «…Ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын…» мойындап, преференциялық зайырлылық немесе халықтың басым көпшілігінің діни ұстанымы ескерілген зайырлылықтың қазақстандық үлгісін қалыптастыруды қолға алды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы жылдары еліміз тарихи және діни тәжірибені ескере келе мемлекет пен дін қатынасын реттеуде мемлекеттік және қоғамға ықпалы зор әлеуметтік институттардың белгілі бір тобына оң көзқарас танытушылықты, яғни преференциялық зайырлылықты қолдана бастады. Мұны біз сол бағыттың кейбір атрибуттарының мемлекетіміздің дін саясатында қолданылып жатқандығынан көруімізге болады. Мысалы, «Құрбан Айт» және «Рождество» сияқты діни мерекелерге ресми мемлекеттік демалыстың берілуі, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Уақып» қорының құрылуы бұдан бөлек кейбір облыс әкімшіліктерінің арнайы қорлар құрып, мешіт имамдарына жалақы тағайындауы, мемлекеттік телеарналарда ислам дініне қатысты танымдық бағдарламалардың іске қосылуы және тағы басқа шаралардан преференциялық зайырлылықтың белгілері айқын аңғарылады. Мұның бәрі ұлттық мүдде мен дәстүрлі дінімізді мемлекет мүддесімен ұштастырып, тұтастығымызды нығайта түсуге өз септігін тигізуде.

Мемлекеттік-конфессионалдық қарым- қатынастардың қазақстандық үлгісі либералды заңдар, діни толеранттылық, дінаралық диалог және плюрализм сияқты маңызды қағидаттарға негізделген. Осы қағидаттардың жүзеге асуының бір көрінісі елімізде қазіргі күнде 18 конфессияны құрайтын 3 мыңнан астам діни бірлестіктер бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде.

 

Асылхан ҚАЛМЫРЗАЕВ,

облыс әкімдігі дін істері басқармасының бас маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support