- Advertisement -

Жантүршігерлік ойын түріне тосқауыл бола ма?

25

- Advertisement -

«Жүгір немесе жан тапсыр» жаңа қауіпті ойын жасөспірімдер арасында кең таралуда. Оның мәні – көлік алдына шығып автомобильдерге мүмкіндігінше жақын жолды кесіп өту. Жасалатын іс-әрекет бір болғанымен, екі түрлі нәтиже шығады. Немесе бала дөңгелектердің астына түседі, немесе жеңіп шығады. Егер де бұл жағдайда ол жеңіске жетсе, онда құрдастарының арасында өзінің дәрежесін көтеруге мүмкіндік алады. Бұл ойын туралы психолог Ғалия Баязитова: «Жасөспірімдер бұл ойынды көбінесе өз қорқыныштарына қарсы тұрып үйрену үшін, я болмаса достарының алдында өзінің қаншалықты батыл қадамға бара алатынын көрсету үшін ойнайды. Кейбір жағдайларда адреналин сезімін бастан кешіру мақсатында ғана қайта-қайта осы ойынды ойнап, бақтарын сынап жатады. Бірақ, бұл батыл әрекет емес, ақымақтық екенін түсіну керек. Ұстаздар тарапынан, ата-ана тарапынан осы қауіпті ойынның құрбаны болмау керектігі, ол арқылы ешкімнің ұпайы кеміп, ұтысқа жетпейтіні бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек», – дейді.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, өңірлерде «жүгір немесе жан тапсыр» атты атының өзінен адам шошитын ойын бойынша өлім фактісі әлі тіркелмеген көрінеді. Дейтұрғанмен, соңғы 9 ай бойынша елімізде жасөспірімдердің қатысуымен 2500 жол-көлік оқиғасы орын алған. 200-ге жуық бала қайтыс болып, кейбірі жеңіл дене жарақаттарымен құтылған. Ал, өткен жылы Қазақстанда 18 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы орын алды. Әрбір алтыншы жәбірленуші – бала. «Жүгір немесе жан тапсыр» ойынының елге келуімен бұл қорқынышты статистика тек нашарлауы мүмкін. Осы оқиғалардың аталмыш ойынға қаншалықты байланысы бар, мұны зерттеу оңайға соқпасы анық. Әлде, балалардың қарапайым жол ережесін сақтамауы, білмеуіне байланысты ма? Әлеуметтік желілерде «жарнамасы» желдей ескен бұл ойын шетелдерден бастау алып, біздің елде де етек жая бастады. Алғаш қайғылы оқиға 2017 жылы Ресейде орын алса, Шығыс Қазақстанда түнгі бейнебақылау камераларына жасөспірімдердің бағдаршамның қызыл көзі жанғанын күтіп тұрып, жолға жүгіріп шыққаны түсіп қалған болатын. Әлемнің түкпір- түкпірін шулатқан «Көк кит» ойынынан көзімізді енді ала бергенде пайда болған, қауіптілігі жағынан тең дәрежеде тұрған бұл ойынның кең тарауына не себеп? Жасөспірімдердің бос уақыты көп болғандықтан, зеріккеннен ойлап тапқан ойын ба? Әлде, көліктерді жолда төмен жылдамдықта жүруге шақыратын үндеу ме?

Құрғақ асфальттың өзінде көлік сағатына 60 шақырым жылдамдықпен келе жатса, 20 метр қашықтықты өтіп барып қана көлікті тежей алады.

Бұл кем дегенде үш секунд яғни, ауыр соққы алуға, жол-көлік оқиғасы болуына жеткілікті. Өлімге әкеліп соғатын «жүгір немесе жан тапсыр» секілді ойындарға қызығушылық таныту психологтардың айтуынша, негізінен 9 бен 14 жас аралығындағы балалар арасында орын алып жатады. Бұл ерекше тәсілді қажет ететін өтпелі кезең. Құрдастарының пікіріне тәуелділік, жасөспірімдер арасындағы бәсекелестік баланы осындай ессіз әрекетке итермелеуі мүмкін. «Егер жасөспірімнің бойында тәуекелге бейімділігі болса, адреналинді қажет етсе, онда оның қуатын қауіпсіз арнаға бағыттау керек. Мүмкін, жеңіл спорт түрлері мұндай энергиясы көп балаға сәйкес келмейді, экстремалды спорт түрлері қажет: таулар, шаңғылар, көкпар, атқа міну секілді», – деп түсіндіреді балалар психологы Оксана Чолак.

Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласының тұрғыны осы қауіпті ойынның куәсі болғанын айтады. Ер адам видеоға көз алдында машина дөңгелектерінің астында жаншылып қала жаздаған жасөспірімдер тобын түсірді. «Сұр-жасыл күртеше киген бала жоғары жылдамдықпен келе жатқан қара түсті «Lada» көлігін тасада күтіп тұрып, жақындаған кезде алдынан жүгіріп өте шықты. Жүргізуші уақытында баяулады. Оның достарының көпшілігі жолдың жиегінде күтіп тұрып, содан кейін бәрі де осындай ессіз әрекетке ду күлді», – деп жазды куәгер Instagram әлеуметтік желісінде. Ал, Маңғыстауда автокөлік жүргізушілері мессенджерлерде бір-біріне ескерту жіберетін көрінеді: «Егер автокөлікпен жүру кезінде, әсіресе, жаңбырлы күндері, кешкі уақыттарда жол бойында топталып жүрген жасөспірімдерді көрсеңіз абай болыңыз, жылдамдықты жедел баяулатыңыз», – делінген хабарламада. Осы жылдың 22 қазанында Ақтаудағы жүргізушілердің бірінің видеорегистраторына бірнеше бала асқан жылдамдықпен келе жатқан көліктің алдынан ойда жоқта жүгіріп шыққан сәті түсіп қалған болатын. Ғаламторда тараған осы сипаттағы видеоларды желі қолданушылары бұл басқа елдерде ескертілген «жүгір немесе жан тапсыр» ойынына қатысы болуы мүмкін деп болжады. Бұл ойынның өзі бұрыннан ойлап табылған және 2017-2018 жылдары танымал болған. Қазір екінші толқын келгендей, флешмобқа айналып кетті деуге де болады. Бірақ, жүйелі түрде бұл мәселені шешу мүмкін емес сияқты. Жүргізушілерді жауапкершілікке шақыру мен ата-аналарды балаларының мінез-құлқына, араласатын ортасына мән берсе екен дейміз. Көлік алдынан атып шығу арқылы жол-көлік оқиғасының себепкері болуы мүмкін екендігін де ескерткен жөн.

 

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support