Әлеуметтік көмек – көңілге медет

Әлеуметтік көмек – көңілге медет
ашық дереккөз
Әлеуметтік көмек – көңілге медет
Тәуелсіз қазақ елі үшін артта қалған 30 жылдан астам уақыт ауыз толтырып айтатын қандай маңызды жетістіктермен ерекшеленді? Қалың бұқараны не қуантты? Әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі саналатын – атаулы әлеуметтік көмектің форматы қандай? «Ана мен бала» ұранын ұстанған мемлекет ұлттың көбеюі жолында не істей алды? Немесе жалпақ жұртты жаппай жарылқайтын қандай жаңалық болды? Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдары абдырау болған да шығар. Өйткені, ана мен балаға көрсетілетін көмек те, қамқорлық та көптің көңілінен шықпайтын. Ал, соңғы бесжылдықтағы өзгерістердің нәтижесінде алғашқы ширек ғасырда болмаған «беби-бумды» көрдік. Адам капиталын дамыту – ұлт сапасын арттыратыны анық. Мұны әуелден басшылыққа алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ілкімді істердің атқарылуына ықпал етіп келеді. Осыдан төрт жыл бұрын ғана көпбалалы отбасыларға төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақының құны 10500 теңге ғана еді. Отбасылық кіріске қарамастан барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға берілетін бұл көмек 2020 жылы бірден төрт еселеніп 42500 теңгеге көбейді. Биыл бұл санаттағы аналар 55304 теңге алады. Ал, бала саны одан да көп болса олардың әрбірі үшін 13 826 теңге қосылып отырады. Бұл жеңілдіктің бай-кедей деп бөлмей, ел азаматтарына түгел арналғаны халықты қатты қуантты. Биылдан бастап елімізде «Наградталған ана» мәртебесі енгізілді. Мұндай статус «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге беріледі. Заңға сәйкес, 5 немесе одан көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар 53 жасында зейнетке шығады. Ардақты аналарымызға берілетін жеңілдіктерді де ауыз толтырып айтуға болады. Алтыдан көп баласы бар алтынқұрсақты аналарымыз мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған баспананы бірінші кезекте алуға құқылы. Сондай-ақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар бірқатар салық пен баждан босатылған. Бұдан бөлек, ардақты аналарымыз үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. Ең қуаныштысы, қалалық және қала маңына қатынайтын автобустарда тегін жүре алады. 2006 жылдан бастап табысы азық-түлік себетінен төмен отбасылардың 18 жасқа толмаған балаларына мемлекеттік жәрдемақы төлене бастады. «Ұлт жоспарындағы әлеуметтік жүйені реформалау мақсатында облыста 2014 жылдан бастап «Өрлеу» пилоттық бағдарламасы енгізіліп, жоба аясында шартты ақшалай көмек тағайындалды. 2018 жылдан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілді. 2018-2022 жылдары атаулы әлеуметтік көмек 85262 отбасындағы 438969 адамға төленді. 2023 жылдың басынан атаулы әлеуметтік көмек 7344 отбасындағы 38948 адамға берілді. 1 жастан 6 жасқа дейінгі 12144 балаға қосымша қаржы бөлінді», – дейді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова. Тағы бір жағымды жаңалық Ұлттық қор мен балаларды байланыстырды. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Алдын ала есептеулер бойынша әр балаға жылына 160–170 доллар сомасында ақша төленуі керек. Бұл қазіргі бағамда шамамен 80 мың теңге. Бірақ, төлем теңгеде емес, доллармен аударылады. Егер бала биыл дүниеге келген болса, алдағы 18 жылда толық көлемде, яғни бүкіл 18 төлемге қол жеткізеді. Бұл шамамен 1,6 миллион теңгені құрайды. Депутаттардың айтуынша, кейінгі жылдары бұл көлемнің мөлшері артуға тиіс. Мемлекеттің бұл балаларға жасап жатқан үлкен қолдауын барлық отбасы қуана қабылдады. «Ең алдымен бұл қаржыны баланың біліміне жұмсаймыз. Білімді ұрпақ ертеңгі еліміздің дамуына үлес қосады. Болмаса, болашақтағы баспанасының алғашқы жарнасы бола ма, оны енді болашақ көрсетеді. Болмаса бір үйдің бес баласы болса, барлық есепшоттағы қаржыны біріктіріп, кәдеге жаратуға болады. Әйтәуір, бала өзіне мемлекеттен қолдау көрсетілгенін сезінетін болады», дейді ата-ана Айнұр Тұрғынбекқызы. Ұлттық қордан түскен қаржы тек білім алуға немесе баспана жағдайын жақсартуға жұмсалуы керек. Ақшаны тек бала кәмелетке толған соң шешуге мүмкіндік бар. Елімізде 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат түседі деп жоспарланған. Бұл бағдарламаның ел болашағына салынып отырған стратегиялық инвестиция екені анық. Қалай десек те болашағымыз – балаларға мемлекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды.  

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар