- Advertisement -

Мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер балабақшаға мұқтаж

68

- Advertisement -

Елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларды ортаға бейімдеу, ем-доммен қатар сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселелері кеше-бүгін айтылып келе жатқан жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір Жолдауында да мүмкіндігі шектеулі балаларға білім алу үшін тиісті жағдай жасау тапсырылып келеді. «Кедергісіз орта», «Кедергісіз келешек» қалыптастырамыз деген мақсат та ерекше жағдайда бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға аяулы үміт сыйлаған еді. Десек те, бізде әлі күнге мүмкіндігі шектеулі балалардың мектепке дейінгі білім алуы неге қиын? Отыз миллионнан астам қаражатқа адам өтпейтін айдаладан өткел немесе ел аяғы баспайтын шеттен базар салуға жер бөлуден жалықпайтын жауаптылар да, ұлт пен ұрпақтың рухани құндылығын ойламақ түгіл, керек болса сол құндылықтың үстіне ресторан салып жіберуден тайынбайтын, ой-санасы ойын-сауық орындарынан түсер пайдадан ары аспайтын кәсіпкерлер де осы күнге дейін мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер үшін бірде-бір балабақша ашуға атсалыспағаны ма?

Дамыған елдер бұл мәселенің барлығын заңмен бекіте отырып, бизнеске барлық қызметті аутсорсингке берді. Онда тіпті балаларға қызмет көрсететін коммерциялық емес ұйымдар да лицензия алуы керек. Ал, инклюзивті білім беру саласындағы қазақстандық сарапшылар мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық- педагогикалық қолдау көрсетуге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы енгізілсе, жағдай жақсарады деп үміттенеді.

Айта кетсек, осыдан бес жыл бұрын елімізде алғашқылардың бірі болып Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында арнайы балабақша ашылған. «Бақытты бала» жобасының аясында іске асқан аталған білім ұясы 200-ге жуық балаға қызмет көрсетіп келеді. Онда психологиялық-медициналық- педагогикалық кеңес беруден бастап, туабітті сал ауруы және аутизмге шалдыққан балаларды оңалту орталығымен қоса, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жыл бойы демалыс лагері де ашылған болатын. Ақтөбелік ата-аналардың шексіз алғысына кенелген жоба қазіргі таңда біздің Әулиеата өңіріне, Тараз қаласына да ауадай қажет болып отыр. Себебі, біздің өңірде де ерекше жағдайдағы бала саны жыл сайын артып келеді.

– Әрбір ата-анаға белгілі, ең жаманы – баланың ауырғаны. Жай ғана ауырса, уақытша қиналасың. Ал, кемтарлығы болса өмір бойы алаңдап өтесің. Қазіргі уақытта ата-ана болудың өзі оңай емес, жауапкершілігі мол парыз. Ал, ерекше жағдайдағы баланың ата-анасы болу одан да қиын. Десек те, бала – әрбір ата-ананың үміті. Баламыз ерекше жағдайда болғанымен кішкентайынан жазу- сызуға құмар. Сондықтан, бар ынтасын білімге бағыттағымыз келді. Өкінішке қарай, бізде мектепке дейінгі білім ошақтары жоқ. Сондықтан, жеке балабақшаларға баруға тура келді.

Өздеріңіз білесіздер, жекеменшік балабақшалар өте қымбат. Оған қоса онда білім беру сапасы да айтарлықтай жоғары емес. Іште баламен не істеп жатқанын да көрсетпейді. Анда-санда WhatsApp арқылы қысқа ғана видеолар көрсетіп қояды. Онда көбіне сабақ өтудің орнына, балалар өз бетімен, тәрбиешілер өз шаруасымен бөлек жүретініне де көзім жетті. Сырты сұлу жеке балабақшалардың кейбірінің іші санитарлық талаптарға сай емес. Соған қарамастан бауыр етің балаң үшін ақша төлейсің, ал ерекше жағдайдағы бала үшін басқа да қажеттіліктер, дәрі-дәрмектер арзан тұрмайтыны көпшілікке белгілі. Рас, кәдімгі балабақшаларда мүмкіндігі шектеулі, ерекше жағдайдағы балаларға арнайы топтар бар. Бірақ, ол біздің балаларға қолайсыз. Себебі, сау балалар ойын барысында қағып-соғып кетеді немесе қорқынышпен, үреймен қарайды. Бұл физикалық, моральдық, психологиялық тұрғыда да қиын. Жұмысымыздың бәрін тастап қазір баламыздың бетіне қарап үйде отырмыз. Сондықтан, ерекше жағдайдағы балалар үшін арнайы балабақша қажет. Ата-ана ретінде мен облыс басшылығынан, кәсіпкерлерден осыны сұраймын, – дейді тұрғын Қарлығаш Лесбек.

Өз кезегінде біз осы Қарлығашпен тағдырлас Тараздағы бірқатар ата-аналардың пікірін де білдік. Олардың басым көпшілігі десек жалған болар, барлығы дерлік балабақшаның қажеттілігін алға тартуда. Арасында баласы балабақша жасынан асып кеткен аналардың да өкініші бар.

– Несін жасырамыз, қалада не көп, кафе мен ресторан көп. Қазір тіпті әрбір сондай қымбат ресторан мен кафелер өздерінің тұтынушыларына, олардың балаларына арнап ойын бұрыштарын, алаңшаларын ашуды әдетке айналдыра бастады. Оның бәрі халықты өзіне тарту, пайда табу үшін екені айтпасақ та түсінікті. Сол секілді адам түсінбейтін ойын-сауық орталықтары да көбейіп келеді. Осыншама кәсіпкердің арасында осы күнге дейін кемтарлығы бар балаларға бір балабақша ашып берейін деген азамат табылмағаны ма? Немесе ондай кәсіпкерлер жер сұрап барғанда жергілікті әкімдіктегілер «қалаға осындай нысан қажет, сен одан да балабақша сал» деп айта алмағаны ма? Биыл шомылу маусымы аяқтала бастағанда мыңдаған адамға арналған бассейннің ашылғанын да көрдік. Мейлі, ашылмасын демейміз, ашыла берсін. Бірақ, осы мәселеге де көңіл бөлуге болады ғой. Аймақ басшысы ерекше жағдайда бала тәрбиелеп отырған біз секілді ата-аналар үшін бір балабақша ашып беруге қолдау білдірсе екен, – дейді көпбалалы ана Сәбина Қалдыбекова.

Қазір қалада оңалту орталықтары жұмыс істейді ғой дейтіндер де табылуы мүмкін. Алайда, өкінішке қарай жыл сайын мұндай бүлдіршіндердің қатары артып, қарасы көбейіп келе жатқаны жанға батады. Сондықтан, санаулы орталықтарда мұндай бүлдіршіндер өз кезегін айлап күтуге мәжбүр.

– Жасыратыны жоқ, ерекше жағдайдағы балаларға балабақша өте ыңғайлы, тиімді болар еді. Ерекше бала болғаннан кейін бір бала болса үйде міндетті түрде бір адам отыруы керек болады. Ата-аналардың да қолы байланады. Егер мемлекет тарапынан болсын, жеке кәсіпкерлер тарапынан болсын арнайы балабақша ашылса, өте қолайлы болады. Бұл балабақшада инклюзивті білім беру бағдарламасын меңгерген білікті мамандар болуы тиіс. Сол балабақшада әр баламен топтық та, жеке де жұмыстар жүргізілсе, баланың өмірге бейімделуі де белсенді болар еді. Ең әуелі ертерек нәтиже көруге ықпал ететін еді. Өкінішке қарай, бізде аутизм спектрі жылдан жылға көбейіп келеді. Ондай балалармен жылдар бойы жұмыс жасалу қажет. Әсіресе, ерте жастан көмек беруге баса мән бергеніміз жөн. Ерекше жағдайдағы балаға ерте көмек беріле бастаса, соғұрлым мектепке барғанға дейін оқу бағдарламасын меңгеру жағынан да жақсы нәтижеге қол жеткізер еді. Себебі, ешқайда бармаған бала бірден мектепке барса, ол өзін дұрыс ұстау жағынан да, мектептің атмосферасына бейімделуіне де зор көмек болар еді. Шынтуайтында барлық отбасының жағдайы бірдей емес, қаражаты барлар жеке коррекциялық балабақшаларға барады. Сол жерде таңертеңнен кешке дейін баланың жүруі үшін 130-150 мың теңге төлейді. Ол жерде тамақтандырады, логопед, дефектолог, психолог мамандар сабақ береді. Бірақ, ол жерде әрбірінің қызметі ақылы. Ал, мемлекет немесе кәсіпкер тарапынан тегін балабақша болса қаншама отбасыға көмек болар еді. Егер сондай балабақша ашылатын болса біз де мамандарға, тәрбиешілерге көмек көрсетуге, тәжірибемізбен бөлісіп, бағыт-бағдар, кеңес беруге дайынбыз. Бұл – қажеттілік. Себебі, ерекше жағдайдағы балалардың көбеюіне байланысты оңалту орталығы, аутизм орталығы болсын, педагогикалық-психологиялық кабинеттің өзінде ұзын-сонар кезек қалыптасуда. Қала бойынша 2 педагогикалық-психологиялық кабинеті, 1 аутизм орталығы және 1 оңалту орталығы бар. Бұлардың барлығында 1 аптадан бастап, 3 айға дейін балалар күтуге мәжбүр болады. Егер арнайы балабақшалар ашылса, балалардың көпшілігі бұлай кезек күтіп тұрмас еді, – дейді ерекше жағдайдағы балалармен он бес жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан білікті маман, «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Тараз қалалық №2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің меңгерушісі Ұлбала Байкеева.

Ата-аналарға арман болған мұндай балабақша қаланың өзіне қат болғандықтан, аудан орталықтарындағы жағдай туралы айтудың өзі қиын. Десек те, игіліктің ерте-кеші жоқ, егер алдағы уақытта бұл мәселе шешімін тапса, жүздеген жас жүрек пен ата-аналардың алаң көңіліне үміт отын жағар еді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support