- Advertisement -

Мағжанның маржан жырлары

71

- Advertisement -

«Артымда қазақ қалың қол,

Тақтақ жалғыз қара жол,

Кетіп бара жатыр ем,

Бейнеті бітпес ұзын жол…», – деп жырлаған Мағжан Жұмабаев халқымыздың отаншыл, патриот ұлдарының бірі. Бүгінгі жас ұрпақ ақынның жыр мұраларын жаттап, сусындап өскені жөн. Себебі, Мағжан мұралары тәрбие мен тағылымға, өнегелі өсиетке толы.

Ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған әртүрлі этнос жастары арасында өткен облыстық «Мағжан оқулары» байқауының тәрбиелік мәні, ұлттар достығына тигізер ықпалы жоғары. Байқауға әр ауданнан ұлты әртүрлі мектеп оқушылары қатысқаны қуантты. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы колледждерден де талапты студенттер қатысқаны мұндай іс-шараларға жастардың қызығушылығы бар екенін білдірсе керек.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде өткен байқауға 22 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Онда жастар Мағжан Жұмабаев жырларын жатқа оқыды. Әркім өз шамасына қарай өнер көрсеткенімен, сахнада білгенінен жаңылғандарда, ұялы телефонға қарап оқығандар да аз болған жоқ.

Байқауға Жамбыл ауданының Айша бибі ауылынан келген мектеп оқушылары Хамза Афлатунов, Анель Айдаралы, Хадиянур Афлатун, аталған ауданның Шайқорық ауылынан келген Севда Қарабаева, Сивиля Ибрагимова байқау сынынан сүрінбей, өздерінің жақсы дайындықпен келгенін байқатты. Байқау барысында Мағжан ақынның «Сағындым», «Сүйемін», «Немере мен әжесі», «Қазақ тілі» және өзге де патриоттық өлеңдері оқылды.

Қазылар алқасының шешімімен аталған байқаудың жеңімпазы (бірінші орын) деп Жамбыл ауданының Айша бибі орта мектебінен келген Анель Айдаралы танылды. Анель байқау барысында Мағжан ақынның «Жан сөзі» атты ұзақ толғау өлеңін, мәнерімен жатқа оқығанда тыңдармандар тегіс ризашылықтарын жасыра алмады. Сахнада күйдің ойнап тұруы да сәтті үйлесім тапты. Бұл ретте жетекшісі Медеу Мырзатайдың да еңбегін атап өтуге болады. Сондықтан, қазылар жеңімпазды дөп басып таныды деп айтуға болады. Жеңімпазға 100 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Жүлделі екінші орын аталған Айша бибі орта мектебінен келген оқушы Хадиянур Афлатун мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Амина Файзуловаға берілді. Сонымен қатар, Жамбыл ауданынан, Шайқорық орта мектебінің оқушысы Сивиля Ибрагимова мен Тараз теміржол, көлік және коммуникация колледжінің студенті Данил Полейчукке жүлделі үшінші орын бұйырды. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлық табысталды.

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхармен облыстық Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім басшысы Назым Қожамарова әртүрлі ұлт өкілдерінің талпынысын жоғары бағалап, жақсы өнерлері үшін алғыстарын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support