«Айналайынға» алғыс айтатындар көп

«Айналайынға» алғыс айтатындар көп
ашық дереккөз
«Айналайынға» алғыс айтатындар көп
Аудан орталығы Төле би ауылында 22 мыңнан астам халық тұратын болғандықтан, мектепке дейінгі тәрбиенің де маңызы жоғары. «Бар жақсылық балаларға» дегендей, балабақшалардың материалдық жағдайы да жақсара түскен. Оны біз аталған ауылдағы «Айналайын» бөбекжай- бақшасына барғанда байқадық. Бұл мектепке дейінгі мекемедегі 12 топта 280 бала тәрбиеленеді. 10 топ қазақ тілінде, 2 топ орыс тілінде тәрбие береді. Оларға 68 маман қызмет етеді. Олардың ішінде 30-ы педагогтер. Педагогтердің сапалық құрамын жақсарту үнемі басшылықтың назарында. Аталған бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Жұмакүл Тапалиеваның балабақша басқаруда 12 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол барлық тәжірибесін «Айналайын» бөбекжай-бақшасының жұмысын жандандыруға жұмсап келеді. Сондықтан, «Айналайын» бақшасына алғыстарын айтып жүретін ата-ана көп. Бізге балабақшаның ішкі жұмыстары мен топтарды әдіскер Айнелла Нұрбекова көрсетті. Айнелла Самединқызының әдіскер ретінде алты жылдық тәжірибесі бар екен. Екі орыс тобын және бірнеше қазақ топтарын аралап көрдік. Бүлдіршіндер өздерінің жас айырмашылықтарына қарай жақсы тәрбие алуда. Бізге қазақ және орыс тілдерінде ән салып берді. Тіпті, бір-біріне жұмбақ жасырып та ойнаған сәттеріне куә болдық. Мұнда 0,5 бірлікпен әдіскер болып жүрген әрі тәрбиеші ұстаз Гүлнар Ережепованың еңбек өтілі 24 жыл. Әсия Ордағұлова он жылдан бері тәрбиешілік жұмыстың ыстық-суығына төзіп келеді. Сондықтан, аудандық деңгейде алған марапаттары да аз емес. Бұл балабақшада өзге де тәрбиеші, білікті мамандар еңбек етеді. Мейірбике Гүлзада Есіркееваның жұмысы қай кезде де қарбалас. Ол бүлдіршіндердің денсаулығының жақсы болуы жолында барлық тәжірибесін жұмс ауда. Үнемі тәрбиешілерге балалардың қандай тағам жеп, қалай жүріп-тұруын ескертіп отырады. Бір сөзбен айтқанда, балаларды ауыртпайтын жол іздейді. «Ас – адамның арқауы» демекші, аспазшы Жанат Қоғабаеваның дайындаған тағамы қашанда дәмді. Ол өз ісінің шебері болғандықтан, үнемі балаларға ұнайтын тағамдарды ғана пісіреді. Сондықтан, балалар Жанат апайлары пісірген асқа сүйсінеді. Мұнда қосымша сабақтарға да ерекше мән берілген. Музыка жетекшісі Арман Диханова, өзге де қосымша сабақтардың жетекшілері Перизат Сабырхан мен Жанар Әбдіреева бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолында үнемі белсенділік танытып жүр. Бұл балабақшаның тәрбиешілері аудандық жарыс, байқауларда үнемі жүлдеге қол жеткізуде. Оған тәрбиешілер мен жетекші мамандардың қосқан үлесі үлкен. Есепші Мадина Қасабаева өз ісінің шебері. Бөбекжайдың жұмысында шаруашылық жағы ерекше орын алады. Егер тәрбие жақсы болғанымен, бөлмелер лас болса, балаларға кері әсер ететіні анық. Сондықтан, балабақшаның шаруашылық ісінің меңгерушісі Айгүл Жаманбалаеваның жұмысты үйлестірудегі еңбегі ерекше. Ол кіші қызметкерлерді тазалық жұмыстарына жұмылдырып, өзі де қыруар шаруаның бір жағында жүр. Бір мекеменің керек- жарағын түгендеу де шаруашылық меңгерушісінің міндеті. Айгүл Жаманбалаева бұл міндетті лайықты атқарып келеді. – Бөбекжай-бақшасында еңбек еткен әрбір қызметкердің өз орындары бар. Кіші қызметкерлер де, тәрбиешінің көмекшілері де өз істерін белсенді атқарып келеді. Балабақша ұжымы жұдырықтай жұмылып, балаларды ұлағатты жолға тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп, тер төгіп келеді. Алдағы жоспарларымыз бен мақсаттарымыз да үлкен, – дейді аталған бөбекжай бақшасының әдіскері Айнелла Нұрбекова.  

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар