- Advertisement -

Туған өлке тарихы — тәрбие бастауы

87

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі» деген еді бір сөзінде. Жас ұрпақты тәрбиелеп, оқытып жүрген ұстаз ретінде өскелең ұрпаққа кешегілердің дара жолын үлгі ету мақсатында өз ауылымыздың тарихы жөнінде сөз қозғағанды жөн көрдім. Бүгінде ел таныған азаматтар мен батырлардың, тіптен ғалым мен ауыл тұрғындарының жұлдызды сәттері туған өлкемен тікелей байланысты. Біз үшін де туған ауылымыз Жарлысу тарихи тұлғаға, өнегелі ұрпаққа толы киелі мекен.

Ауыл – ұлтымыздың ұясы, алтын бесігі, ырыстың кіндігі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, өскен өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды деп толғанамыз. Халқымыздың тілінің, салт-дәстүрлерінің қаймағы бұзылмай сақталған жері кішкентай ауыл болғандықтан, қазақтың дені ауылдан шыққандықтан, менің туған ауылым – Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу да қазақ жеріндегі мыңдаған шағын елді мекендер сияқты өз жетістігі, түйінді проблемалары, қордаланған мәселелері жеткілікті мекендердің бірі. Талай ел қамын ойлаған азаматтардың, дуалы ауыз шешендердің, қиыншылық замандарда елге жол нұсқаған көсемдердің шыр етіп дүние есігін ашқан мекені болған ауылымның шыққан биігі мен үшін арман асуы. Еліміздің қай жерінің, қай ауылының болмасын өзіндік тарихы, ашылмаған сыры көп. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Жарлысу ауылының да тарих қойнауынан, сонау ежелгі замандардан белгі берер аңыз-сырлары көп. Туған жеріміздің өткені талай зерттеулерге нысан болар тақырып. Біздің бүгінгі әңгімемізге өзек етіп, пайымдап жеткізгіміз келгені – тәуелсіздікпен бірге жасап, көркейген Жарлысу ауылының жағдайы.

«Қазақстанның ежелгі қалалары» энциклопедиясында ежелгі тайпаларға мекен болған Жолшөп (Джуль-Шуб) және Көлшөп қалаларының атауы кездеседі. Ғалымдардың айтуынша, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Жарлысу ауылы осы екі қаланың ортасында орналасқан. Тағы бір құнды деректі Т.Рысқұлов ауданының 80 жылдық мерейтойына арнайы шығарылған «Жаңғырған өңір» жинағынан кездестіреміз. Онда «… Шал тауының баурайындағы Бессарай мен Талды қалалары, Құлышыб пен Жұлышыб шаһары керуен жолында жатыр. Жарлысу ауылын кесіп өтетін Жібек жолының жасырын бір тармағы қарақшылардан сақтандыруға өте қолайлы жол болған. Талды маңындағы тайпа көсемдерін сайлайтын «Көсемтас» пен сондағы петроглифтік таңбалар, «Қарабұлақ» басындағы «Сиректас» көп нәрседен сыр шертсе керек» делінген.

Осы деректерге қарағанда, ауылымыздың тереңнен тамыр тартқан тарихы әлі де жұмбақ. Жарлысу атауы тарихына келер болсақ, «Жамбыл облысының топонимикалық атауларының анықтамалығында» мынадай дерек келтірілген: «Жарлысудың тарихи атауы ежелден осылай аталады екен. Тау сілемдерінен аққан судың мол болуына байланысты ауылға қарасты жерлердегі жарлардың бәрінде мол су ағып жатқан. Сол себептен «Жарлысу» аталып кеткен. Ал, ауыл маңындағы тау бөктерінен бастап шыққан өзенді «Талдыөзен» дейді. Ал өзеннің олай аталуы өзен жағасында талдың көптігінен екен. 2007 жылы жарық көрген осы анықтамалықтың «Өрнек ауылдық округі» деген тақырыпшасында: «Округте бастауын биік таулардан а латын шағын-шағын Та лдысу, Жарлысу, Сұлутөр және Тұйықтұр, Алтынбұлақ, Талды, Төрт көл тау су көздері, бұлақтар орналасқан», – деп көрсетілген.

Ауылдағы білім мен мәдениеттің ордасы – Айтқұл Шынәсілов атындағы орта мектеп ғимараты 2010 жылы салынған. Оқу кабинеттері заманауи үлгіде жабдықталған. Компьютер сыныптары, лингафон кабинеті, 5 мультимедиялық кабинет, үлкен спортзалы, заманға сай жабдықталған асханасы, бір сөзбен айтқанда, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бар жағдай жасалған. Мектеп жанында 40 орындық интернат үйі жұмыс істейді. Мұнда ауылдан шалғай маңда еңбек етіп жүрген малшылардың балалары мен аз қамтылған отбасы балалары тәрбиеленеді. Екі қабатты ғимараттың іші де, сырты да кірсе шыққысыз тап- таза, әдемі, балалардың жатып-тұруына қолайлы жағдай жасалған.

Интернат ғимаратын «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев малшы және көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларына арнап салып берген. Ондағы балаларға тәрбие беріп, жағдай жасау үшін 20 адам еңбек етуде. Осы аталған қожалық интернаттың жанынан саябақ та салып берді. Тұрғындардың демалуы, мерекелік іс-шараларды өткізуі үшін таптырмас орынға айналған саябақтағы ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналған ескерткіш-монумент, субұрқақ және ойын алаңдары көз тартады.

Осы мектеп қабырғасында ұстаздық еңбек еткен 30 жылымда түрлі салаларда қызмет етіп жүрген мектеп түлектерінің өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында мен де ауыл тарихына өз үлесімді қоссам деген ниетпен «Мектеп түлегі – ел болашағы» атты жинақ кітабымды ұсындым.

Дүниенің қай түкпірінде жүрсең де өз жеріңе жетер жер жоқ. Мен өз елім мен жерімнің байлығын мақтан етемін, табиғатын аялаймын. Кейінгі ұрпаққа жеткеніңді бағала, өйткені бұл жерде сенің ата-бабаңның маңдай тері сіңген топырақ жатыр дегім келеді.

 

Гүлбарам ШОТАЕВА,

Айтқұл Шынәсілов атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support