- Advertisement -

Майдангер. Журналист. Ұстаз.

34

- Advertisement -

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлы Отан соғысының ардагері, журналист, ұстаз Төленді Баймұратовқа арналған экспозиция ашылды. Салтанатты іс-шараға Сарысу ауданы мен Тараз қаласынан еңбек ардагерлері, майдангердің балалары, ағайын-туыстары қатысты.

Ер есімін ел есінде қалдыруға арналған іс- шараны облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева ашты. Бейбіт өмір сыйлаған еліміздің, өңіріміздің өсіп-өркендеуі жолында ерен еңбегі сіңген майдангерлерді, ерлерді ұмытпай, өлкетану музейінен олардың саналы ғұмырынан сыр шертетін жәдігерлермен толтыру жақсы үрдіс екеніне тоқталып, экспозицияны толықтыруға үлес қосқан майдангердің балаларының еңбегін атап өтіп, ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ, майдангер, журналист, ұстаздың сарысулық шәкірттері Сәтбек Иманбеков, Егізбек Сәтов және бүгінде Тараз қаласында тұратын Сарысу ауданының Құрметті азаматы Құдайберді Әбілов оның бойындағы тазалықты, кісілікті, парасаттылықты еске алды. Ардагерлердің есінде асқан шахматшылығы да қалыпты.

Майдангердің үлкен ұлы Әнуар Баймұратов әкесінің өмірі мен соғыстағы жорық жолы туралы тебірене еске алды. 1908 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында шаруа отбасында дүние есігін ашқанын, молдадан арабша оқығанын айтты. 1937 жылы Коммунистік журналистика институтының алғашқы түлегі болып бітіріп шыққан. Институтта Сәкен Сейфуллин, Санжар Аспандияров сынды ұлт қайраткерлері дәріс берген. «Дүние астаң-кестең болып жатқан отызыншы жылдардың ойранында жоғары білім алғанынан-ақ әке бойындағы білімге деген құштарлықты, асқан қайсарлықты аңғаруға болады», – дейді 75 жасты еңсеріп қалған ұлы.

1937-1942 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысы Лениногор қалалық газетінің редакторы, облыстық газеттің бөлім меңгерушісі, Ұлан аудандық партия комитетінің хатшысы болып еңбек еткен. Шығыста жүргенде қазақтың кемеңгер перзенті Дінмұхамед Қонаевпен аралас-құралас болып, үлкен кісі үйінде қонақта болғанын да жеткізді.

1942 жылы соғысқа аттанып, рота командирі болып, фашистік-басқыншыларға қарсы атой салған. Майданда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін Сарысу ауданына оралып, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, Кагонович мектебінің директоры болып, ұрпақ тәрбиесіне де үлес қосқан. Сарысу және Талас аудандарында аудандық басылымдарда бөлім меңгерушісі болып, журналистикаға қайтып оралады. 1964 жылы бар-жоғы 56 жасында өмірден өткенін еске алғанда ардагер-ұлының жанары жасаурап, көңілі босады. Бұл енді өзі де әлдеқашан ата болса да, асқар таудай әкеге деген перзенттік сағыныш, аңсау…

Экспозицияның салтанатты түрде лентасы қиылып, музей қызметкері Лаура Байтұрсынова майдангер, журналист, ұстаздың құжаттарының көшірмесімен, марапаттары, тұтынған заттарымен, отызыншы жылдардан бастап сыр шертетін сарғайған суреттермен таныстырды.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support