- Advertisement -

Ортақ мүлікті бөлу оңай іс емес

15

- Advertisement -

Шаңырақ көтерген ерлі-зайыпты әуелі үй алуды, яғни материалдық игілікке қол жеткізуді ойлайды. Табыс ортақ болған соң, жиналған қаражатты бірігіп жұмсайды. Ал, жұбайлардың дәм-тұздары жараспай, жолдары екіге айырылса ше? Мұндай жағдайда мүлікті бөлісу де өз алдына қиындық тудыратыны сөзсіз. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Тараз қалалық соты биыл тоғыз айда мүлікті бөлу бойынша 29 іс қараған.

Жылжымайтын мүлік қалай бөліске түседі? Алдымен, осы мәселеге тоқталсақ. Сот тәжірибесінде жиі кездесетін істердің бірі – тұрғын үйді бөлуге қатысты. Жалпы, мүлік некеге тұрғанға дейін сатып алынса, сыйға алынса немесе мұраға қалса, ол жеке болып табылады. Ол ажырасу кезінде бөлуге жатпайды. Ал, үй күйеуінікі болғанымен, некеге тұрғаннан кейін ерлі-зайыпты бірігіп жөндеу жүргізіп, қосымша монша, автогараж салып, қоршауын жаңартқан жағдайда әйел не істеуі керек? Ол да үйді күрделі жөндеуге үлес қосты ғой. Бірақ, оны дәлелдеу оңай емес.

Мұндай жағдайда куәгерлер сөзі, үйдің бұрынғы жағдайы мен қазіргі бейнесіне салыстырмалы сараптама жүргізу маңызды. Егер үйге жақсы жөндеу жүргізіліп, қосымша бөлмелер қосылып, ауласы абаттандырылған болса, екінші тарап тек жөндеуге кеткен ақшадан үлес даулай алады. Себебі, негізгі баспана бұрынғы күйеуі (не әйелі) отбасын құрмай тұрып алған. Бұған қоса мүлікті, соның ішінде жылжымайтын мүлікті бөлер кезде кәмелетке толмаған балалар да ескеріледі. Бұл кезде басымдық балаларды қамқорлығына алып отырған ерлі-зайыптының біріне беріледі.

Ал, егер ерлі-зайыптылардың бірінің жеке қаражатына ортақ ақшаны қосып, пәтер сатып алынса, онда ерлі-зайыптылардың екеуі де оны бөлу кезінде оған құқылы. Алайда, әрқайсысының үлестері ескеріледі. Ортақ мүліктегі үлестер мәселесі әдетте көптеген дауларды тудырады, дәл осыған байланысты ортақ мүлікті бөлу туралы шартты немесе неке шартын жасау ұсынылады.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлы-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 38-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлуде және осы мүліктегі үлестерді анықтауда ерлі-зайыптылардың әрқайсысының үлесі тең саналады. Егер олардың арасындағы шартта басқаша көзделмесе, келісіммен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, егер ерлі-зайыптылардың бірінің табысы болмаса немесе ерінің/зайыбының рұқсатынсыз ортақ мүлікті шығындаса, үлестер әртүрлі болуы мүмкін. Бірінші кезекте бұл алкогольдік және есірткілік тәуелділігі бар адамдарға қатысты. Егер бұл сотта дәлелденсе, оларға ортақ мүліктің аз үлесі тиісті болады. Бұл ретте нормативтік-құқықтық актілерде сіз осы мәселелер бойынша белгілі бір нормаларды таба алмайсыз, жағдайларды сот жеке қарайды. Егер керісінше, айыпталатын ерлі-зайыптының бірі жұмыс іздегенін дәлелдесе, жұмыстың болмауына негізгі себебі болса, үй шаруашылығын жүргізсе және балалар тәрбиесімен айналысса, онда сот оның үлесін азайта алмайды.

Сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың бірі ортақ мүліктегі өзінің үлесінен бас тартатын жағдайлар да кездеседі. Егер аталған айғақ неке бұзылғаннан бұрын айтылса, онда оны неке шартында немесе ортақ мүлікті бөлу туралы шартта бекітуге болады. Егер неке бұзылған болса, ортақ мүліктегі үлестен нотариусқа барып бас тартуға болады. Нотариус ортақ меншіктегі ерлі-зайыптының әрқайсысының үлестерін анықтауды куәландырады, одан кейін ерлі-зайыптылардың бірінің екіншісіне үлесті сыйлау шартын жазады.

Сонымен қатар, отбасылық одақ кезінде алынған қарыз, несие де бөлінетінін ұмытпауымыз керек. Мәселен, азамат неке бұзылмай тұрғанда отбасылық қажеттілік үшін миллион теңге несие алды делік. Бұл ақшаны азаматтың жеке өз басына жаратпайтыны анық. Сондықтан, ажырасқан кезде несиені қайтару міндеті екі тарапқа теңдей жүктеледі. Ал, егер жұбайы алған несиені жаратпақ түгілі, не себепті алғаны дәлелденсе, екінші тараптан қарызды төлеу міндеттемесі алынады.

Жалпы, ажырасу кезінде құжатқа салғырт қараған, қамсыз болған азаматтар қапы қалып жатады. Мұндай жағдай кез келген өңірде бар. Мәселен, ата-енесімен бірге тұрған әйелдердің күйеуінен үлес ала алмайтын кездері жеткілікті. Өйткені, олар екеулеп жүріп қаржы жинап сатып алынған мүліктің ата-енесінің атына рәсімделмегеніне мән бермеген. Күйеуі алдамайды, үлкен кісілер ақымды жемейді деп сенген. Алайда, мәселе дүниеге, байлыққа, ақшаға келгенде, ажырасқан ер азамат, ата-ене тұрмақ, жақын туыстың өзінің жатқа айналатын кезі көп. Ал, ажырасар кезде қараса, екеулеп жүріп қол жеткізген баспана енесінің атында, қымбат көлік салықты аз төлеу мақсатында зейнеттегі атасының атына жазылған. Тіпті артылған тиын-тебенді де күйеуінің алақанына салып отырған.

Мұндай кезде таласты дүниенің қаншасы әйелге тиесілі екенін анықтау да қиын. Сондықтан, өзінің ертеңін ойлаған азаматтардың барлығы ортақ мүлікті өзгенің атына тіркеуден қашуы керек. Өйткені, өмірде адамның басына түрлі сынақ келіп, жақыныңыз жатқа айналуы мүмкін. Біздің айтпағымыз, «Ажырасуға алдын ала дайындал» деген сөз емес, керісінше «Ажыраспа, бірақ сонда да құжаттарың сақадай-сай болсын!». Яғни, қаржысыз қалғыңыз келмесе, құжаттарға мұқият болыңыз.

 

Айнұр КЕНЖЕБЕКОВА,

Тараз қалалық сотының судьясы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support