- Advertisement -

Асыраушы саланың ахуалы артады

57

- Advertisement -

Жер ырысын ел ырысына айналдыру үшін ғылымның маңызы зор. Осы ретте облыс әкімі Ербол Қарашөкеев отандық ауыл шаруашылығы саласының ғалымдарымен кездесіп, аграрлық аймақтағы ауқымды мәселелер мен алдағы жоспарларды жан-жақты талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ, біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу» деп, бағытымызды тағы бір айқындап берген болатын. Біздің алдымыздағы негізгі міндеттердің бірі – инновациялық амал-тәсілдерді қолға алу. Агроөндірісті агроғылыммен ұштастырмай болмайды. Ауыл шаруашылығы саласын өрістетпей, ауылды өркендету мүмкін еместігі белгілі жайт. Бұл мәселе талайғы тарихынан бері асыраушы саламен айналысып келе жатқан Әулиеатаны да айналып өтпесі белгілі. Осы ретте облыс басшысы аграрлық ғалымдармен арнайы жүздесіп, ұтымды ұсыныстар мен жоспарларды талқылады.

– Өздеріңіз білетіндей, біздің өңіріміз ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Сәйкесінше асыраушы саладағы қордаланған күрделі мәселелердің барлығы бізге де қатысты. Биылғы құрғақшылық, тамшылатып суару жүйесін енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің тиімділігін арттыру проблемасы, ветеринария саласындағы жағдайлардың барлығын алғанда біздің өңір саладағы мәселелердің «витринасы» деп айтсақ та болады. Осы ретте ғылыми тұрғыда саладағы мәселелерді оң шешіп, дамыту жолында қосар үлестеріңіз өте маңызды, – деп кездесуді ашып берген Ербол Шырақпайұлы ғалымдарға сөз берді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, профессор Теміржан Айтбаев алдағы уақытта ел аумағында алғашқылардың бірі болып Әулиеатада көкөніс бақша шаруашылығын құрсақ деген ұсынысын жеткізді.

– Жамбыл өңірінде бұрыннан бау-бақша саласы өте жақсы дамыған. Соңғы жылдары карантин жағдайына байланысты институтымыз бен өңір шаруалары арасындағы байланысымыз үзіліп қалған еді. Сол әріптестік байланысты қайтадан жандандырып жатырмыз. Өңірде картопты дамытуға 15 миллион теңге бөлінді. Институттағы 200 түрлі тұқымның 70-тен астамы Жамбыл өңірінде өнім беріп келеді. Шетелде пияздың 1 гектары үшін тұқымға 550-600 мың теңге кетсе, отандық шаруашылықтарда ол он есе арзан. Ол үшін тұқым шаруашылығын дамытуымыз керек. Еліміздегі пияздың да негізгі алқаптары Жамбыл облысына тиесілі.

Кезінде Әулиеатада сәбіз де пияз секілді көп өсетін еді. Қызанақ, жеміс-жидек, жүзім, жылыжай шаруашылығын да облысқа кеңінен енгізсек дейміз. Осы ретте бірер жыл бұрын ел аумағы бойынша алғаш рет көкөніс шаруашылығын Байзақ ауданында құрсақ деген жоспарымыз болған еді. Сол жоспарды жүзеге асырсақ, – деді Теміржан Ерқасымұлы.

Облыс басшысы көршілес қырғыз елінде де егістік жерлер көп болмағанымен тұқым өндіру ісі жоғары деңгейде жолға қойылғанын атап өтіп, ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

Қазақ ауыл шаруашылығы экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Ғалия Әкімбекова ел аумағында кооператив құру бойынша басқа өңірлерге әулиеаталық шаруашылық ұжымдарының ішкі механизмдерін пилоттық жоба ретінде көрсетсек деген ұсыныс білдірді. Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Нұрлан Балғабаев жерасты суларын пайдалану, сор жерлерді қалпына келтіру бойынша ойларын ортаға салды. Айтуынша, жерасты суларын пайдалану бойынша неше гектарға қанша қаражат кететіні де салалық министрлікке ұсынылған. Облыс басшысы аймақта 22 мыңнан 25 мың гектарға дейін пияз егілсе, соның тең жартысы тамшылатып суарылатынын, осы бағытта ұңғыма қазу жұмыстарына субсидияны көбейту мәселесі де қарастырылып отырғанын жеткізді. Сол секілді ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Жан Ниязбеков зиянкестермен, шегірткемен күрес жұмыстарына сала мамандары биологиялық, экологиялық және технологиялық жағынан дайын екенін айрықша атап өтті. Бұл ретте облыс басшысы Италияда шегірткемен күресетін әлемдік ФАО орталығы бар екенін, зиянкестермен күрес жұмыстары кезінде сол орталықтың мамандарымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, технологиясын қолданудың маңызы зор екенін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Аюп Ысқақов шаруалардың біліктігіне қатысты ойын ортаға салды.

– Көптеген тұқымдар еліміздегі шаруашылықтарға уақытында жетпей жатыр. Жеткен күннің өзінде өндіріске ендірілуі нашар. Біз алдымен жақсы тәжірибелерді дамытуымыз керек. Дақылдардың құрғақшылыққа төзімділігін арттыру маңызды. Ол үшін шаруашылықтардағы мамандардың біліктілігін арттыру керек. Жасыратыны жоқ, қазір жастардың арасында асыраушы салаға деген қызығушылық өте төмен. Себебі, мектептер баланы оған бейімдемейді. Балалар тіпті ауылдық жерлерде тұрса да мал бағып, егін егудің қыр-сырын білмейді. Салалық жоғары оқу орындарында да студенттер өте аз. Сондықтан, біз жастарды мектеп жасынан салаға бейімдейтін жоба әзірледік. Жобаның жүзеге асырылуын әрбір мектепке, оқу орнына дайындап береміз. Тек ұсынысымыз қолдау тапса дейміз. Оған қоса өңірде гидропоника жақсы басталды. Бірақ әлі де болса оған ғылыми негіздеме керек, – деді Аюп Рәшидұлы.

Басқосу барысында «KazOnimExport» корпорациясының төрағасы Алмасбек Байшекеев те шаруаларды жаңа «Сенім» бағдарламасына қатысуға шақырды. Айтуынша, бағдарлама механизмінде асыраушы саладағы өзекті мәселелердің барлығы қамтылған. Корпорацияға келген әрбір шаруа айлықпен, қажетті мамандармен, құрал-жабдықтармен, жем-шөппен қамтылмақ. Алты жылдан кейін мал шаруалардың өзінде қалады екен. Аймақ басшысы аталған ұсыныс бойынша ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Жиын соңында ғалымдардың ұтымды ұсыныстарын қолдайтынын жеткізген аймақ басшысы, асыраушы салаға ғылыми жетістіктерді дер кезінде енгізудің маңыздылығын атап өтіп, жаңа жобалар мен айтылған мәселелерді саралауды орынбасары Қанатбек Мәдібекке тапсырды.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support