- Advertisement -

Аманат арқалаған жан

30

- Advertisement -

Қасиетті Әулиеата топырағынан түлеп ұшып, төңірекке тағылым таратып жүрген нәзікжандылар аз емес. Олар – өңірдің мақтаныштары. Солардың қатарында Қазақтан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова бар. Гүлдара Алданышқызы Таразда елдің ортасында жүрді. Елден үйренді, елге қызмет етті. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де тұрғындардың ең маңызды мәселелерін шеше білді. Облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығын басқарып, оны да жақсы жолға қоя білгенін жамбылдықтар жақсы біледі.

Гүлдара Алданышқызы 1965 жылы 25 қаңтарда дүниеге келген. Білімі – жоғары, медицина ғылымдарының кандидаты. 1982-1988 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина институтында «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алған. 2004-2006 жылдары сол кездегі «Әулие-Ата» университетін экономист мамандығы бойынша бітіріп шықты. 2010 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, ғылымға қадам басты.

Еңбек жолын 1988 жылы Тараз қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасының интерн-дәрігері, терапевт дәрігер болып бастады. 1993 жылы Тараз қаласындағы теміржол ауруханасының терапевт дәрігері, бас дәрігердің орынбасары қызметінде еңбегі жарқырап көрінді. 2007 жылы Тараз қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған, 2012 жылдан 2020 жылға дейін облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де белсенділік танытты.

Ол өңірімізде алғашқылардың бірі болып, «Мейірім» медициналық орталығын ашып, жаңашыл іске тәуекел етті. Осы жолдағы қиындықтарды жеңді. Бастапқыда бұл 30 мың тұрғын тіркелген отбасылық-дәрігерлік амбулатория болғанымен, қазіргі таңда медициналық орталық облыстағы алдыңғы қатарлы медициналық мекемелердің біріне айналды. Оның құрамына тіркелген 50 мың адамға қызмет көрсететін емхана, 75 орындық көпсалалы аурухана, диагностикалық орталық, томография орталығы және санаторий бар. Медициналық орталықта 3 халықаралық сапа менеджменті сертификаттары бар. 2010 жылы медициналық орталық өз қаражаты есебінен облыстағы алғашқы магнитті-резонансты томограф орнатты, бұл Жамбыл облысының тұрғындарына өз облыстарынан тыс жерлерге шықпай-ақ анағұрлым сапалы диагностика мен ем алуға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда медициналық орталық ЭКГ аппаратынан бастап ультрадыбыстық хирургия аппараты, мембраналық плазмаферез, цифрлық рентген мен маммограф, төрт магнитті-резонансты және үш компьютерлік томографқа дейінгі ең жаңа заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған.

2016 жылы өз қаражаты есебінен ауылдық жерлерде 350 орындық балабақша және 400 балаға арналған мектеп-гимназиясын ашты. Онда балалардың толыққанды дамуы мен сауығуы үшін барлық жағдай жасалған. 150-ден астам жұмыссыз ауыл тұрғындары тұрақты жұмысқа орналасты. Гүлдара Нұрымованың бастамасымен Тараз және Павлодар қалаларында доктор Бубновскийдің оңалту медициналық орталығы ашылды. 2020 жылы Меркі ауданының ауылдық жерлерінде стационар, ауылдық дәрігерлік амбулатория, санаторий және диагностикалық орталық ашылды. Онда заманауи жаңа аппараттар – 1,5 магниттік-резонанстық томограф, 80 кесінді компьютерлік томограф, цифрлық рентген, ультра-дыбыстық зерттеу орнатылған. Жалпы, 800-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Ол 1999-2020 жылдары аталған орталықтың директоры қызметін атқарды. Міне, осы тұста әулиеаталық талай тұрғынға медициналық көмек көрсетті. Көптеген жағдайы төмен отбасыларға жеңілдік қарастырып, қайырымын көрсетті. Еңбек жолын бастаған кезден бастап Тараз қаласы мен Жамбыл облысының қоғамдық- саяси өміріне белсене араласып, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

2021 жылдан бастап «Nur Otan» партиясының партиялық тізімі бойынша Қазақст ан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымына депутат болып сайланды. Бұл кезеңде де ол Мәжіліс депутаты ретінде елге жақын жүрді. Өзінің сайлаушыларының арасынан табылды. Аманатқа адал болды. Соның нәти жесінде сайлаушылардың арасында құрметке бөленді. 2023 жылы VIII шақырылымның депутаты, бірмандатты сайлау округі бойынша сайлануы да – осы абыройының жемісі. «Amanat» фракциясының мүшесі.

Гүлдара Нұрымованың қызметінде қайырымдылық маңызды орын алады. Біліктілігін үнемі арттырумен келеді. «САБИТ» бағдарламасы шеңберінде «Медициналық қызметтер саласындағы іскерлік тағылымдама – ауруханаларды басқару және денсаулық сақтаудағы менеджмент» бойынша Америка Құрама Штаттарында іскерлік тағылымдамаға қатысты. Қазақстанда және әлемнің түрлі елдерінде: Ұлыбританияда, Германияда, Түркияда, Үндістанда, Испанияда, Қытайда, Мароккода, Біріккен Араб Әмірлігінде, Францияда, Жапонияда өткізілген іскерлік тағылымдамаларға, форумдарға, конференцияларға, конгре стерге үнемі қатысады. 2018 жылы Сингапур мен Роттердамда Т.Роббинстің екі бизнес тренингіне, тәлімгерлік бойынша тренингтерге қатысты.

Отбасында екі перзент тәрбиелеп, оларға жақсы тәрбие бере білді. Қазіргі таңда перзенттерінің бағыттары айқын, таңдаған жолдары бар.

Гүлдара Нұрымованың атқарған жұмыстары бағаланбай қалған жоқ. Әр жылдары жоғары марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталса, 2013 жылы «Ерен еңбегі үшін» медаліне, 2019 жылы «Құрмет» орденіне ие болды. 2020 жылы «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Үш мәрте Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болған. «Жоғары азаматтық» номинациясы бойынша «Қазақстан патриоты» құрмет белгісінің иегері. Тараз қаласының құрметті азаматы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты», «Тіл жанашыры» құрмет белгісі, «Nur Otan» партиясының «Белсенді қызметі үшін» медалі, марапаттары бар. Әр жылдары 7 мерейтойлық медальға ие болған. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының Құрмет грамотасына, «Сала көшбасшысы 2013» халықаралық сыйлығына ие болған. «2007 жылдың үздік әйел-кәсіпкері» номинациясы бойынша республикалық конкурс жеңімпазы.

– Қиындықсыз, ізденбей еш абырой келмейді. Менің әкем елге белгілі кісі болды. Сол кісінің атына кір келтірмеуді мақсат еттім. Тәуекел етіп, медициналық орталық аштық. Қиындығы болғанымен, жұмысымыз жақсы жүрді. Халық қалаулысы ретінде елдің сөзін, мәселесін тыңдадық. Өзім еңбек еткен облыстың алыс аудандарындағы бірқатар өзекті мәселелердің шешілуіне үлес қостым. Атап айтқанда, денсаулық нысандарын заманауи технологиямен қамту, жұмыспен қамту, жол салу мәселелері бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Алдағы уақытта да халықпен, өзімнің сайлаушыларыммен біргемін. Елдің сөзін тыңдау біздің жұмысымызға оң бағыт береді, – дейді Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support