Қазақстандық бірегейлік пен ұлт бірлігі тұрақты мемлекеттің негізі

Қазақстандық бірегейлік пен ұлт бірлігі тұрақты мемлекеттің негізі
ашық дереккөз
Қазақстандық бірегейлік пен ұлт бірлігі тұрақты мемлекеттің негізі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елдегі бірлік пен ынтымақты сақтау баршаның ісі екенін атап өтті. «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айттым. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды», дейді Президент. Мемлекет басшысының бұл айтқандарын жүзеге асыруда қоғамдық ұйымдардың да рөлі жоғары. Қоғамдық ұйымдар елдің әлеуметтік және мәдени өмірінде маңызды рөл атқарады. Олардың ішінде ондаған этномәдени бірлестіктерді біріктіріп, азаматтық бірегейліктің тетіктері мен құралдарын зерделеп, қоғамды әрі қарай біртұтастыққа біріктіру жолдарын қарастырып, ұлттық идеология құндылықтарын әлеуметке сіңіруде тікелей қызмет атқаратын бірегей мемлекеттік құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Қазіргі таңда облысымызда 87 этнос, 40 этномәдени бірлестік, қоғамдық аккредитациядан өткен 31 этностық ұйым өкілдері тату-тәтті, ынтымақта жұмыс істеуде. Ал, Жамбыл өңірі бойынша ҚХА және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлік пен ұлтаралық келісімді нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Бұған ақпараттық-түсіндіру, зерттеу, жобалық жұмыстары, мәдени-қоғамдық және тағы басқа этносаралық бағытта жүргізілетін көптеген шаралар кіреді. Осы тұрғыда қазір облысымыздың барлық аудандарын қамтитын «Достық керуені» аймақтық жобасын жүзеге асыру аясында ауқымды шаралар жалғасуда. Жобаның мақсаты – этномәдени бірлестік мүшелерінің халықпен кездесулерін ұйымдастыру, диалог алаңдарын құрып, этностар көп шоғырланған аймақтардың саяси ахуалын зерделеу, бақылау. Жоба аясында Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің қатысуымен бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Атап айтсақ, ақпараттық-түсіндіру, фокус-топтық, әлеуметтік зерттеулер, консультативтік-әдістемелік жұмыстар, ал жастар арасында «Менің елім – менің Қазақстаным» атты тимбилдинг, этносаралық бағытты зерттеу, этнос өкілдерінің медиасауаттылығын арттыру жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, «Бірлік – әр алуандықта» балалар сурет байқауы, «Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалі мен түрлі ұлттық спорттық жарыстар мен сайыстар іске асуда. Аталған іс-шаралардың барлығы этностар жиі орналасқан Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай, Жуалы, Байзақ аудандары мен ауылдық округтерінде қоғамдық ұйымдардың, прокуратура, полиция органдарының қатысуымен өтуде. Сондай-ақ, облыста «Бейбітшілік пен келісім», «Бір ел», «Әралуандылық – бірлікте», «Мектепке жол» республикалық, өңірлік жобалар мен басқа да ірілі-ұсақты іс-шаралар сәтті жүзеге асырылуда. Облыстық ҚХА-ның мүшелері мен этномәдени бірлестіктерден құралған консультативтік-кеңесші ұйымы жұмыс істейді. Ол – қоғамда беделді тұлғалық сипаты бар қоғамдық пікір көшбасшыларынан тұратын ақпараттық топ. Оның құрамы саяси-идеологиялық жұмыстар жүргізіп, Президентіміз Жолдауында айтқан әділетті мемлекеттік саясатты құруға бағытталған. «Қоғамдық келісім» мекемесі қоғамдық қатынастар саласында ғана жұмыс істеумен шектеліп қалмайтындығы мәлім. Ассамблеяға ең бастысы – сөз, насихатпен ғана емес, азаматтар арасындағы құқықтық қатынастарды жетілдіру, яғни, құқықтық сауаттылыққа шақыру міндеті жүктелген. Атқаратын жұмыстарымыздың имиджін өзгертудегі жаңа бағыттардың бірі – мемлекеттік тілді меңгеруде де тілдік-нәсілдік кемсітушілікке жол бермеу. Дегенмен де, ассамблея жөніндегі қоғамда дүрдараздық туғызатын «диванды сарапшылар» мен кейбір ынсапсыз блогерлердің жағымсыз, жалған ақпараттары арқылы таратылатын келеңсіздікте түйткіл көп мәселелердің түйінін шешетін дұрыс шешім – мемлекеттік тілді үйрену. Сондай-ақ, рәміздер – Мемлекеттік Ту, Әнұран сияқты мемлекеттік құндылықтарға құрметпен қарау да әр қазақстандық азаматтың парызы. Азаматтық әскери борышты өтеу де осы міндеттердің біріне жатпақ. «Қоғамдық келісім» мекемесі Медиация институтын ілгерілету және этномедиацияны дамыту бағытында белсенді жұмыс істеуде. Достық үйі қабырғасында Медиация кабинеті ашылып, сенім телефоны орнатылған. Қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істегеннен бері тұрғындарға практикалық және медиациялық көмек көрсету мақсатында облыс бойынша 40 медиация алаңында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тамыз айында «Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация кабинеттерінің ашық есік күні» өткізілді. Іс-шара ҚХА-ның қоғамдық құрылымдарының қызметі, этносаралық қақтығыс деңгейін төмендету мәселелерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге мүдделі уәкілетті тұлғаларды біріктіру және халық арасында қазақстандық бірегейлік пен этносаралық келісім мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған еді. Жуырда Медиация кабинеті мен ҚХА медиаторлары Қордай, Т.Рысқұлов, Байзақ ауданының Ақсақалдар және Аналар кеңесінің өкілдері, аудан тұрғындарымен консультативтік-әдістемелік жұмыс жүргізді. Онда облысымыздағы қазіргі қоғамдағы отбасы құндылықтарын сақтау, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықты жою, алдын алу бойынша консультациялық-ақпараттық жұмыстар жүргізілді. Жалпы, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жасау мақсатында 36 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Мәселен, осы айдың басында Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында өткен ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысына облысымыздан Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали екеуміз қатысып қайттық. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Аналар кеңестерінің өкілдері жиналған ауқымды іс-шарада «Әжемнің ертегісі», «Анаға сәлем», «Ана көрген тон пішер», «Ынтымақ» секілді біраз жобалар таныстырылып, біздің Аналар кеңесінің тәжірибесімен өзге өңірлер бөлісіп, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының аясында қандай тың іс-шаралар жүзеге асырылып жатқандығы сөз болды. «Мәдениетті ұлт», «Жасыл сертификат» және дәріханалық нашақорлықпен күресуге бағытталған бірқатар іс-шаралар да қызу талқыланды. Келелі ұсыныстар мен пайымды пікірлер ортаға салынды. Біздің өңірдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған имидждік жобаларды жүзеге асыратын құрылымдардың бірі – «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсенді жастар қанаты бар. Қазіргі уақытта бірлестік алты бағытта жұмыс істеуде. Ол «Қоғамдық ассамблея», «Бірлік тілі», «Ел мұрасы», «Таза орта», «Қасиетті парыз» және «Jastar media» бағыттарынан тұрады. Жастар дәстүрлі түрде жылда «Өмір сыйла!» (қан тапсыру) және «Біз біргеміз!» қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып келеді. «Жастар ассамблеясының» өкілдері түрлі байқауларға да белсенді қатысуда. Жақында «TARAZ UNITED» командасы Алматы облысында өткен республикалық зияткерлік ойынға қатысып, жартылай финалға дейін жетіп, ойын қорытындысы бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Облыстық «Ассамблея жастары» қауымдастық бірлестігінің өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше көңіл бөлуде және қазақ тіліндегі «Мәміле» пікірталас клубына тұрақты түрде қатысуда. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру мақсатында бірнеше жас Жетісу ауданындағы тіл мектебі жанындағы жазғы демалыс лагеріне де қатысып қайтты. Мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» жобалары мен «Менің таңдауым – қазақ тілі», «Ұстазыма мың алғыс» тәрізді тек мемлекеттік тілде өтетін челлендждерді де жүзеге асырып, этнос балаларын белсенді жұмылдырды. Сондай-ақ, этнос өкілдерінің үлкен-кішісі облыстық Тіл дамыту орталығы ұйымдастырған Достық үйіндегі қазақ тілін тегін үйрену (2 этапты – «жаңадан үйренуші», «жалғастырушы») курстарына қатыса алады. Сондай-ақ, жуырда 4-6 қазан аралығында Павлодар қаласында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» жобасының республикалық кезеңі өтті. Оған мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері – Мухаббат Әлиханова мен Кристина Маслова қатысты. Ассамблея жастарының ізгі істерінің қатарына жыл басынан бері «Таза қала», «Менің қалам, менім аулам» экологиялық акцияларына қатысуы да кіреді. Бұдан өзге, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Жастар театрларын ашудың маңыздылығы туралы айрықша атап өткен болатын. Осы орайда облыстағы этнос жастарынан құралған «Достық» театры ашылды. Оның тұсаукесері ең алғаш, биылғы жаз айында өткізілген ҚХА-ның XXVI облыстық сессиясы барысында өтті. Жақында Шерхан Мұртаза шығармасының желісі бойынша «Интернат наны» қойылымымен «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» фестивалінде аталған жастар театры драмалық көріністен І орынды жеңіп алды. Қойылымның қоюшы-режиссері мен рөлдерді үйлестірушісі – Жамбыл облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, «Әулие ата» қазақ мәдени орталығының Ақсақалдар төрағасы Асқарбек Сейілханов. Сонымен бірге, «Қоғамдық келісім» мекемесінде өңірлік ассамблея жанынан құрылған Журналистер клубы да жұмыс істейді. Қазіргі таңда облыстық ҚХА Журналистер клубы 30-ға жуық БАҚ өкілдерін біріктіріп отыр, олардың арасында журналистер, фототілшілер, бейнеоператорлар, радио тілшілері мен тележүргізушілер бар. Клубтың қазіргі таңдағы төрағасы – республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі, облыстық «Коре» кәрістер этномәдени бірлестігінің мүшесі Михаил Тё. Бұдан бөлек, республикалық «Қазақтану» жобасы да қолға алынған болатын. Жобаның бағдарламасына қатысты «Қоғамдық келісім» КММ базасында биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында облыстың «Өшпес мұра» қолөнершілер бірлестігі әртүрлі этностардың тігіншілері мен қолөнершілерден құрылған өнерпаз топ халық өнерінің шеберлерін дайындау бойынша жыл бойына 10 шеберлік сабағын өткізді. Шеберлік дәрістеріне 150-ден астам қолөнерші қатысты. Бұдан бөлек, облыста этностардың сәндік-қолданбалы өнерлерін паш ететін үлкен көрме ұйымдастырылды. Атаулы көрме «ANK Masters Club» және Достық үйіндегі тағы бір ұйыммен бірлесе 2 халықаралық, 3 облыстық және 2 қалалық көрме мен жәрмеңкеге қатысты. Жалпы, этномәдени бірлестіктер өкілдері облыстағы барлық әлеуметтік маңызы бар мәдени-қоғамдық іс-шараларға қатысып, этностық мәдениет күндерін, қайырымдылық іс-шараларын және ашық есік күндерін өткізіп отырады. Бұған қоса, мемлекеттік және ана тілдерін үйренуге ықпал ететін ғылыми-тәжірибелік конференциялар, көрмелер, акциялар, байқаулар, фестиваль, челлендждер, мерекелік салтанатты іс-шараларға тыңғылықты атсалысады. Олардың ішіндегі ең көрнекті және қызықты мерекелер – «Алғыс айту күні», «Наурыз», «Қазақстан халқының бірлігі күні», «Масленица», «Ханука», «Рождество», «Чхусок», «Этнос күндері», Қазақстан халқы ойындарының спартакиадасы және басқа да бірқатар іс-шаралар. Тағы бір тоқталып өтетін басым бағыттардың бірі – қайырымдылық пен волонтерлік іс-шаралар. Ассамблея жастары жылда «Қоржын», «Ерікті донор», «Жылу» және тағы басқа көптеген қайырымдылық шараларға белсене қатысып келеді. Олар мұсылмандардың Рамазан айындағы ораза мерекесінде қайырымдылық іс-шараларына үлес қосады. Халықаралық жастар күні қарсаңында тағы бір «Qamqor» қайырымдылық акциясы өтіп, оны іске асыру барысында көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді. Ал, 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында өткізілген қайырымдылық акциясында соғыс және тыл ардагерлерінің үйіне барған қоғам мүшелері тәтті дәм мен бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, осы мереке қарсаңында аз қамтылғандар мен көмекке мұқтаж жандардың әрбіріне бір пакеттен «форель» балығы үлестірілді. Қайырымдылық қызметін үйлестіру – Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі бағыттарының біріне айналған. Қазірдің өзінде аз қамтылған және қиын жағдайда қалған отбасыларға 432 миллион 200 мың теңгені құрайтын қайырымдылық көмек жасалды. Бұл игілікті бүгінге дейін 33100 адам көрді. 21 қыркүйек күні Тараз қаласында «Өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мұқтаж және мүмкіндігі шектеулі жандарға, халықтың осал топтарына, 35-ке жуық отбасына азық-түлік пакеттерін таратты, оның 15-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Қайырымды іске Тараз қалалық «Мырқалық» өзбек мешіті демеушілік жасады. Облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктері, меценаттар мен ҚХА мүшелері барлық қайырымдылық іс-шараларға белсене араласуда. Республикалық акция аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына «Мектепке жол» қайырымдылық көмегі көрсетілді. Мәселен, «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі 70 баланы жалпы құны 2 миллион 500 мың теңге тұратын оқу құралдарымен қамтамасыз етті. Игі іс жасаушылардың қатарындағы облыстық «Ахыска» Түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі 50-ден астам балаға барлық кеңсе тауарлары, мектеп формасы мен спорттық костюмдері салынған мектеп сөмкелерін сыйға тартты. Сонымен қатар, балалардың ата-аналарына да қаржылай материалдық көмек көрсетілді. Облыстық мәслихат депутаты, ҚХА мүшесі, Байзақ аудандық «Ахыска» түріктер этномәдени бірлестігінің төрағасы Жалил Аббосов Байзақ ауданындағы көпбалалы отбасынан шыққан 30 балаға мектеп формасы, сөмке және қажетті оқу құрал-жабдықтарын сыйлады. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, облыстық «Полонез» поляк тілі және мәдениеті орталығының «Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы», М.Қашқари атындағы «Ұйғыр» этномәдени бірлестігі және «Радонеж» орыс қауымдастығының өкілдері де қайырымдылық жасады. Сонымен бірге, Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ҚХА Аналар кеңесінің мұрындық болуымен де бірқатар қайырымдылық іс-шаралар өткізілді. Жалғызбасты ата-анасымен үйде отырған жетім балалар да назардан тыс қалмады. Мәселен, Жамбыл ауданы, Гродиково ауылында (қазіргі Достық ауылы), «Қазақстан Республикасы күрділерінің «Барбанг» қауымдастығы Аналар кеңесінің төрайымы Айша Қарахметоглы қайырымдылық ұйымдастырып, жетім балаларға тәтті-дәмділер және киімдер таратты. Сондай-ақ, Рамазан айындағы қайырымдылық іс-шараларда да облыстық «Ахысқа» Түрік этномәдени орталығы» ҚБ және «Ассамблея жастары» РҚБ, «Наурыз» мейрамы қарсаңында «Қазақстан татарлар мен башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы қайырымдылық акциясын өткізіп, 15 аз қамтылған отбасына жалпы сомасы 45 000 теңге көлемінде көмек көрсетті. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Радонеж» Орыс қоғамдастығының өкілі Оксана Дьяченко перзентханада жаңа босанған 36 анаға жаңа сәби жөргектерін құрал-жабдықтарымен бірге таратты. Жалпықазақстандық бірегейлік пен ұлт бірлігі – тұрақты, бірбеткей, тыныштығы мен бейбітшілігі мәңгі мемлекеттің негізі. Ендеше, қолда бар тұрақтылығымыз бен бірлігіміздің өміршеңдігін көздің қарашығындай сақтап, ұлттық рухани құндылықтарымызды зор сеніммен табыстай алатын ұрпақ тәрбиелеу және береке мен тыныштығымызды қадір тұту, сақтау жолында Әділетті Қазақстанды бірге дамытып, бірге гүлдендірейік!    

Мүбәрак ЖИНАҚБАЕВА,

облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы.

Ұқсас жаңалықтар