- Advertisement -

Таңсықбаев. Сарьян. Дүйсенбин.

66

- Advertisement -

1958 жылдың жазы. Маятастың түбінде отырған шопан Дүйсенбі қарттың үйіне Сарысу аудандық «Социалистік шаруа» газетінің редакторы Ұзақбай Төлеуов (Ұзақ Бағаевтың курстасы) бастаған бір топ кісі сау етіп келе қалды. Жүрістері шұғыл журналистер озат шопанның озық тәжірибесін облысқа таратуды межелеп келген. Осы күндері жазғы демалыс кезінде сегізінші кластың оқушысы Фермебай да әкесіне қолғабыс етіп жүреді. Үнемі терезе алдында сурет салып отыратын балақай журналистік аңғарымпаздығы басым редактордың бірден назарын аударады. Көздеп келген шаруасы жайына қалып, ол бала әлеміне еніп кетеді. Фермебайдың салған суреттері сондай мазмұнды, мағыналы болып шығады. Мәскеуден шығатын «Пионерская правдаға» (1 миллионнан астам тиражбен тарайды) «Малды ауылда», өзіміздің «Дружные ребятада» бірнеше суреті жарияланыпты. Осы туындылары туралы оған республиканың, көршілес елдердің оқушыларынан мыңдаған хат келген. Көп достар тапқан. Олар қымбат бояу, қарындаштар, альбом салып жіберген. Солардың бірсыпырасы кейін белгілі адамдар болды.

Мәселен, Ригадан хат жолдаған Анна Шметкова «Рита» фильмінің бас кейіпкерін сомдапты. Ол кейіннен танымал актрисаға айналды. Фермебай суреттен қолы қалт еткенде чайнворд, кроссворд, ребус құрастырумен де айналысады екен. Ұзекең бір-екеуін шешіп көруге талаптанып еді, кәдімгідей терледі. Қысқасы, жас балғынның бойындағы қабілет ұшқындары редакторды риясыз күйге бөлейді. Облыстық «Еңбек туы» газетінің қызметкері, курстасы Анарбек Айтбаевқа «мына бір кереметке назар салшы», – деп мөлдіретіп хат жазып, қуанышын бөліседі. Содан «Еңбек туында» «Хаттар сыры» деген мақала жарық көреді. Қазақы ырыммен «фермебастық болсын» деп қойылған Фермебай деген аты кейін үлкен күшпен өзгертілген Пернебай Дүйсенбиннің үлкен өнерге қанат қағуы, бұлақтың көзі ашылуы осылайша облысқа танымал екі журналистің арқасында мүмкін болды. Өндірдей кезінен «Огонек» журналын құшақтап жататын ол ұлы суретшілердің картинасына тамсана қарап, олардың өмірін ежіктеп оқып, түсінбеген сөздерін қойын дәптеріне түртіп алып, ауылға барған соң кітапханадағы сөздіктен қарап, іңкәр ізденісін өзінше жетілдіретін. Жылдар өткен соң Фермебай Алматыға келіп студент атанған соң оның аңсары мүлдем басқа кеңістікке бет бұрды. Әуелдегі суретші болсам деген арманы журналистикамен алмасты.

Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың басындағы «Лениншіл жас»… Біз, жалынды комсомол оның әр санын асыға күтетінбіз. «Күмбез», «Маздақ», «Өркен»… Әр рубрикасы мен клубында жарияланған жазбалар соншалықты тартымды, тағылымды еді. Соның бірі – «Аққу» эстетикалық клубы. Ж.Нәжімеденовтің Абыл жөніндегі күй тілімен жазылған толғанысы, О.Бөкеевтің Айвазовскийдің «Тоғызыншы валы» туралы теңіздей буырқанған тебіренісі, Б.Мекішевтің, Т.Рақымжановтың жарияланымдары, қай-қайсы болсын, ынтызарлықпен оқылатын. Қысқасы, біз «Лениншіл жасқа» ғашық едік. Осы бір жылдары ҚазМУ-дың журналистика факультетінің албырт студенті Пернебай Дүйсенбиннің жазбалары да «Аққуда» тоқтаусыз жарияланып жатты. Оның дарыны да, арыны да әу дегеннен ешкімге ұқсамады.

Аз уақыт ішінде эстетикалық ой-таным биігіне шығып, көркемдік кеңістігіне кербез көтерілді. Қазақы ортаға таңсық Еуропаның ренессанс дәуірінің тұлғаларын таныстырудан бастап, біздің болмыс үшін тосындау тақырыптарды тізгіндеуге көшті. Осы бір тұста ұлттың бейнелеу өнеріндегі ізденістерді қаперге алмай, өзге тілде жазып, өзге тілде ойлайтын өнертанушылар үшін П.Дүйсенбиннің өзгеше өрнек салуы да – бір күйік еді. Мынаған қараңыз: «Сұлулық сазында» Леонардо до Винчидің сонау бейкүнә Мария ана мен Иса пайғамбардың жас күнін бейнелейтін «Мадонна Литтасынан» ой өрбітіп, Джоконданың жұмбақ жымиысының сырын ашудағы ізденісі әлгі өз өлкесінен алыстап кеткен ағайындарды жалт қаратты. Ал енді «Қалампыр гүлі» (С.Коненков), «Үміт шапағы» (И.Левитан), «Көгілдір кеңістік» (А.Рылов), т.б. үздіксіз жарияланған жазбаларын ел ішінде үздігіп оқитындардың талайы қиып сақтайтын болған. Бүгінде аты аңызға айналған Ж.Аупбаевтың Пернекеңнің әр дүниесін «Мәдениет және тұрмыс» журналының бетіне жапсырып сақтағанын жылдар өткен соң өзіне бір жолыққанда айтып, әлгі біз айтқан шындықты жаңғыртқаны бар. Ол студенттік ортада танымал болды. Үшінші курста Бахтажар Мекішев «Өнер – қуаныш қайнары» деген тақырыпта Пернебайдың суреттері, жазбалары, ол жөніндегі жарияланымдар жөнінде үлкен көрме өткізді. Сонда ғой Сағаттың: «Сен өзі жасыңнан құтырған екенсің ғой», – дейтіні.

«…Артыма мойын бұрып қарасам, еңістің биігіне қос қолын артына тастап, Орал аға шығыс беткейге көз тастап тұрыпты. Еш қимылсыз. Селт етер емес. Мен де сол тұсқа назар қойдым.

Көзіме қатпарлы алып жоталардың жоны шалынды. Бергі етегінен көкше бітімді теректер көрінеді. Әріде көгілдір мұнарға оранған шың шоқысы менмұндалап шақырғандай бой көтеріп оқшау тұрыпты. Төбесі – қарлы. Қар емес-ау, асыққан бояушы әлдеқалай сүрініп кетіп, қолындағы ақшаңқан бояуға толған қауашағын сол биікке ақтарып алғаннан қалған із сияқты. Осы сұлу көріністің өзі жетімсіз болғандай оң жақтан баяу жылжып келген шуда бұлт әлгі шыңға барып, сүйкеніп өте берді. Осы мезет жансыз тұрған тауларға жан бітіп, жұмбақты қозғалысқа енгендей болды. Осынша бір сүйкімді сұлулыққа елітіп шақ тұрған мен Орал ағаға қайта назар аудардым. Ол кісі әлі сол қалпы тұрыпты…».

Осы бір әр сөзі қашалып жазылған жолдарды әңгімеден үзінді деп қалған болуыңыз да мүмкін. Бұл – ұлы суретшіні іздеп барған 25 жастағы студенттің 1969 жылы «Лениншіл жаста» жарияланған «Тау мен дала жыршысы» эссесінен бір үзік. Оның Таңсықбаевпен таныстығы осыдан он бір жыл бұрын алтыншы класта алысқа қарап жүргенде басталған. Ауыл баласы аудан орталығы Байқадамға барған сайын асханадан ас ішуді армандайтын. Сол асханада 1951 жылы жазылған Орал Таңсықбаевтың «Туған өлке» атты картинасының алдында ұзақ тұратын. Әр барған сайын оның алдында жіпсіз байланады. Ал енді жылдар өткен соң тірі Таңсықбаевпен кездесу қалай басталып еді?!

1937 жылы Алматыда «Қалқаман-Мамыр» балетін қою жоспарланады. Бұл жұмысты белгілі композитор В.Великанов қолға алып, либреттосын М.Әуезов жазады. Мұхаң оның декорациясын жасауға Ташкенттен Орал Таңсықбаевты шақырады. Суретші Алматыда бір жыл тұрады. Орталық Азия мен Қазақстаннан шыққан тұңғыш көркемсурет академигі. П.Дүйсенбин – ҚазМУ-дың журфагінің студенті. «Лениншіл жастың» штаттан тыс тілшісі. Жастар басылымына тоқтаусыз шығып, елге таныла бастаған кезі. Газеттің редакторы – Шерхан Мұртаза. Бір күні Шерағаң Пернебайды Ташкентке, Орал Таңсықбаевқа жұмсайды. Орынбасары Қ.Найманбаевқа тапсырма беріп: «Жолсапарды ретте», – дейді. Бала күнінен есінде ертегі кейіпкеріндей қалып қойған келешек кейіпкерімен кездесер күн жақындаған сайын қатты толқиды. Аты аңызға айналған адам аса қарапайым болып шыққанда қанша күнгі толқу сейіліп сала береді. Суретшінің буырқанған Шыршық өзені жағасында өскен алып жаңғақ ағашының аясындағы әңгіме өзі ойлағаннан бетер өзгеше өріс алады. Тау мен тасты армансыз аралайды. Жолсеріктері – жүргізушісі Анатолий мен күйеу баласы Сайд. Бір тұста тұмса табиғатқа тамсанып, суретшімен өзінің көзқарастарымен батыл бөлісіп, білім-білігін байқатып келе жатқан жас тілшіге таңданған Таңсықбаев: «Әй, Толя, Сайд, көрдің бе мына қойшының баласын, табиғаттың тілін қалай таниды!.. Менің жанымда өмір бойы жүрген екеуіңнен мұндай сөз естімей өтетін шығармын», – дейді. Аз уақыт ішінде суретшінің шеберханасына да бір түн қонып шығады.

Таңсықбаев пен Әуезовтің сыйластығы айрықша болды. Даналық пен балалықтың кейде қапталдасып жүретіні бар ғой. Мына бір қарапайым көрініс ұлылыққа қоңсы қонбаса да жүрек жылытар еді. Бірде Орал аға опера театрынан кеш шығады. Мұхаңның туған күні. Кеш түсіп кеткен. Базар, дүкен біткен жабық. Қолайлы сыйлық алудың ретін таппай тұрған суретші анадай жерде тұрған гүлді жұлып алады. Оны байқап қалған милиция ізіне түседі. Өзі етжеңді кісі Мұхаңның үйіне алқынып жетеді. Ізінен ере келген милиция Мұхаңды көріп, кешірім сұрайды. Ұлы адам: «Пәлі, Оралжан, сенің мұндай хулигандығың да бар ма еді?» – деп кеңкілдей күледі. Осы бір көңілді сәттің жетегінде отырған ол осында келгелі көкейін тесіп жүрген бір сауалдың да ретін келтіре алмай жүретін. Суретшімен әңгіменің ашық сипат алып, бір тереңдеген тұсында Пернекең: «Аға, неге Алматыда қалмадыңыз?» – деп қалады. Сонда осы сұрақты күткендей суреткер сәл құмығып, күлімсіреуі мен күрсінісі қатар келіп: «Пернебайжан, мен мақтан, мадақтың астында қалдым ғой. Байқаймын, жұмыс істей алатын түрім жоқ. Қонақтан қонақ. Қызғаныш дегенді де сезіндім. Тіпті тау-тасқа этюд жазуға шығуды да қойдым. Бұл жағдайдың шығармашылығыма кері әсері қатты тиді. Содан Мұхаңнан рұқсат сұрап қайттым», – депті жарықтық.

П.Дүйсенбин осы сапардан «Тау мен дала жыршысы» атты ғажап эссе жазып қайтты. «Лениншіл жастың» лездемесінде Шерағаң аузының суы құрып мақтады. Елге келген соң Пернекең суретшінің жары Елизавета Николаевнаға хат жазып, К.Байсейітованың жаңа жарық көрген төрт пластинкасын, Мұхаңның шағын бюстін қоса салып жібереді. Кейіннен Елизавета Николаевнаның жазған жауап хаты соншалықты әсерлі болды. Орал аға Күләштің дауысын тыңдап, Мұхаңның бюстіне ұзақ қарап, көңілі босапты. Сол күннен бастап суретші сағыныш аралында өмір сүрді десе де болғандай еді. Дейтұрғанмен де өзбек өкіметі оның елге деген сағынышын сейілту жолында да жанкешті жұмыс жасағанын айту парыз. Ташкенде өткен алапат жер сілкінісінен соң суретшінің туындыларын сақтап қалды. Екі қабатты зәулім үй салып берді. Оған деген ел азаматтарының құрметі шексіз болды. Мына бір жағдай осы ойымыздың бір ғана ақсамас айғағы болуға жарап қалар.

«Ыстықкөлдегі кеш» атты ғажайып пейзаждық туындысын жазу үстінде әншейінде тау мен даланы бедерлеуде алдына жан салмайтын суретші қиын хал кешеді. Бітіп тұрған дүние көрінгенімен, кешкі шапақтың көрінісі көңіліне қонбайды. Ондаған жобасын жасаған болар-ау. Суретшіні бұл азаптан құтқарған әңгімені де Пернекең өз аузынан естиді.

Орал аға 1945-1952 жылдар аралығында Түркістан округінің бас қолбасшысы, Совет Одағының Батыры, армия генералы Иван Ефимович Петровпен өте жақсы қарым-қатынаста болған. Дастарқандары жиі араласқан. Бір күні генералмен әңгіме барысында осы картинасын аяқтай алмай жүргені сөз болады. Генерал табан астында пәрмен беріп, арнайы ұшақ алдыртып, суретшіні Ыстықкөлге ұшырып жібереді. Одан соң да бар жағдайын жасап, қадағалап отырады. Суретші айлап жатып, картинасын өте сәтті аяқтайды. Сөйтіп, бұл туынды дүниежүзін шарлап, әлемдік шедеврге айналады.

Сағыныш аралында өмір сүрген суретшіге кезінде Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, Х.Наурызбаевтың қонақтап барып, біраз күн сайран салып қайтатыны да бір хикая. Әсіресе, Әбілхан ағамен аз күндік араласы болды. Орал аға перзент сүймеген. Әбекеңнің балаларын мойнына салып ойнатқанда күн ұзаққа жалықпайды екен. Кемеңгер суретші «Лениншіл жаста» «Тау мен дала жыршысы» жарияланған соң бес жылдан кейін 70 жасында 1974 жылы Нүкіс қаласында қайтыс болды. Арада отыз жыл өткен соң қаламгер Оралға қайта оралды. «Егемендеміз». Бастығымыз Шерағаң: «Дұрыс автор табыңдар», – деді. Бірде: «Әй, мұрт, осы Пернебай қайда? Соны қазсайшы. Ол қазына ғой», – дейді. Содан өтініш айттық. «Әнім менің» атты сол баяғы әуезге толы толғанысын жолдады. Суретшінің «Таң алдындағы ән» картинасын талдап берді.

П.Дүйсенбиннің бүгінгі танымдық, парасаттық прозаға дейінгі жолы бастауын қайдан алды деген сиқырлы сауалдың осы жерде көбесі сөгілгелі тұр. Әлем әдебиеті, оның ішінде орыс әдебиетіне бейнелеу өнерінің белгілі деңгейде ықпалы орасан зор болғаны өнер зерттеушілері тарапынан айтылып қалады. Меніңше, әу баста суретшілікті мұрат тұтқан Дүйсенбиннің әдебиетке үнсіз музадан келгенінің басы ашық. Оның жазудағы даралығы бейнелеу өнерінен тамыр тартады. Сурет арқылы дүние сырын, тіршілік тылсымын көп зерделеді. Әлем және ұлт суретшілерінің бірегей туындыларын талдау барысында жай ғана әсер, әуесқойлықпен шектелмей, оны кестелі тілмен де жеткізе білді. Кейде мың сөзден бір суретті көріп, түйсіну артық. Біздің кейіпкеріміздің құштар көңілін кемел кеңістікке алып шыққан да осы талпыныстар, ұмтылыстар, жоғары деңгейдегі сана, болмыс биігі. Оның ойлау жүйесінде кеңістік, сөзінде саз болатыны да содан. Осы жолдағы әркім де қызығар ұстанымы – танымал тұлғалармен кездесуге деген ынтызарлық оның өрісін кеңейтіп, көп қырын ашты. Бұл сапарын студент кезден бастап үздіксіз жалғастыру арқылы рухани сілкіністерге жақындап келе жатты. Соның бірі – айтпасқа болмайтын Сарьян сапары.

Жастық шақтағы арынды мінездің кейде көңіл сенбес тірліктерге бастайтыны бар. «Тәуекел түбі – желқайық» деген, ол 1969 жылдың ақпанында жыл бойы тірнектеп жиған стипендиясын қалтаға басып, «Ереван, Мартирос Сарьян, қайдасың?» деп жолға шықты. Өз аузынан естігендей болмас, Пернекеңнің бұл сапарына аса бір қызығушылық білдірген маған бірде былайша баяндап бергені бар еді.

– Шағындау «Масис» қонақүйіне орналасқан соң жеңіл тамақтанып алдым. Бір сомға бір күндік қанағат тамақ ішуге болатын Алматыдай емес, бұл жақта ас-су сәл қымбаттау екен. Үнем, үнем және үнем қағидасының қажеттігін ішіме мықтап түйдім де, аштан өлмейтін, көштен қалмайтын – шай мен наннан тыс, ең сүбелі мәзір тізімінің басына борщты шығарып, ет туралы еш ойламауға бекіндім. Автобус, троллейбус – 4 тиын. 2 сомды Алматы есебіне аударып, 10 сомға қатаң есеп жасалынды. Сөйтіп, Ереванның тарихи, мәдени, сәулет тағы басқа орындарын аралауға кірістім. Ертеңіне «Матенадаран, қайдасың?» деп тартып кеттім. Армян әліпбиін жасаған Месроп Маштоц пен оның қасындағы ұлт ардақтыларының мүсіндеріне тағзым еттім де, әлемге әйгілі алуан көлемдегі, түрлі тілдегі қолжазба кітаптарды тамашаладым. Рухани мұраға деген ыждаһаттылық, әр бөлмеден, әр экспонаттан сезіледі. Алғашқы екі күн бойы тарихи музей, галереяларды тінтіп шықтым. Ақын О.Туманян, эпостық тұлға Д.Сасунский ескерткіші тағы басқа жерлерді армансыз араладым.

Армян халқының ұлы адамдары жерленген пантеонға бардым. Даңқты перзенттерін қалай қастерлейтініне куә болдым. Әйгілі ақын А.Исаакян, әртісі Папазян, тағдыры қасіретті композиторы Комитас та осында жатыр. 1915 жылғы түрік қырғынынан кейін жынданып кеткен Комитас Парижде қайтыс болған. 1926 жылы Армения үкіметі ұлы композитордың денесін арнайы алдырып, қаралы шерумен осында әкеліп жерлеп, үлкен құрмет көрсеткен.

Сарьян сапарын тыпыршып күтіп отырғанымды сезді ме, Пернекең тақырыпқа тура тартты.

– Келесі күні түс ауа Сарьянның көзі тірісінде- ақ пайдалануға берілген қос қабатты, қызыл таспен қапталып, әспеттелген мұражай үйіне бардым. Екі сағаттай еркін араладым. Адам аяғы көп. Бәрі ұлы адамды көруге ынтық. Бір кезде күні бойы әр картина алдына тоқтап, әр тұстан, әр қашықтықтан зерделей қарап жүргенімді байқады ма, тілінде қою акцент бар келіншек қасыма келіп: «Сіз қайдансыз? Өнертанушысыз ба?» – деді жымиып. «Жоқ. Қазақстаннанмын. Журналистпін», – деп Сарьянмен кездестіруін өтініп, жата келіп жабыстым. «Қайдам, ол кісі сырқаттанып жүр еді. Қазір Шаэнге айтып көрейін», – деді. Шаэн Хачатрян мұражай директоры екен. Сәлден соң мұражайдың бірінші қабатының сол жақ бөлігіндегі оқшау, ойық келген емен есік айқара ашылды да қап-қара шашы жылтыраған аққұба кісі шықты да: «Сізді варпет күтіп отыр», – деді. Шаэн осы кісі екен.

Кең залдың көрінісін айтуға тіл жетпейді. Кіре берісте тайыншадай ит жатыр. Қақ төрдің алдында, шарасы кең өткір көздерін маған қадай қарап, толқынды, бұйра ақ шашы көзге ерек ұрып, Сарьян отыр. Бар ықыласыммен сәлем бердім. Арық қолын ұзағырақ ұстап, тұндыр көзіне бөлекше мейір, шын құрметпен қарап, емен-жарқын амандастым. Ол да күлімсірей қарап, сәл тұрды да:

– Садись, сынок! – деп қатарындағы қызыл барқыт орындықты нұсқады. Үлкен үстел түрлі асқа, жеміске толы екен. Айнала адамдар. Байқағаным, демалыс күндері бұл кісіге сәлем берушілер көбейіп кетеді екен. Шаэн отырғандарды бізге таныстырып шықты. Сарьян жасының егделігіне қарамастан өте ширақ сөйлейді. Маған айрықша назар аударып, көп сұрақ қойды. Бір кезде Шаэнға қарап: «Сен неғып селтиіп тұрсың? Құймайсың ба мына қонақтарға! Жер түбінен келіп, армян коньягінен ауыз тимей кеткені қалай болады?!» – деді. Отырғандар ду күлді. Бір сағаттай отырған соң мен ұлы суретшіден «Лениншіл жас» газеті арқылы қазақ жастарына бірауыз жылы тілегін жазып беруін өтіндім. Алдында мұражай кіреберісіндегі дүкеншеден суретшінің арзанқолды суреттер жинағын сатып алғанмын, соны алдына тоса қойдым. «Лениншіл жас» деген сөзге мүдіргені болмаса, 89 жастағы қарт суретші ыстық сезімді тілек сөзге мүдірген жоқ. Жылы қоштасып, сыртқа беттей беріп едім, Шаэн мені кіре берістегі әйнек астындағы сурет алдына алып келді. «Мұнда қараңызшы. Біздің варпет (Арменияда бұл сөз хас шебер, қасиетті шебер мағынасында қолданылады) бұл автопортретін өткен жылы 88 жасында салған», – деді.

Осынау туындыда өзінің сол күндердегі көңіл- күйін, болмысын бедерлеген қарт суретшінің басы сәл төменшіктеу, еңкіштеу көрінген. «Варпет қажи қоймайтын еді. Консерваторияның ректоры, ұлы бұдан бұрынырақта автомобиль апатынан қаза болып, қажытып кетті», деген Шаэннің сөзі де көп жайды ұқтырып еді. Әдетте шығармашылығынан шуақ боп төгілетін шалқыма күй, саз тіліндегі мажорлық гамма лебі есетін суретшінің бұл туындысындағы бөлекше мұңды Пернекең аталмыш эссесінде тап басып танып, сезім шоғын үрлеп отырып жазады.

Пернекең Алматыға келген соң «Лениншіл жасқа» «Шуаққа іңкәрлік» деген эссе жазды. Қарт суретші туралы темперамен салынған ақын Александр Цатурянның тамаш портретін қоса жариялады. Алайда бір өкініштісі, варпеттің қазақ жастарына берген қолтаңбасының енжарлық пен салақтықтың салдарынан баспаханада қолды болып кеткені әлі күнге өзегін өртейді. Оралхан Бөкей қатты ашуланып, секретариаттың жігіттерін сілкіп іздеткен екен, таптырмапты.

Жетпісінші жылдары «Лениншіл жастың» бетінде жазу үлгісіне Таңсықбаевтың тәкаппарлығын, Сарьянның сыршылдығын, Левитанның лебін алып келіп, сөзде серпіліс сазын туғызып, көркем журналистиканың көрігін қыздырған Пернебай Дүйсенбин, сөз жоқ, бір бойына бірнеше өнер жиған дара дарын болды. Журналист, жазушы, өнертанушы, мұрағатшы… Дерек-дәйекпен жұмыс істеудің шынайы шебері. Ақселеу мен Қойшығараның ұқыптылығынан кейінгі кезде ғана ептеп ажырап қалғаны болмаса, ол арқылы сақталып, бүгінге жеткен жәдігер де жетерлік. Біздің ел білмегенін әлі күнге Пернебайдан сұрайды. «Е, Пернебай білмесе, ол ешкім емес, аса маңызды болмады» деген көзсіз иланымды пікір қалыптасқан. Соңғы он бес жыл тапжылмай отырып «Ұлт батырлары», «Үркердей боп көшкен жұрт», «Сарысунама», «Шеркешнама» атты ру, жүз төңірегін иектемей, энциклопедиялық маңызға ие іргелі еңбектер жазды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да оның бойындағы осыншама сарқылмас рухани қуат күшіне қайран көп қазақтың бірімін. Белгілі журналист Жеңіс Шыныбеков ол туралы «Темірөзек адам еді» деп үлкен талдау мақаласын жазған.

Пернекең бала күнінен Ықылас, Сүгір, Көзбенбет күйшінің көзін көріп, күні кешеге дейін өнер төккен Сағынтай Елепановпен көрші тұрды. Жарықтық өте сыпа кісі еді дейді көзкөргендер. Дәулет, Жаппас, Генералдар бұл шаңырақтың құтты қонағы болып, бір марқасын жемей тарқамайтын. Бала күнгі әсер ұмытылмайды ғой. Сағынтайдың қобызын ұлы Сейділдә ұстап қалды. Іңірде естілген қобыз үн бір ауылды тербеп тұратын. Бірақ ол кейінгі жылдары тағдырдың жазуымен қобызды ұстамай кетті. Сол өкінішті бір заманда «Лениншіл жасқа» «Сейділдәнің сағынышы» деп жазып едім. Пернекең сол Сағынтайдың саздарын көзі тірісінде өз тартуында магнитофонға жазып алып, бүгінге жеткізді. Аудандық «Социалистік шаруа» газетінің фототілшісі Кеңес Бегулиев түсірген суретті сақтады. Онымен қоймай, 10-класс оқушысы осы суретпен қоса 1959 жылы облыстық газетке күйші туралы мақала жазады. Белгілі өнертанушы, қобызшы Саян Ақмолда бүгінде Сағынтай мұраларын жинақтаумен айналысып жүр. Осы жолда көптеген құнды деректерді Пернебай ағадан алып, мол қазынаға кезіккенін әр кезде кеуде толы қуанышпен айтады.

Бұл кісі ұзақ жылдар алыс ауылдағы мектепте ұстаздық етті. Одан ұтты ма, ұтылды ма білмеймін, бірақ біздің ұстаздан бағымыз ашылды. «Ағайдың, тек қана осы кісінің сабағы бола берсе екен», – дейтін бар бала. Оның дәрісін тыңдаған ең сотқар баланың өзі бірер жылда озаттар сапына қосылатын. Иығына қапшығын іле салып, ел ішіне, табиғат аясына саяхатқа жиі алып шығады. «Желдің уіліне, судың сылдырына, құстың үніне құлақ түріңдер. Соны жазып келіңдер», – дейді. Содан жатпай, тұрмай шығарма жазамыз. Ауыл сахнасында талай тамаша спектакльдер қойды. Актер боламыз деп желпіндік. Болармыз, болмаспыз жан дүниемізде бір сілкіністер жүріп жататын. Біз ойын емес, ой баласы болып өстік. Ол осылайша бала шәкірттің балғын санасына ізгілік дәнін септі. Бүгінде шетінен қайраткер тәрбиелеген ұстазға осы жасында қайраткерлік атақтың ресми берілмеуі де біздің қоғамда жаңалық дей алмаймыз, әрине. Ол ауыл адамдарының есінде аңыз адам болып қалды. Салған үйі де ешкімге ұқсамайтын. Толстойдың Ясная Полянадағы үйіне ұқсатқан дейтін білетіндер. Сол үйдің алдына қара үй тігіп, қыстың қақаған қара суығында қара пешті маздатып қойып, жазу жазады екен дегенді де еститінбіз. Ал енді бұл кісінің кітапханасын мен әлі күнге еш жерден кездестірген жоқпын. Бір қабырға әлемдік классика. Енді бір қабырға әр елдің бейнелеу өнерінің шеберлеріне арналған т.б. Ұсталығы, ісмерлігі өз алдына. Кітап сөрелерінің бәрі өз қолынан шыққан. Оның сыртында бір бөлме ұлт құндылықтары, жәдігерлер, осылай кете береді. Футболшы бір матчта 11 шақырымнан астам жүгірсе, біздің ағай аудан мен екі арадағы он екі шақырымда жыл он екі ай автобусқа міну қаперіне кірмейтін. Міне, осындай бір кісінің санасына сыймайтын ерекшеліктермен өмір сүру дегенді сіз қалай елестетесіз? Бала шәкірт сол ғажайыпты да қимай-қимай Алматыға келдік қой. Тіпті әр демалыс сайын ауылға, ағайға асығып тұратынбыз.

Бағамдар болсаңыз, мақалада қаламгер Дүйсенбиннің өзге қыры мен сырын ашуға талпыныс жасалды. Таңғажайып тенор Аманкелді Сембин де сурет салған. Бірақ бұл кісінің суретшілігіне қатты қызыққан. Тіпті, қоярда қоймай «Құрманғазы» атты портретін аттай қалап алған. Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романының желісімен жазған суреттері де қолды болып кеткен. Бүгінде «Қос қыран. Бауыржан мен Панфилов» картинасы Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы мұражайында тұр. Әу баста суретші болуға тас түйін бекінген оған туыстарынан бастап өре түрегеліп, қарсылық білдірді. Оның үстіне бойымыздағы суретшіні бояушы деп қабылдайтын кенже түсініктің де кері әсері болмай қойған жоқ. Ол бәрібір бұл бағыттан алыстамады. Бейнелеу өнерінің қыр-сырын ашқан симфоньятта іспетті жарияланымдар жазушылық жолға бағытталған жанкешті жаттығулар іспетті еді. Көп ұзамай әдебиетке «Жұлдыздар неге жылайды?» повесімен ентелеп емес, әдеппен келіп кірді. Курстасы, көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәдірбек Сегізбаев «Шіркін, Жұлдыздар неге жылайды?» режиссері табылса, қандай ғажап фильм шығар еді», – деп жазды «Егемен Қазақстанда». Кіл бір жүрек тербер монологқа құрылған лирикалық повесть бірден оқырман ықыласын туғызды. Баяғы бала күніндегідей хаттар қаптады. Мектепті алтын медальмен бітірген оқушы Зылиха Анабаева көз жасын тыя алмағанын жазса, оралдық оқушы М.Сәрсенбаева бұл кісінің шығармаларын оқығанда, Айтматов туындыларымен үндестігін аңғарғанын айтады. Кейде әріптестер оның ішінде қалыптасқан қаламгерлердің өзі жақауратып (бәлкім, ішкі рухани сараңдық), жалпылама айтқандарынан гөрі, қарапайым оқырманның пікірі шынайы шығып жататынына көз жеткізуге болады.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан суреткер әлі де жарау аттай. Түрлі бағыттағы ізденістерін сәтті жалғастырып жатыр. Оған әу бастан тосын тәсіл – көзқарастар, қайшылықтар жағдайында жұмыс істеу тән. Әдебиетте роман-эсседен бөлек соның ағайыны іспетті новеллалардан тұратын романдар бұрыннан бар. Мәселен. О.Гончардың «Тронка», О.Генридің «Корольдар мен капустасын» соған жатқызуға болады. Бүгінде Пернекең де түрлі оқиғалар мен мінездер жиынтығынан тұратын «Өмір-иірім» атты роман- мозаиканы аяқтап, баспаға тапсырды. Қайран Ақаң, курстасы Ақселеу Сейдімбек бірде бәзбіреулермен бас қосып, мазмұнсыз, мағынасыз сөздер белең алып, надандық исі шыға бастағанда «Пернебай елге кетіп, сендердің жолдарың ашылды ғой, ол Алматыға, осы ортаға керек еді» деп, рухани үрдістегі болмыс-бітімі бөлек әңгімені сағынып, қамыққан көңілін жасыра алмаған екен. Талант қайда да талант қой. Сол Пернекең ауылда жүріп те Алаштың ардақтысына айналды. Бұдан артық атақтың керегі бар ма?!

 

Қали СӘРСЕНБАЙ,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары.

«Қазақ әдебиеті» газеті,

09.10.2023 жыл.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support