- Advertisement -

Қаламгерлер лебізі

70

- Advertisement -

«Кішкентай генералдар» мен «Біз Төлепбек атай самолет командирі және Пальма» атты екі повесі де жас оқырмандарға үлгі боларлық, өзіндік ерекшелігі бар туындылар.Бұл шығармаларды, ең алдымен, бүлдіршіндерге арналған адамгершілік, азаматтық сабағы деп бағалаған абзал. Пернебай Дүйсенбин шығармалары идеялық, көркемдік қасиеттерімен ғана емес, шұрайлы тілімен де дараланады.

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ.

«МЕНІҢ ЖАНРЫМ – КҮНДЕЛІК»

Мен суретші Орал Таңсықбаев туралы жазылған эссесін оқығанда ерекше әсерде болдым. Пернебайдың суретшінің «Таң алдындағы ән» деп аталатын картинасы бойынша жасаған талдауы тым тартымды шыққан. Таң ауасындай мөлдір, тұнық көкке өрлей көтерілген ән әуенімен биік төбеге қарай баппен көтеріліп бара жатқан қазақ әйелдері туралы ойлары жүрекке еріксіз жылы сезім ұялатады. Сол кезде мен осыны жазған азаматтың да көкірек көзінде бір нұрлы сәуле бар екенін ұққандай болдым. Жансыз картинадан жанды сурет жасай білу де үлкен өнер.

Асанәлі ӘШІМОВ.

«ШУАҚ» ӘҢГІМЕСІ ЖӨНІНДЕ

Пернебай Дүйсенбиннің «Шуақ» әңгімесі шопандар өмірінен, соның ішінде Алғабай тіршілігінен сыр шертеді. Әңгімеде шопан Алғабай еңбек үстінде, не боранмен алысып, не қасқырмен жұлысып жүргені көрінбейді. Алғабайдың шаруашылық қамымен ферма орталығына келген бір күні ғана суреттелінеді. Бөлімше бастығы Арыстанға, бөлімше зоотехнигі Айтқұлға жолығады, майданда қаза тапқан жолдасы Тиышбайдың үйіне барады, оның кемпіріне де, баласына да жолыға алмай, басқа бір үйден тамақтанып отырғанда, Тиышбайдың баласы Қасым оны машинасына отырғызып жолға шығады. Бұны тіпті ауыз толтырып, «оқиға» деу де қиын. Бірақ Пернебай Дүйсенбин оқиға сараңдығынан залал шекпей, осы жұтаңдықты Алғабайдың болымсыз іс-әрекеттерін көрсете отырып, оның шын жөнінде қандай адам екенін танытуда үлкен шеберлік көрсеткен. Алғабайдың бүкіл харакетінен, сөйлеген сөзінен, үзік-үзік ойынан, автордың тек қана демеп, сүйемелдеп отыратын самарқау баяндауынан шопан ат а бірте-бірте қомақтанып, нағыз еңбек адамының сом тұлғасына айналады. Бір қарағанда тартыс та жоқ сияқты, бірақ бағдарлап үңілсең, талай жерде бой көтеруге ұмтылған тартысты Алғабайдың шынайы еңбек адамы ретіндегі рухы жеңіп, оны тұралатып тастап отырғанын аңғарасың. Пернебайдың бұл әңгімесін сәтті шыққан туындылар қатарына жатқызуымыз керек.

Сайымжан ЕРКЕБАЕВ.

«САЯТ» ПОВЕСІ ТУРАЛЫ

…Көргені мол, бала Саят қарау да қайырымсыз тірліктен жаны шошынып безенді.Шәріп атай сатып алып берген ақ тайқарды әкесінің атып салатын сәті Саяттың жан дүниесін ерен күшпен сілкіндірген.Әдемі де әсерлі суреттелетін ситуация. Әкесінің ашуы да, ақ тайқардың атылуы да, Саяттың күйзелісі де-бәрі дәлелді. Қысқасы, шығарманың шарықтау нүктесі бала оқырмандарды селқос қалдырмайтыны сөзсіз. Адам табиғаты мен пейілі оның тірлігіне байланысты, сол арқылы танылатынын П.Дүйсенбин балалар үшін дәлелді, нанымды бейнелеген.

Бекен ЫБЫРАЙЫМОВ.

Ал, біз қазіргі қазақ ертегісі қандай болуы керек деген сұрауға жауапты жас жазушы Пернебай Дүйсенбиннің «Сары Сөмке және оның достары» туралы ертегі атты повесінен таптық. Оның кейіпкерлері ертектен ертекке бір қалыпта аумай көшіп жүретін қу түлкі, аш бөрі, қорқақ қоян емес, аты өшіп қалған хан да, уәзір де, тазша бала да емес, кәдімгі күнде қолға ұстап мектепке апаратын Сары Сөмке, сурет салатын дәптер, бояу қарындаштар мен әуелете доп тебетін қонжық…. Повестің тілі де жатық. Кібіріктемей еркін оқуға оңтайлы. Автор бір тарауда Сары Сөмкені, енді бір тарауда бояу қарындашты, келесі тарауда сурет салатын дәптерді «сөйлетеді».Бірақ сюжет тұтастығының ара- жігі ажырамаған, композициялық құрылысы сәтті.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support