- Advertisement -

Көкөніске деген сұраныс артқан

21

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екенін айтқан болатын. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы айтқандай, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізетіні белгілі. Президент қожалықтар заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді дейді.

Бүгінде азық-түлік қорын жинап алу маңызды. Президент тапсырмасына сәйкес өңірде егістік көлемі ұлғайтылып, астық бастырылып, көкөніс пен бақша өнімдері жиналып, сақтауға заманауи қондырғылар орнатылған тоңазытқыштарға қойылуда. Бұл да аймақтағы азық-түлік пен көкөніс қорын сақтауға өз септігін тигізетіні анық. Жылыжайлардан алынған өнім де өңірдегі баға саясатының тұрақтануына оң серпін беріп отыр.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, биыл 386,1 мың гектар алқапқа масақты дәнді дақылдар орналастырылған. Оның ішінде арпа 210,6, бидай 175,5 мың гектар алқапқа орналастырылып, егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15 мың гектарға артқан. Бұл алқаптардан 362,8 мың тонна астық жиналып, қамбаға құйылған. Жалпы, оның әрбір гектарынан жиналған орташа өнім 9,6 центнерді құраса, бидай 10,4, арпа 8,9 центнерден айналған. Бүгінгі таңда аудандарда картоп пен пияз жинау науқаны қызып тұр.

– Биыл аймақта 11,3 мың гектар алқапқа картоп, 24,3 мың гектарға пияз орналастырылған. Қазір картоптың 10,7 мың гектары жиналып, қоймаларға 221,1 мың тонна картоп түсті. Облыс бойынша әрбір гектардан алынған орташа өнім 206,1 центнерді құрады. Аудандардың ішінде Сарысу мен Жуалы аудандарынан алынған өнім көлемі жоғары. Орта есеппен гектарына 242-260 центнерден айналуда. Пияз аймақтың бренді. Бүгінгі күні 22,7 мың гектар алқаптың өнімі жиналып, одан жиналған өнім 697,6 мың тоннаны құрап отыр.

Оның әрбір гектардан алынған орташа өнімі 306,4 центнерден айналуда. Өнімділігі жағынан алдыңғы орында Жамбыл мен Байзақ аудандары келеді. Жиналған өнім облыс тұрғындарының қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің бірқатар облыстарына және Ресейдің қиыр шығысынан бастап, Еуропа елдеріне экспортталуда, – дейді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, сәбіз бен қырыққабат та жиналуда. Биыл сәбіз 3 мың гектар алқапқа орналастырылған болатын. Қазіргі уақытта 1,7 мың гектары жиналып, 38,3 мың тонна өнім алынған. Гектарына орта өнім 222,9 центнерден айналуда. Сондай-ақ, 1,8 мың гектарға көшеттелген қырыққабаттың 1,7 мың гектары жиналып, 27,2 мың тонна өнім алыныпты. Орташа өнімі 157,3 центнерді құраған.

Көкөніс ішінде қияр мен қызанаққа деген сұраныс жоғары. Биыл облыста 2,9 мың гектарға қияр егіліп, одан 71,5 мың тонна, ал 4,8 мың гектарға отырғызылған қызанақтың 4,7 мың гектарынан 120,4 мың тонна өнім жиналды. Сонымен қатар, 5,9 мың гектар басқа да көкөніс дақылдарынан 108,2 мың тонна өнім алынды.

Айта кету керек, қазіргі уақытта картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, қызанақ дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support