Ең үздік жоба - жамбылдық жастардың еншісінде

Ең үздік жоба - жамбылдық жастардың еншісінде
ашық дереккөз
Ең үздік жоба - жамбылдық жастардың еншісінде
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасының 4-курс студенттері республикалық инновациялық жобалар байқауында бірінші орынды иеленді. Жас ғалымдарды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қабылдап, химия өнеркәсібінің алыбы саналатын Жамбыл облысының абыройын асқақтатқан студенттерді жеңісімен құттықтады. Жас ғалымдардың жетекшісі, «Химия және химиялық технология» кафедрасының меңгерушісі және PhD докторы Маржан Сейітқызы облыс намысын қорғаған студенттердің ауыл шаруашылығы қалдықтарынан және табиғи саздан мембраналық сүзгіні дайындау жөніндегі стартап-жобасы еліміздің түкпір-түкпірінен келген 90 жобаның ішінде ең үздік атанғанын жеткізді. Сондай-ақ, аталған жобамен қатар жас ғалымдарымыздың басқа да ғылыми идеяларын жүзеге асыру қажеттігін сөз етті. Облыс әкімі жас ғалымдармен кәріз тазарту құрылыстарын салу бойынша жобаларды және жоғары оқу орындары мен «Тараз химиялық паркі» АЭА ынтымақтастығының әлеуетін зерделеу бойынша бірқатар тапсырмаларды жүктеді. – Біздің түпкі мақсатымыз жас ғалымдар мен кәсіпкерлерді тарта отырып, ғылыми жобаларды табысты іске асыру. Бұл химия өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз, – деді Ербол Қарашөкеев. Ал, аталған оқу орнының ректоры Мұхтар Байжұманов оқу ордасының қызметі мен студенттердің жетістіктерін, шетелдік компаниялармен ынтымақтастығы жұмысы туралы баян етті. Аймақ басшысы облыста жаңадан бой көтеріп жатқан кәсіпорындардың сұраныстарын ескере отырып, кадр даярлау және жаңа мамандықтар ашу қажеттігіне тоқталды. Сөз соңында жақын арада аталған жоғары оқу орнының материалдық- техникалық базасымен, зертханаларымен танысу үшін арнайы баратынын айтты.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар