- Advertisement -

Жер қойнауын игеру үшін жер учаскелерін беру туралы

83

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындаған тапсырмасына сәйкес, елімізде Minerals.gov.kz жер қойнауын пайдалану платформасы әзірленді. Оны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дайындады.

Платформа геологиялық ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, лицензиялық учаскелерді бөлуге, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігі мен қызметінің мониторингін қалыптастыруға арналған.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 32-бабына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіруге, жер қойнауы кеңістігін пайдалануға немесе кен іздеушілікке арналған лицензияның болуы жер учаскесін дереу беру үшін негіз болып табылады.

Жер қойнауын пайдалануға жер учаскесіне құқық беру ҚР Жер кодексінің 43-бабымен рәсімделеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысында 19 жер қойнауын пайдаланушыға 3031,1 га жер учаскесі берілсе, осы жылы 11 жер қойнауын пайдаланушыға 225,1 га жер учаскесі беріліп отыр.

Бұрын геологиялық есептерді зерттеуден бастап лицензия алуға және жыл сайынғы есептерді ұсынуға дейінгі барлық үдеріс қағаз жүзінде жүргізілді. Сонымен қатар, оны тексеру үшін деректердің жеткіліксіздігіне байланысты бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен қателік орын алғаны да есімізде. Енді жер қойнауын пайдаланушылар мен әлеуетті инвесторларға іргелес инфрақұрылымнан бастап, геологиялық және геофизикалық есептерге дейінгі электрондық форматта сұралған учаске туралы толық мәлімет қолжетімді болады.

Платформада қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге өтінімдерді қабылдау, қарау және лицензия беру жұмыстарын жүргізу басталды. Бұған қоса онлайн қабылдаумен бірге, тіпті қағаз түріндегі өтінімдер де тіркеледі. Осылайша, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексте көзделген «бірінші келген – бірінші алады» қағидаты бойынша жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауына қол жеткізу құқығын сақтаудың ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Қазіргі таңда жаңа функцияларды әзірлеу мен алдағы уақытта жоспарланған өнеркәсіпке енгізуге дайындық пен жер қойнауын пайдаланушыларды оқыту және платформа жұмысын көрсету жүргізіліп жатыр. Бұл ретте әзірлеушілер сервистерді одан әрі дамытуда ескерілетін функционалды жақсарту және дамыту жөнінде ұсыныстар жинауды жүзеге асырады.

Платформаның автоматтандырылған құралдары табиғатты пайдалану қақтығыстарын бірден көрсетеді. Пайдаланушылардың заңнамаға сәйкес барлау немесе өндіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген немесе тыйым салынған учаскелерді бір терезе арқылы қарауға және таңдауға мүмкіндігі болады.

Платформаға 30 мың геологиялық есеп жүктелген. Биыл кем дегенде 24 мың есепті зерделеу картасын толықтыру жоспарланған. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық-келісімшарттық талаптарының орындалуын мониторингілеу бойынша жаңа функциялар әзірленеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін бұл жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігі жүзеге асырған болатын. Кейін жоба Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілді.

 

Ермек КАРЕНТАЕВ,

облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support