Өмір жолы өнермен өрнектелген

Өмір жолы өнермен өрнектелген
ашық дереккөз
Өмір жолы өнермен өрнектелген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет – отбасынан басталатынын және бiздiң қоғамда негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отырғандығын атап өтуіміз керек. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен қатар оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын насихаттау, аға ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни, балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті. Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқаруы, бір-бірін құрметтеп, сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Отбасынан тыс та тәрбие бар. Қазақ «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас, көршілес бол», – дейді. Біз сыйластығы жарасқан, өсіп-өнген, көпке үлгі боларлықтай отбасы Есенбаевтар әулетінің шаңырағына арнайы барып, өнегелі өмірлері жайында сұхбаттасып қайтқан едік. Отбасының тірегі Нағызбек Есенбаев та, отанасы Қалбике Бекмұрзаева да қырық жылға жуық мәдениет саласында жемісті еңбек етіп, бүгінде екеуі де бейнетінің зейнетін көріп отырған аяулы жандар. Нағызбек Есенбаев 1950 жылы Жуалы ауданына қарасты Орақ-Балға ауылында дүниеге келген (Қазіргі «Момыш» бұлағының орнында). Әкесі Әбдірасыл Есенбаев ұстаздық қызмет еткен және Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Соғыстан оралған соң, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шаян ауданындағы Бурылсай мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болған. Ал, анасы Түймекүл Есенбаева Шаян ауданындағы Боралдай мектеп интернатында бірнеше жылдар бойы жұмыс істеген. Олар туған жерге, нақтырақ айтқанда Көлбастау ауылына 1971 жылы қайта қоныс аударады. Отбасының тұңғышы саналатын Нағызбек ата бес ағайынды. Нағызбек Есенбаев жары Қалбике Бекмұрзаевамен аудандық мәдениет үйінде жұмыс істей жүріп танысады. Жігіт ағасы «Қызғалдақ» ән-би ансамблінде ұрмалы аспапта ойнаса, жас ару осы ансамбльдің бишісі болған, театрландырылған сахналық көріністерде әртістік шеберлігімен көзге түсе білген екен. Көп ұзамай екеуінің дәм-тұзы жарасып, 1977 жылы шаңырақ көтереді. «Біздің әкемізбен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы өте жақсы араласатын. Сондықтан, біздің үйлену тойымызға батыр Бауыржан Момышұлының өзі келіп қатысып, ақ батасын беріп кеткен еді», дейді Нағызбек ата. Бүгінде екеуінің отандасқандарына 46 жыл толады. Отанасы Қалбике Бекмұрзаева 1956 жылы Шақпақата ауылында дүниеге келген. Осындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектепті тәмамдаған. Ол Тараз қаласындағы Мәдени-ағарту училищесін бітірген. Осылайша ол 1977 жылы аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Алғашында автоклуб меңгерушісі, кейіннен әдіскер, режиссердың ассистенті, мәдениет үйінің директоры болып та жүйелі қызмет атқарған. Сонымен қатар, аудандық балалар кітапханасында да жұмыс істеген. – Ол заманда жұмыс мүлде басқаша еді, – деп бастады сөзін Нағызбек ата. – Темірдей тәртіп еді. Басшының айтқанын екі етпей, тапсырылған жұмысқа тиянақты әрі аса жауапкершілікпен қарайтынбыз. Ол кезде, сахнаны безендіруге жауап беріп, сахнаға ілінетін жазудың барлығын қолмен, түн ортасы ауғанша жазатын едік. Біз уақытқа қарамайтынбыз. Жалақымыз аз деп те айтпайтынбыз. Кеңес дәуірінде айлығымыз 110-115 рубль болатын. Кейіннен 20-30 мың теңгеге дейін көтерілді. Жұмысты беріліп істейтініміз сонша, артық әңгіме айту, жұмысқа шағымдану дейтін болмайтын. Қосымша аудандық орталық кітапханада суретші болып та жұмыс істедім, – дейді Нағызбек Әбдірасылұлы. Адалдық пен шыншылдықты, тура жолда жүруді басты орынға қоятын Нағызбек ата мен Қалбике апаның үш ұлы бар. Барлығы жоғары білімді, еңбекқор жандар. Үлкен ұлы Айдар Тараз қаласында көлік жөндеу, сырлау жұмыстарымен айналысады. Ал, ортаншы ұлы Жандар және кіші ұлы Бағдат Тараз қаласында заңгер болып қызмет атқарады. Айдар мен Жандар ұлдарынан Саят, Әсем, Ерзат есімді немерелері бар. Келіндері Гүлбану мен Лаура Тараз қаласында есепші болып жұмыс істейді. Ұлағатты жандардың ендігі арманы – кенже ұлдары Бағдатты үйлендіріп, келін түсіру болып отыр. Қалбике апаның айтуынша, бала тәрбиесіне келгенде қаталдық танытпаған. Бірақ, барлық баланы барынша тәрбиелі, еңбекқор, адал болуға баулығандығын айтады. – Ата-ананың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, іс-әрекеттерінің барлығы да бала үшін үлгі. Осы негізде бала алдында ата-ана өте байсалды, сабырлы болып, жақсы тәрбие көрсетуі керек. Заманға сай отбасында бала тәрбиелеу аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өмірге келген нәрестеге ана махаббаты мен кіршіксіз таза көңілі ауадай қажет. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Сондықтан да бала тәрбиесіне қазіргі ата-аналардың атүсті қарамағаны дұрыс. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев былай деген екен: «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн». Әлі күнге дейін, балаларым үйлі болса да, хабарларын біліп, ақылымызды айтып отырамыз, – дейді Қалбике апа. Бүгінде зейнетке шыққан Нағызбек Есенбаев пен жары Қалбике Бекмұзаева қартайдық деп, құр қарап отырған жоқ. Үйдің маңына еккен бақшасы көздің жауын алатындай жайқалып тұр. Мұнда қырыққабат, картоп, қияр, қызанақ сияқты тағы да басқа көкөністер егілген. Барлығы да өз жемісін берген. Ендігі кезекте піскен дақылдардан банка жауып алмақ ниетте. Иә, ата-ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеу – әр ата-ананың арманы және борышы екені даусыз. Ал, бүгінгі біздің әңгімелеп отырған отбасының татулығына, ұйымшылығына және өзара жарасымдылығына сүйсініп қайттық.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар