- Advertisement -

Жер сілкінісі кезінде сақтық шараларын сақтай білейік

28

- Advertisement -

23 қаңтарда Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 километр жерде эпицентрі Қырғызстан мен Қытай шекарасында орналасқан жер сілкінісі тіркелген болатын. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Алматыда 5, Шымкентте 2-3 балл дүмпу болды. Жер сілкінісі Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарының тұрғындарына да байқалды. Сейсмология институтының ресми деректеріне сәйкес, біздің облыстың аумағында 3 балға дейін серпіліс сезілді.

Күшті жер сілкінісінен кейін қазақстандық сейсмологтар ондаған афтершоктарды тіркеген. Мұндай кішігірім дүмпулер екі аптадан бір айға дейін созылуы мүмкін, дейді мамандар. «Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына таяу арада қуатты жер сілкінісі болмайтынын ескерткім келеді. Қаланың және бірқатар облыстардың тұрғындары сезген дүмпулер – Қытай және Қырғызстан аумағында болған қуатты жер сілкінісінің салдары. Орталық Азияның барлық елі – Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан мемлекеттерінің халықтары бұл дүмпулерді сезінді. Қазіргі уақытқа дейін оннан астам афтершок тіркелді. Бұдан кейін сейсмикалық қозғалыстар азаяды. Алаңдауға ешқандай негіз жоқ», – деді Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығының басшысы Дәулет Сәрсенбаев.

Жер сілкінісі – бұл жер қыртысында пайда болатын және серпінді тербелістер түрінде ұзақ қашықтыққа берілетін жерасты дүмпулері мен тербелістер. Сейсмикалық толқындар тарайтын Жер қыртысындағы нүктені жер сілкінісінің гипоцентрі деп атайды. Жер сілкіну гипоцентрінің ең қысқа қашықтықтағы жер бетіндегі орны эпицентр деп аталады. Жер сілкінісінің қарқындылығы 12 балдық сейсмикалық шкала (MSK-86) бойынша бағаланады, жер сілкіністерінің энергетикалық сыныптамасы үшін магнитуда пайдаланылады. Шартты түрде жер сілкіністері әлсіз (1-4 балл), күшті (5-7 балл) және жойқын (8 және одан да көп балл) болып бөлінеді. Мәселен, Қазақстан жер аумағының 40 пайызы сейсмологиялық қауіпті аймақта орналасқан. Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Абай, Жетісу облыстары, Алматы және Шымкент қалаларымен қатар, Жамбыл облысы да қатты зілзала болуы мүмкін аймаққа жатады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, Тараз қаласы мен облыстың 8 ауданы (Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Талас, Қордай) 7-8 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін аймақта орналасқан. Ал өңірде қатты жер сілкінісі бола қалған жағдайда, тұрғындар паналай алатын 289 эвакуациялық орын бар. Сондай-ақ, қатты зілзала бола қалған жағдайда халықты қорғау үшін, сонымен қатар құтқарушыларды лезде жұмылдыру үшін нақты іс-шаралар жоспары әзірленген. Қуатты жер сілкінісі қаупі төнген және туындаған жағдайда ол туралы хабарлау теле-радиоарналар, интернет ресурстар, әлеуметтік желілер, ұялы операторлар және «Darmen» тегін қосымшасы арқылы жүргізілетін болады. Сондай-ақ, хабарландыруға дауыс зорайтқыш құрылғылар қолданыла отырып, патрульдік қызметтер тартылады.

Дегенмен, «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, тұрғындар қандай жағдайға да дайын болғаны жөн, дейді мамандар. Сондықтан, төтенше жағдайлар департаменті халыққа жер сілкінісі кезінде өзін және жақындарын қорғау үшін алдымен не істеу керектігін білу маңызды екенін еске салады. Сонымен…

ЖЕР СІЛКІНІСІНЕ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛУ КЕРЕК?

Жер сілкінісі кезінде үйде, жұмыста, кинода, театрда, көлікте және көшеде болған кезде іс-қимыл жоспарын алдын ала ойластырыңыз. Отбасы мүшелеріне жер сілкінісі кезінде не істеу керектігін түсіндіріп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін үйретіңіз.

Құжаттарды, ақшаны, қалта шамын және қосалқы батареяларды ыңғайлы жерде сақтаңыз. Үйде бірнеше күнге жететін ауыз су мен консервілер сақтағаныңыз абзал. Төсектерді терезелер мен сыртқы қабырғалардан алшақ орналастырыңыз. Пәтерлердегі шкафтарды және сөрелерді бекітіңіз, ал жоғарғы сөрелерден ауыр заттарды алыңыз. Қауіпті заттарды (улы химикаттарды, тез тұтанатын сұйықтықтарды) сенімді, жақсы оқшауланған жерде сақтаңыз.

Барлық тұрғындар қажет болған жағдайда электр, газ және суды өшіру үшін ажыратқыштың, магистральдық газ және су шүмектерінің қайда екенін білуі керек.

ЖЕР СІЛКІНІСІ КЕЗІНДЕ ЖАСАЛАТЫН ӘРЕКЕТТЕР

Ғимараттың тербелгенін сезіп, шамдардың шайқалғанын, заттардың құлағанын көріп, шынының сыңғырын естіп, үрейленбеңіз (алғашқы дүмпулерді ғимарат үшін қауіпті тербелістерге дейін сезген сәттен бастап сізде 15-20 секунд бар). Құжаттарды, ақшаны және қажетті заттарды алып, ғимараттан тез шығыңыз. Үйден шығарда лифтімен емес, баспалдақпен түскен дұрыс. Көшеге шығып кетсеңіз, сол жерде болыңыз. Бірақ ғимараттардың жанында тұрмаңыз, қауіпсіз ашық кеңістікке барыңыз.

Сабырлы болыңыз және басқаларды тыныштандыруға тырысыңыз. Егер сіз бөлмеде қалуға мәжбүр болсаңыз, онда қауіпсіз жерде тұрыңыз – ішкі қабырғаға, бұрышқа, ішкі қабырға саңылауына немесе тірек тірегіне. Мүмкін болса, үстелдің астына жасырыныңыз, ол сізді құлаған заттар мен қоқыстардан қорғайды. Терезелер мен ауыр жиһаздардан алшақ тұрыңыз. Егер сізбен балалар болса, оларды өзіңіздің денеңізбен жабыңыз.

Шамдарды, сіріңкелерді пайдаланбаңыз, газ шыққан кезде өрт шығуы мүмкін. Балкондар мен үзілген сымдардан алшақ болыңыз. Егер сіз автомобильде болсаңыз, ашық жерде болыңыз. Бірақ, дүмпулер тоқтағанша көліктен шықпаңыз. Басқа адамдарды құтқару кезінде көмек көрсетуге дайын болыңыз.

ЖЕР СІЛКІНІСІНЕН КЕЙІНГІ ӘРЕКЕТ ТЕ МАҢЫЗДЫ

Мұқтаж адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетіңіз. Жеңіл алынатын үйінділерге түскендерді босатыңыз. Сақ болыңыз, балалардың, науқастардың, қарттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіз. Оларды тыныштандырыңыз. Аса мұқтаждық болмаса телефон желісін бос ұстаңыз. Радиотрансляцияны қосыңыз. Жергілікті биліктің, табиғи апат салдарын жою жөніндегі штабтың нұсқауларына бағыныңыз.

Электр сымдарының зақымданғанын тексеріңіз. Пәтердегі ақаулықты жойыңыз немесе электр қуатын өшіріңіз. Есіңізде болсын, қатты жер сілкінісі кезінде қаладағы электр қуаты автоматты түрде өшеді.

Газ және су құбырларының зақымданғанын тексеріңіз. Ақаулықты жойыңыз немесе желілерді ажыратыңыз. Ашық отты пайдаланбаңыз. Баспалдақпен төмен түскен кезде абай болыңыз, оның беріктігіне көз жеткізіңіз.

Анық зақымдалған ғимараттарға жақындамаңыз, оларға кірмеңіз. Күшті қайталанатын соққыларға дайын болыңыз, өйткені жер сілкінісінен кейінгі алғашқы 2-3 сағат ең қауіпті. Ғимараттарға қажеттілік туындамаса кірмеңіз. Мүмкін қайталанатын дүмпулер туралы ешқандай қауесет жасамаңыз немесе бермеңіз. Ресми ақпаратты пайдаланыңыз. Егер сіз үйіндіде қалсаңыз, жағдайды тыныш бағалаңыз, мүмкіндігінше өзіңізге медициналық көмек көрсетіңіз. Үйіндінің сыртындағы адамдармен байланыс орнатуға тырысыңыз (дауыспен, қағып). Есіңізде болсын, от жағуға болмайды, құбырлар мен батареяларды сигнал беру үшін пайдалануға болады. Күшіңізді үнемдеңіз, адам жарты айдан астам уақыт тамақсыз жүре алады.

«ДАБЫЛ ДОРБАСЫ» ДАЙЫН БА?

«Дабыл дорбасы» – құтқарушылар келгенге дейін немесе жер сілкінісі, су тасқыны, өрт және басқа да төтенше жағдайларда аман қалуға арналған заттардың негізгі жиынтығы деп аталады. ТЖД мамандары әрбір азамат үйінде «дабыл дорбасын» дайындап қоюы керек дейді. Оқыс оқиғадан ешкім сақтандырылмаған. Төтенше жағдай туралы дабыл кез келген сәтте, кез келген жерде қағылуы мүмкін. «Дабыл дорбасы» әрқашан дайын болуы үшін бұған алдын ала дайындық жасаңыз. Бұған төтенше жағдайда қолдануға болатын заттар кіреді.

«Дабыл дорбасы» құжаттардан, ақшадан, алғашқы медициналық көмек жинағынан, үш күндік тамақтан, ауыз сумен және бірнеше күндік тағамнан, консервілерден, жоғары құнарлы тағамдардан, гигиеналық құралдардан, жылы киімдерден, көрпеден, керек-жарақтардан (радио, фонарь, батареялар, сіріңкелер, құралдар, ысқырық) тұрады. Ол төтенше жағдай кезінде сіздің өміріңізді сақтаудың басты құралына айналады. Сол себепті әр азаматтың төтенше жағдайға және одан кейінгі әрекетке дайын болғаны жөн.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті егер сіз төтенше жағдайға тап болсаңыз және сізге өрт сөндірушілердің немесе құтқарушылардың көмегі қажет болса, барлық шұғыл қызметтерді «112», «101» бірыңғай телефон нөмірлері арқылы шақыруға болатынын еске салады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support