- Advertisement -

Мал қыстау – маңызды науқан

126

- Advertisement -

Мал қыстату – маңызды науқан. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте науқанға дайындық жан-жақты қаралды. Жалпы, облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан алдағы мал қыстату кезеңіне 2 миллион 21 мың тонна пішен, 83,3 мың тонна пішендеме, 390 мың тонна сабан дайындаған. Сонымен қатар, өткен жылдан қалған қолда бар мал азығы 250,7 мың тонна пішенді құрайды.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, өңір бойынша биылғы жылы 218,8 мың гектар алқапқа мал азығы дақылдары орналастырылған. Оның 4,1 мың гектары сүрлемдік жүгері, 27,9 мың гектары біржылдық шөп, 186,8 мың гектары көпжылдық шөп. Бұдан бөлек, 353 мың гектар шабындық жер шабуға белгіленген.

Айта кетейік, биылғы жылғы бірінші тамыздағы ақпаратқа сәйкес, облыста мүйізді ірі қара саны 562 мың басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 105 пайызға, қой мен ешкі саны 4 миллион 95 мың басқа жетіп 106,7, жылқы саны 196 мың басты құрап 109,1, түйе 8,6 мың басқа жетіп 102 пайызды құраса, құс саны 1 миллион 993 мың басты құрап, 100,6 пайызға артқан.

– Қыстауға түсетін мал санына қарай барлық санаттағы шаруашылықтарға 513 мың тонна құнарлы жем және 2 миллион 69 мың тонна пішен, 87 мың тонна пішендеме, 81 мың тонна сүрлем, 439 мың тонна сабан қажет. Қазіргі таңда қыс мезгіліне мал азығын дайындау жұмыстары қызу жалғасуда. Бүгінгі күнге қосымша бөлінген шабындықтарды қоса алғанда 407,4 мың гектар жер шабылды. Оның ішінде 185 мың гектар көпжылдық шөп, 133 мың гектар табиғи шөп орылды. Әзірге пішен жинау жоспары 98 пайызға, пішендеме 96 пайызға, сабан жоспары 89 пайызға орындалып отыр, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, жиында биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлінгендігі айтылды. Бүгінге дейін 2 511 тауар өндірушіге 4,8 миллиард теңге субсидия төленіп, бөлінген қаржының 91 пайызы игерілген.

Облыс әкімі қысқы мал азығын қалыптастыруға «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған кооперативтер барынша атсалысу керектігін атап өтті. Аталған жоба аясында жыл сайын мал саны артып келе жатқанын ескерген аймақ басшысы, құнарлы жер мәселелесін шешудің маңыздылығына назар аудартты.

Сонымен қатар, жауаптыларға қажет болған жағдайда Мойынқұм ауданындағы шабындық қорын тиімді игеру жұмыстарын ұйымдастыруды, қыркүйек-қазан айларында құмдағы шаруалардың мал қыстатуға дайындығын тексеріп шығуды тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімінің Қордай ауданына жұмыс сапары, халықпен кездесуі барысында және жеке азаматтарды қабылдауында берілген тапсырмалардың орындалуы, әлеуметтік желідегі кері байланыс мәселелері қаралды. Ол бойынша облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Жандарбек Әбдіхалықов, облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков және облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы баяндама жасады.

Нұржан Нұржігітов азаматтардың барлық өтініштері заң аясында сапалы орындалу керектігін айтып, аудандармен қатар, басқармалардың да әлеуметтік желідегі тұрғындармен кері байланысын зерделеуге қатысты нақты міндеттер жүктеді.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support