- Advertisement -

Көтерілген мәселе шешімін тапты

92

- Advertisement -

Елімізде биліктің халықпен тығыз байланыс орнатып, түйінді мәселелерді оңтайлы шешудің тиімді тәсілдері қолданылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің халықпен кездесіп, пікірлесіп отыруын тапсырған болатын. Артынша, Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» Жарлығы шықты.

Құжатта: «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», деп жазылған. Бұл тапсырма облысымызда жүйелі түрде жүзеге асып отыр. Олай деуіміздің дәлелі, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауыл-аймақтарға барған іссапарында жалпылама жүздесуден соң азаматтарды жеке қабылдауын айтуға болады. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан айтылған мәселелерді аймақ басшысы жауапты тұлғаларға тапсырып, ары қарай мәселенің оңтайлы шешілуін назарда ұстайды. Мәселен, жақында Т.Рысқұлов ауданының Тереңөзек ауылына халықпен кездесуге барған облыс әкімі азаматтарды жеке сауалдарымен қабылдаған болатын.

– Елдің абыройын арттырып, атын әлемге танытып жүрген өнерпаздар да, спортшылар да ауылдан шығады. Ал, балаларды жастай спортқа баулу үшін спорт кешендері ауылдарда салынса, құба-құп. Біздің Тереңөзекте де спортты сүйетін балалар бар, бірақ олар жаттығатын орын жоқ. Сондықтан, ауылға спорт кешенін салуға ықпал етсеңіз, жастарымыз бос уақытын тиімді өткізетін орынға айналар еді. Болашақта жемісін бүкіл ел болып көретініміз анық, – деді қабылдауда болған ауыл тұрғыны Камшатбек Ембердиев.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жергілікті әкімдікке спорт кешенін салуға жер телімін қарастырып, қажетті құжаттарын рәсімдеуді тапсырып, орындалуын бақылауға алған. Бүгінде жер телімі таңдалған. Сметалық құжаттары жасалып, құжаттар рәсімделіп жатыр. Ауыл әкімі Қанат Смат «Спорт кешенін салу жобасының құжаттары биыл толық сараптамадан өтсе, келесі жылы құрылыс жұмысын бастайын деп отырмыз», дейді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support