«ECOLOGY IANDING» су арнасын кеңейтпек

«ECOLOGY IANDING» су арнасын кеңейтпек
ашық дереккөз
«ECOLOGY IANDING» су арнасын кеңейтпек
Меркі аудандық Жастар ресурстық орталығы жаңа жобаны қолға алды. Жоба экологияны қорғап, су мөлшерін арттыруды көздейді. «ECOLOGY IANDING» атты жобаның ашылу салтанаты Асанбай Асқаров атындағы орталық стадионда Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Салтанатты жиында аудандық ардагерлер алқасы төрағасының орынбасары Мелісхан Жұматаев ауыл экологиясына жанашыр жастардың қатары көбеюіне тілектестігін білдіріп, патриотты тұлғалардың еліне, Отанына деген ерекше ілтипатына тоқталды. Жаңа іске сәттілік тіледі. Өз кезегінде Меркі ауданы әкімі орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Нұрсұлтан Нәрікбаев жобаның ашылуымен құттықтап, жас буынның тың бастамасы жемісті боларына сенім артты. Жастардың идеологиясы нық қалыптасып, экологиялық шиеленістердің оңтайлы шешілуіне септігін тигізер бастамалар мен жобалардың көбеюін тіледі. Жобаның бастамашы жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жауынгерлеріне алғысын білдірді. Аудандық мәслихат аппаратының басшысы Досеке Тұрар табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны қорғап, айналамыздағы экологияны таза ұстауға шақырды. Әрі қарай жоба авторы Жансая Өсербаева алдағы уақытта жоба аясында ауданның ауылшаруашылық саласында су мөлшерінің көбейіп, он төрт ауылдық округте орналасқан елді мекендердегі өзен-көл арналарының бұлақ көздерінің тазаратынын, сондай-ақ, ауыл экологиясына деген сүйіспеншілігі бар экодесантшы жастар санының артатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, жобаның жүзеге асуына өзіндік үлестерін қосқан демеушілерге, атап айтқанда Нұрбол Сұлтаналиев, Расул Маллабаев, Мэлс Рахишовқа алғысын білдірді. Жобаның ашылу салтанатында ауданның ақсақалдары меркілік экодесантшы жастармен бірге бұлақ көздерін ашып, санитарлық-тазалық жұмыстарын жұмыла атқарды.  

Жансая ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» маманы.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар