- Advertisement -

Министр шаруалармен кездесті

99

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев облысымызға жұмыс сапарымен келіп, Меркі ауданындағы «Мыхан Орда» серіктестігінің егістік алқабымен танысты. Одан кейін облыстағы шаруа қожалық басшыларымен кездесті.

Биылғы құрғақшылық салдарынан қызылша алқаптары зиян шегіп отыр. Оған су тапшылығы да себеп болған. Осыған орай, министр су тапшылығынан зардап шеккен егін алқаптарын да арнайы көрді.

«Мыхан Орда» шаруа қожалығы биыл 480 гектар алқапқа қызылша орналастырған болса, су тапшылығы мен көктемгі ауа райының қолайсыздығынан 450 гектар алқап жарамсыз күйге түскен. Министр өңірдегі шаруа қожалық басшыларымен кездесу барысында су тапшылығы мәселесімен таныс екенін, бұл мәселе бойынша Үкімет тарапынан қолдау көрсетілетіндігін атап өтті.

– Алдымен су тапшылығына байланысты төтенше жағдай жариялау мәселесін шешеміз. Сонымен қатар, төтенше жағдай жарияланатын болса, резервтен қаражат бөлініп, шығындарыңыз есептеліп, өтеп берілетін болады, – деді министр.

Ербол Қарашөкеев шаруалардың ұсыныстарын тыңдап, олардың өтініштерін назарға алды. Аталған шаруашылықтың директоры Мақсұт Несіпбаев күзгі өнім жинау науқанына қазірден дайындық керектігін, бұл ретте, қант зауыты әлі күнге дейін шаруалармен келісімшарт жасамағанын жеткізді.

Сонымен қатар, министрмен болған кездесуде жергілікті шаруалар қызылша тұқымына, сонымен қатар, әртүрлі фитосанитариялық дәрі-дәрмектерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, субсидия берілсе деген өтініштерін жеткізді. Бұдан бөлек, жанар-жағармайдың бағасына қатысты да шаруалар өз ұсыныстарын білдірді.

Ауыл шаруашылығы министрі шаруалардың өтініштерін назарға алып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Жалпы, Меркі ауданында осы жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл шаруашылығы саласында 9 753 миллион теңгенің, егін шаруашылығында 1 206,6 миллион теңгенің, мал шаруашылығында 8 546 миллион теңгенің өнімі өндірілген.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 1,6 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 1,1 миллиард теңге инвестиция салынған.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support