Тараздық тұрғындар қоныстойын тойлады

Тараздық тұрғындар қоныстойын тойлады
ашық дереккөз
Тараздық тұрғындар қоныстойын тойлады
Елімізде қолжетімді тұрғын үй мәселесін қарқынды дамытуға үнемі баса назар аударылып келеді. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында «Ұлы дала» шағынауданынан жаңа пәтер кілттері тұрғындарға салтанатты түрде тапсырылды. Айта кету керек, жаңа пәтерлер көпбалалы және толық емес, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 20 отбасына берілді. Тұрғындарды қоныс тойымен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков құттықтады. – Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен баянды жобалар бағдарын тауып, бұқара баспана бақытына кенелуде. Жылда тұрғын үй құрылысына қомақты қаражат қаралып, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып келеді. Оның шарапатын ел тұрғындарымен қатар, жамбылдықтар да көруде. Соңғы онжылдықтың бедерінде Тараз қаласында жаңа шағынаудандар бой көтеріп, тұрғын үй саны арта түсті. Жалпы, соңғы төрт жылда қаламызда 5800 пәтер берілсе, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 3844 азамат баспаналы болды, ал, пәтер кезегінде тұрған азаматтарға 1956 пәтер берілді, – деді Бақытжан Әмірбекұлы. Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, биыл қала аумағында 42 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 2 820 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге 460 пәтерлі 6 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілуде. Сондай-ақ, салтанатты рәсімде «Отбасы банк» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев тұрғындарды көптен күткен қуанышымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Нұрлан Ақшановтың айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған қабылданған тұжырымдамасына сәйкес, «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізілген. Енді «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар», «I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар» санаттары бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған қазақстандықтар да бағдарламаға қатыса алады. Өз кезегінде жаңа пәтердің иелері де қуаныштарын жасыра алмай, алғыстарын жеткізді.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар